Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғалымның ғибратты жолы - АРҚА АЖАРЫ

Ғалымның ғибратты жолы

Жақында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қайыржан Қожабаевты еске алу мақсатында «Заманауи тематикалық білім: тәжірибе, проблемалар, келешек» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Сондай-ақ,  университеттің бас корпусындағы 514-ші кабинет ғалым атымен аталып, әрі осыған сай лайықты жабдықталып, «Ғибратты ғұмыр» атты кітап жарық көрді. Әріптестері, достары мен шәкірттерінің мақалалары енген кітапты құрастырған ғалымның жары Бақытжан Қожабаева.

Бұл шараларосы оқу орнында 57 жыл қызмет істеген белгілі ғалымның өмірден өткеніне бір жыл толуына орай ұйымдастырылды. Бұған дейін ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта да орнатылған еді. Сөз басында айтарымыз, осы шаралардың бәрі азаматқа деген үлкен құрмет пен ізет, ілипат пен алғыс-рахмет, ізгі ниеттің айшықты көрінісі. Осының өзі көп адам аңтарылған өмір деген өткелдің мәні мен мағынасына айғақ болғандай.

…Сонау бір өткен бұрынғы күндерде, қазіргі уақытта болсын, өскелең ұрпаққа адал бол, тура жүр, барды қанағат ет, еңбекқор бол, шамаң келгенше жан-жағыңа, алдыңа көмек сұрап келгенге қол ұшыңды бер, «көппен көрген – ұлы той» елмен бірге бол, жақсы жолдас-жораның қадірін біл деп өсиет айтылған. Қазақ ұрпағын, ұл-қызын осылай тәрбиелеген. Алайда, екінің бірі мұндай адами бақытқа апарар ұстанымды қалтқысыз қағида етіп, ұстана бермейді. Бірінің бойын өзімшілдік билейді, бірі еріншектікке жеңдіреді, енді бірі есігін тарс жауып, жұртпен аралас-құраластан қалып, дүние теріп кетеді.

Міне, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғабдулла әкесі мен тыл ардагері Ханыманасынан тәрбие алып, ата-баба, ата-ана аманат еткен адал жолмен жүріп, ағайыны мен дос-жаранын қадірлеп, арқа-жарқа араласып, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, білім-ілім іздеп, оның жоғары сатысына көтеріліп, профессор, академик атанған адам осы марқұм Қайыржан Қожабаев болатын. Қарапайым, бірақ,  адал еңбектің арқасында шаңырағына ырыс-құт, береке қонған, 1938 жылы Омбы облысының Есілкөл ауданы Күншік ауылындаел сыйлаған отбасындадүниеге келген ауыл баласы орта мектепті бітірісімен Петропавл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітіреді. Екі-үш жыл мектептерде жұмыс істеген білікті маман 1965 жылы Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекетттік университетке жұмысқа орналасады. Қатардағы оқытушылықтан деканның орынбасары, декан, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтерін атқарады. Толассыз ғылыми ізденістерінің арқасында кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғайды.

Ұйымдастырушылық қабілеті, үлкен-кішімен тіл табыса аларлық жайсаң мінезі арқасында үнемі лауазымды қызметтер атқарып, қайнаған қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсе де Қайыржан Ғабдуллаұлы өзінің негізгі кәсібі – ғылыми ізденістен бір сәт те қол үзбеген. Артына 200-ден астам ғылыми мақалалар, көптеген кітаптар, монографиялар, ізін басқан білікті ғалымдар қалдыруы соның айғағы. Оның ғылыми тұжырымдары күні бүгін де өзінің өміршеңдігін жоймаған. Ғылыми конференцияға модератор болған белгілі тарихшы ғалым Аманай Сейітқасымовтың, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін проректоры Жайлагүл Оралова, Ресейдің Омбы қаласынан сөз алған, ғылым докторы, Омбы педагогикалық  мемлекеттік университетінің профессоры Виктор Далингер, ғылым докторы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Есенғали Смағұлов, Шотландияның Эдинбург қаласынан сөйлеген PhD доктор Роберт Дуглас, Малайзияның Серембан қаласынан, Мұғалімдер даярлайтын институт маманы Хасна Абдулла, конференцияны ұйымдастырып отырған Ш.Уәлиханов атындағы университет профессоры,  ғылым докторы  Хайрулла Байшағыров, ғылым кандидаты,кафедра меңгерушісі Сәуле Дәмекова, PhD докторы, Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Сымбат Зікіриналардың баяндамаларынан профессор Қожабаев көтерген мәселелерге әсіресе, мектептерде математика пәнін оқыту әдістерін пайдалану үлгілеріне қанықтық.

Қайыржан Ғабдуллаұлының есімі «Ш.Уәлиханов атындағы КМУ Құрмет кітабына» енгізілген, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ы.Алтынсарин, В.И.Вернадский атындағы алтын медальдар иегері, Ресей жаратылыстану академиясының «Ғылым мен білімнің еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған, РЖА академигі болып сайланған. Тізбелей бересек, оның алған марапаттары мен атақтары жетерлік. Оның бәрі ресми тіркеліп, құжаттары мен кәуліктерінің көшірмелері өзіне арналған 514-ші кабинет қабырғасында ілулі тұр. Мұның бәрі ғалымның атқарған жұмыстарының, қол жеткізген табыстарының куәсі, көңіл марқайтар көріністер.

Алайда, оның артында қалған әріптестері, ғылым жолына түскен шәкірттері, қатар өмір сүрген дос-жолдастарының, осындай ұлағатты еске алу шараларын ұйымдастыруға ұйтқы болған жан жары Бақытжан апайдың, бір кісідей атсалысып, жұмыла кеткен университет ұжымының пейіл-ниеті мен алғаусыз құрметі, халайықтың ыстық ықыласы мен тағзымы сол марапаттардан жоғары баға сияқты көрінді.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырды адаспай өткізіп, артыңа ғибратты із қалдырып, қайтып оралмас асудан абыроймен асқанға не жетсін, дейсің, мұндайда. Сірә, адам үшін осыдан артық не бар?…

                                          Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
                      Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 Суреттерде: конференция модераторы Аманай Сейітқасымов; шараға қатысушылар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар