Ел тәуелсіздігі мен тұтастығының айғағы

 Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытудың әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың таусылмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

 Ел еңсесін көтеріп, рух қайнарын тасытар рәміздеріміз мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері болып табылады. Мемлекеттік рәміздердің белгілі бір мағына беретін үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс табады. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан, мемлекет өз халқына мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітіліп, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Осыған орай, 4 маусым елімізде жыл сайын мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Рәміздеріміздің түр-түсі мен ресмиқолданылу тәртібі Конституцияда немесе Конституциялық заңда белгіленеді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез-келген мемлекеттің егемендігімен біртұтастығын бейнелейтін, оныңажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Аспан түстес байрағымыздың, елтаңбамыз бен гимніміздің әрбір элементінде осы іске атсалысқан әрбір азаматтың, халқымыздың Отанға деген махаббаты мен арман-мұраты жатыр.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес болып келеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні – осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды. Осы күні мемлекеттік гимн ретінде Шәмші Қалдаяқовтың бәрімізге таныс «Менің Қазақстаным» әні шырқалғанда тебіренбейтін адам жоқ.

Конситуциялық Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу, ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде ғана  белгіленген. Сондай-ақ, Мемлекеттік Туымыз басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін.

Елімізде Мемлекеттік рәміздер күніне орай, мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандардардың балкондары мен аулаларына мемлекеттік ту ілініп, гимні шырқалады. Қазақстандықтардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру мен өскелең ұрпақтың патриоттық санасын жаңғырту мақсатында аудан, қала көшелерінде ту мен елтаңбаны көтерген автокөлік шерулері акциялары мен  рәміздердің шығу тарихы мен бейнелерін кеңінен насихаттауға бағытталған, сондай-ақ, Мемлекеттік Ту бейнеленген түрлі көрнекі үгіт құралдарын тарату сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру жұмыстары тек мемлекеттік деңгейде қалып қоймай, мұндай игі істер жалпыхалықтық мәртебені және  жауапкершілікті талап етеді. Жалпы, тәуелсіз Қазақстан рәміздеріне мақтаныш сезімін қалыптастыру әр отбасынан бастау алғаны жөн. Мектептерде, балалар бақшасында осыған қатысты тиімді шаралар ұйымдастырылуы да назардан тыс қалмауы қажет. Сонымен қатар, Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi ішінде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiлуі де осы Заңмен бекітілген. Өкінішке орай, әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты, елімізде төтенше жағдай жарияланып, 2020 жылғы 13 шілдеде  пандемиядан қаза тапқандардың рухына Ұлттық аза тұту күні деп жарияландығы жөнінде  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасады. Заңға сәйкес, Ұлттық аза тұту күні Қазақстанның барлық қалаларында мемлекеттік ту төмен түсірілді. Осы Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы, сондай-ақ, Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.Мемлекеттік рәміздерді дайындау мен пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық та осы аталған заңмен көзделген.

Жас ұрпақты өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншлікке тәрбиелеу, республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ, олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оқыту орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының жалпы білім беру бағдарламасына енгізілген.Ең алдымен, жас ұрпақты мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қадір тұтуға тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені, әрбір азаматтың өз Отанын сүйіп, қадірлеуі ең алдымен, мемлекеттік рәмізден бастау алады.Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлденіп, еліміздің Туы биікте желбірей берсін! Еліміз Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңа жеңістерге жетедідеп сенеміз.

Болат МҰХАНОВ,
Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар