Ұлағатты ұстазға арналған турнирдің болашағы бар

Өткен аптада Ақмола облысының әр түкпірінен келген 150-ге жуық спортшы Көкшетауда өткен еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Қайрат Бекеновты еске алуға арналған мектеп оқушылары арасныдағы ашық облыстық шахмат турниріне қатысты. Іс-шараның салтанатты ашылуынақоғамдық жұртшылық өкілдері,  марқұмның туыстары мен достары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері жиналды.

Турнирдің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – Қайрат Қалымұлының қызы,үздіксіз білім беру институтының директоры, PhD докторы, профессор Әсел Қалымова. Жарысқа Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай, Зеренді аудандарынан, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданынан мектеп оқушылары келді. Жарыс Швейцария жүйесі бойынша өтті. Турнир ұлдар мен қыздар арасында жеке есепте жеті ойыннан тұрды. Бұл турнирдің тарихы 6 жыл бұрын Қайрат Бекеновтың кіші Отаны Қоныспай ауылында қызы мен күйеу баласының күш-жігерінің арқасында шахмат кабинеті ашылып, сол жолы Зеренді ауданының мектеп оқушылары арасында алғашқы турнир өткізілген кезден бастау алып келеді.

−Бұл мерейтойлық бесінші турнир. Әкем ұзақ жылдар жергілікті Абай орта мектебін басқарды. Бұл мектепте мен де оқыдым. Әкем шахматты өте жақсы көретін. Сол себепті мектеп директорынан жыл сайын осы кабинетті өзім ұстап тұру шартымен орын бөлуді сұрадым. Нәтижесінде шахмат кабинеті ашылды, ол қазір әкемнің есімімен аталады. Жыл сайын біз турнирді сол жерде өткізіп келсек, биыл алғаш рет Көкшетауда, облыстық деңгейде ұйымдастыруға қол жеткізіп отырмыз, −деді Әсел Қалымова.

Қайрат Бекеновтың жұбайы Бақтикамал Сахариева да еңбегі сіңген педагог, 50 жылдан астам педагогикалық өтілі бар, химия пәнінен облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың көптеген жеңімпаздарын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.

−Қайрат жақсы шахматшы ғана емес, озық оқытушылардың бірі болды. Мектеп директоры болып жұмыс істеп, жастардың бірнеше ұрпағын тәрбиеледі. Бос уақытында гір спортымен, күреспен айналысты, өзін жан-жақты дамытумен болды. Мен бүгінгі іс-шараны пайдалана отырып, өскелең ұрпақ тек үлкен белестерден ғана көріне берсін деп айтқым келеді. Жарысқа қатысушыларға еліміздің шахмат ойынын дамытуға елеулі үлес қосып, атақты спортшылардың қатарына кірулерін тілеймін,−деді жиналғандарғақарата, Қайрат Бекеновтың балалық шағындағы досы Ахметжан Қожахметов.

Зеренді ауданынан жарысқа әр түрлі жас санаттарындағы үш команда қатысты. Сондай-ақ, Осиповтар әулетінің екі баласы– жеті жасар Егор және тоғыз жасар Ярослав та Щучинск қаласынан осы турнирге келді. Ата-аналары балаларға жастайынан шахмат ойнауды үйреткен екен.

−Бұл үйдегі бастама. Біз оны сынап көрдік, ол нәтиже бере бастады. Осы турнирдің өтетінін біліп, тек отбасында ғана емес, өз жасындағы басқа балалармен де ойнасын деп шештім,−дейді балалардың әкесі Дмитрий Осипов.

Турнир соңында үздіктер анықталды. Бұлар 1-2 сыныптан Мирас Рахмет пен Алина  Жылқайдарова, 3-4 сыныптанАйтуар Еркеш, Камила Бүркітбаева, 5-6 сыныптан Бейбарыс Мамыров, Алуна Әубәкірова және 7-9 сыныптар арасынан Алисат Қасенов. Олардың барлығы да Көкшетау қаласының жас тұрғындары.Жалпы командалық есепте бірінші  орынды облыс орталығының №2 мектеп-лицейінің, екінші орынды № 6 мектеп-лицейінің командалары иеленді. Ал, №3 Мәлік Ғабдуллин атындағымектеп-гимназиясының шахматшылары үшінші орынды қанағат тұтты.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар