Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен Білім және денсаулық сақтау салаларының салалық кеңесінің отырысы барысында кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесі талқыланды. Жиынға облыстағы түрлі сала кәсіпорындарының, аталған салалық басқармалардың басшылары, колледж директорлары қатысты.
Кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесі жаңалық емес, бүгінгі таңда отандық жұмыспен қамту нарығы бірқатар салаларда білікті мамандардың айтарлықтай тапшылығын бастан кешіруде. Ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстағы 1604 жұмыс берушінің арасында кадр қажеттілігіне сауалнама жүргізді. Сол сауалнамада олардың 474-і ғана қысқа мерзімді кезеңге кадрлар қажеттілігін көрсеткен. Ал, облыс бойынша жалпы қажеттілік сауалнама бойынша 4726 адамды құрайды. Осы мамандар тапшылығының ең жоғары деңгейі облыс орталығында – 1284 адам, Степногорск қаласында – 608 адам, Қосшы қаласында – 318 адам.
Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, ең жоғары сұраныс ауыл шаруашылығында (947 адам) байқалады. Өңдеу өнеркәсібі де көш бастап тұр (619 адам). Сонымен қатар, білім беру (522 адам), сауда (485 адам), көлік және қойма шаруашылығы (485 адам) салаларында да кадрларға қажеттілік бар. Жеңіл өнеркәсіп өкілдері де тігін өнеркәсібіндегі техникалық мамандардың тапшылығына қатты алаңдаушылық білдіруде.
–Тігіншілердің тапшылығынан басқа, бүгін біз тігін жабдықтарына қызмет көрсететін механиктердің тапшылығына да тап болдық. Жабдық кейде тоқтап қалады, ал, белгілі болғанындай, Көкшетау қаласында және жақын маңдағы өңірлерде тігін жабдықтарын жөндеуді «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектер одағы» ЗТБ басшысы Рамазан Мұқатаев қана жүзеге асырады. Әрине, оның шәкірттері бар, бірақ олардың күші бүкіл облыс үшін жеткіліксіз, – деп шағымданады өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесінің төрағасы Екатерина Жукова.
Көкшетаудағы «Ақай» сән үйінің басшысы Ғалия Алдабергенова да осындай мәселеге тап болған. Оның айтуынша, бүгінде салаға мәселені шешудің баламалы жолдары қажет. Механикадан басқа IT-мамандар, электроника инженерлері, дизайнерлер де керек болып отыр. Талқылау барысында қатысушылар қажетті мамандарды даярлайтын оқу орталығын құруды, осы мақсаттарға бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бірқатар колледж басшылары бұл бастамаға қазірдің өзінде қызығушылық танытып, оқу орындарының базасында қажетті жағдайдың бар екенін атап өтті.
–Бұл өте дұрыс және дер кезінде жасалған ұсыныс, өйткені, мұндай кездесу кадр тапшылығы мәселесін шешудің бірлескен жолдарын әзірлеу мақсатында өткізіліп отыр. Біз мүдделі тараптармен тігін өнеркәсібінде техникалық мамандарды дайындау бойынша пилоттық жоба құру мәселесін талқылаймыз, – дей келе, Ерқанат Мұсылманбек те өзі басқаратын кәсіпкерлер палатасы тарапынан осы өзекті мәселенің көпке созылмай шешілуіне барынша мүдделі екендіктерін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.