– Көкшетауда тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінің балконында газ плитасын жағу кезінде жарылыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға облыс орталығындағы Наурызбай батыр көшесі 130 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйде болған.
«Оқиға орнына барған ТЖД қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің екіншісі қабатындағы балконда газ-ауа қоспасының жарылғанын анықтады. Шақырту орнына ТЖД жеке құрамынан 18 адам және арнайы өрт сөндіру техникасы тартылды. Зардап шеккендер жоқ», — деді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Көкшетау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Максим Шатковский.
Осы ретте, Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалуға болады.
Айта кетсек, көпқабатты тұрғын үйдің екіншісі қабатындағы балконда газ-ауа қоспасының жарылысы әлеуметтік желіде жарияланған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында жол апатынан жүргізуші көз жұмып, екі адам ауруханаға түскенін жазған едік.