«Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылды экология жүйесін қалпына келтіруге арнамақ. Қазақстан табиғатты қорғауға баса мән береді. Біз «жасыл бастамаларды» жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін» деп жазған болатынәлеуметтік желідеел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Шынында, Экология мәселесі елдің жиі назар аударатын өткір тақырыбына айналғалы қашан.
Біздің экология департаменті қызметінің негізгі басымдық берілген бағыттары туралы сәл таратып айта кетсек артықтығы болмас. Негізгі міндет – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану тарапындағы мемлекеттік басқаруды үйлестіру. Бұдан өзге де көңіл аударатын түйінді тұс жетіп артылады. Алдымен, табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын, әркім өзінің кір жуып, кіндік кескен аймағын перзенті ретінде сүйе білуін қалыптастырып, дамытуымыз керек. Бұл орайда, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімді үйлестірілуі қажет. Біз өз ісімізді мүлтіксіз атқарсақ қана табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаға кесірін тигізбеуге, баға жетпес байлығымызды мұқият сақтап, кейінгі ұрпақтың мұрасына айналдыруға қол жеткіземіз.
Департамент мемлекеттің экологиялық саясатын тиімді ұйымдастырып және мұқият орындап, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын түсіндіріп, көрікті Көкше өңірі мен сонау Қорғалжынға дейін созылып жатқан сайын даланың қадір-қасиетін ұғындырып, тәрбиелік мәні зор жұмыстар жүргізілуде. Мұндай ілкімді іс департаменттің ресми беттерінде, сондай-ақ, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуда. Бұл – шын мәнінде өте қажетті дүние. Қоршаған ортаға қылаудай кіршік жұқтырмау әр адамның көңіл тазалығынан, перзенттік парызын өтеуден басталады. Насихат жұмыстары шеңберінде әрқилы тақырыптағы экологиялық акциялар, баспасөз турлары, ауқымды тақырыптарды қамтитын дөңгелек үстелдер, салмақты мәселелер қаралған семинарлар тәрізді қыруар іс-шаралар өткізілуде. Біздің департамент көптеген жылдардан бері осындай кең ауқымды жұмысты жүзеге асыруда. Жалғыз сөз ғана емес, өнегелі іспен де көпшілік көңілін аударуға талпыныс жасалуда. Бұл орайда, елді мекендерді тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазарту, өңірдің өңін кіргізетін көшеттер отырғызу, су айдындарының жағалауын тазарту жұмысы жүргізілуде. Мұндай экологиялық акциялар «Таза жағалау», «Таза тау», «Таза қала», «Жер сағаты» деп аталады. Тәрбиелік жұмыстарды өскелең ұрпақтың арасында ұйымдастыру өте тиімді. Жеткіншектер кішкентай кезінен табиғат анамызды құрметтеу керек екендігін көкірегінде түйіп өссе, кейін өздері тұрып жатқан аймақтың табиғи сұлулығын сақтауға өз үлестерін қосатын болады. Сондықтан, мектепке дейінгі мекемелер мен білім ошақтарында өскелең ұрпақтың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру және табиғатқа ұқыпты қарауды үйрететін экологиялық сағаттар өткізіледі. Қазіргі күні әлеуметтік желілердің де ықпалы көп екендігін жақсы білеміз. Сондықтан, заманның ағымына орай интернет желісіндегі әлеуметтік парақшаларды пайдалана отырып, тиімді жұмыс істеуге тырысудамыз. Жалпы алғанда біз мемлекеттік орган ретінде халық алдында мейлінше ашық болуға бейілдіміз. Экология тақырыбы әлеуметті қызықтыратындығы әлмисақтан белгілі. Кейде адамдар саналуан сұрақтар қояды, мәселе көтереді. Мұның барлығы туған жердің тұғырын биіктетіп, бар құнары мен қуатын шашау шығармай сақтап қалайықшы деген перзенттік пейілдің ишарасы.
Әрине, өңірде экологиялық мәселелер бар екендігін айта кетуіміз керек. Есепті кезең ішінде қыруар шаруа атқарылды. Әлеуметтік желілерде 31 бейнебаян жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиырмаға жуық көкейкесті тақырыптағы мақалалар жарияланды. Оған негіз де бар. Облыстың өнеркәсіп әлеуеті өсіп, қоршаған ортаға техногендік әсер етуі де көбейді. Сондықтан, қоршаған ортаның әрі-сәрі қалпын тұрақтандыру үшін табиғатты қорғау қызметінің барлық бағыты бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2022 жылы «Степногорск жылу электр орталығы» серіктестігінің шығарындыларын мүмкіндігінше төмендету көзделген. 2023 жылы күкірт құрамы бойынша экологиялық отынды неғұрлым залалсыздандыруға байланысты көрсеткіш те төмендетілді. Бірінші санаттағы нысандардың жобаларына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу шеңберінде эмиссиялар нормативтерін төмендету бойынша да жұмыс тұрақты жүргізілуде. Негізгі мақсат – қоршаған ортаны қорғау тарапындағы іс-шараларды тиімді ету, нақты эмиссиялардың өсімін тежеу және жою. Осы орайда, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» серіктестігінің, «Макинск жылу оқшаулау зауыты» тәрізді мекемелердің жұмысына қадағалау жүргізілді. Профилактикалық бақылау шеңберінде биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 90 нысанның жұмысы талқыланды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша хат жолданды. Құқық қорғау органдарынан келіп түскен материалдар бойынша жалпы сомасы 1 миллион 457625 теңге болатын қаржыға 10 әкімшілік хаттама жасалды. Оның 8-інен 1 миллион 388 625 теңге айыппұл өндірілді. Бір әкімшілік материал мәжбүрлі түрде орындауға жолданды. Бір хаттама Степногорск қалалық сотында қаралуда.
Өңірде үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында 7 экологиялық заңнаманы бұзушылық анықталып, 6 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 741 371 теңге болатын әкімшілік айыппұл салынды. Осы арада облыстағы экологиялық проблемалардың бірі табиғи полигондар екенін айта кетсек артық болмас. Қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылған полигондарының болмауы айта қаларлықтай қиындық туғызып отыр. Негізінде өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін 130 полигон бар. Оның ішінде 24 полигонның ғана рұқсат құжаттары толтырылған. Аймақтағы стихиялық қоқыс үйінділерін анықтау мақсатында департамент қызметкерлері 11 мәрте рейд жүргізді. Осындай іс-шаралардың барысында Көкшетау, Қосшы қалаларында және облыстың бірнеше аудандарында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталды. Мәлім болған деректер бойынша хаттар жолданды. Қазіргі уақытта рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгінге дейін қоқыс үйінділерінің 42-сі жойылды.
Құрамына сынақ зертханасы кіретін зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі қалыптасып отырған экологиялық жағдайды, ластану көздерінің пайда болу себептерін талдауды ұйымдастыруда. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде толыққанды шаралар қабылданады. Департаменттің зертханасы ауаны бақылау бойынша түрлі өлшеулер жүргізеді. Жалғыз ауа ғана емес, су ресурстары, радиациялық қауіпсіздік, топырақты қорғау бағытында да жұмыс жүргізілуде. Тағы бір алаңдатарлық мәселе, өңірдегі кәріз тазарту құрылыстарының жай-күйі. Атап айтатын болсақ, қазір облыста 13 кәріз тазарту қондырғысы жұмыс істеп тұр. Сегіз ауданда кәріз тазарту станциялары жоқ. Осыған байланысты ағынды суларды ағызуға экологиялық рұқсат берілмеген. Негізгі мәселе құрылғылардың тозуында. Айталық, облыс орталығындағы сонау 1990 жылдардың басында салынған құрылғы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оқырманға түсінікті болу үшін сәл таратып айта кетелік. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы кәріз су тарату құрылғысы тәулігіне 32 мың текше метр суды тазалау мүмкіндігіне ие. Қалада барлығы 15 кәріз сорғы станциясы бар. Степногорск қаласында мұндай құрылғының екеуі жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Бурабай және Аршалы кенттерінің мәселесі күрделі күйде қалып келеді.
Экология департаменті өз құзыретіне сәйкес су бұру және сарқынды суларды ағызу жөніндегі жұмысты жүзеге асыратын барлық заңды тұлғалардың, экологиялық заңнамалардың талаптарын мейлінше қатаң сақтауға бақылау жүргізуде. 2022-2023 жылдары облыстың бірқатар коммуналдық кәсіпорындарының қызметін тексеру нәтижесі бойынша «Көкшетау су арнасы», «Ерейментау су арнасы», «Макинск жылу мекемесі» мекемелерінде кәрізді тазарту құрылғыларынан ластаушы заттарды төгудің белгіленген нормативінен асып кеткен жағдайлар анықталған. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған кәсіпорындар бойынша мәселе сотта қаралуда.
Экология мәселесі айрықша өзекті мәнге ие. Біз табиғаттың адамзат баласына тамаша тартуын сақтай білуге тиістіміз. Бұл жалғыз департаменттің ғана емес, таза ауаны жұтып, табиғаттың сыйын пайдаланып жүрген жалпақ жұртқа да қатысты. Сондықтан, перзенттік парызымызды адал ақтағанда ғана айдай аппақ әлемнің жүзіне қылдай кіреуке түспейді.
Қадырхан БЕЙСЕНБАЕВ,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы.