Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мен үшін алаңдамаңыз, анашым!» - АРҚА АЖАРЫ

«Мен үшін алаңдамаңыз, анашым!»

Көп балалы ана бүгін тағы да түнімен көз ілмеді. Түн жарымда тұрып кәжекейінің қалтасына жасырған бір тілім қағазды отағасына көрсетпей, тағы бір шолып шыққан.

«Кенжетайымды әскер қатарына шақырыпты. Қайтсем екен? Алдыңғы ағалары әскери борышын абыроймен өтеп келді ғой. Қанағат етейік. Қазір заман басқа. Баламды арашалап қалуым керек. Ертең әскери комиссариатқа өзім барсам ба екен, ешкімге айтпай» деген оймен уайым кешті. «Неге көз ілмей отырсың? Ұлдардың біріне әскери комиссариаттан шақырту хаты келді ме? Барады!» деген дауыс естілді. Отағасының дауысы қатқылдау шықты. Шешім өзгермейді деген сөз.

Көпбалалы ана Светлана Сәдуақасова сегіз ұлының қай-қайсысына әскери комиссариаттан шақырту қағазы келгенде дәл осындай қобалжу үстінде болады. Әрине, ана жүрегі бәріне бірдей алаңдайды емес пе?Ана ешқашан баланы бөліп жармайды ғой. Бірақ, баладан ұзақ уақыт көз жазып қалу ана үшін  де үлкен сынақ. Алаңдамас еді-ау, заман алмағайып.

Иә, ана көңілі бекерден-бекер қобалжымайды. Ер бала үшін әскери міндетті өтеу – азаматтық борыш екендігін жақсы біледі.Ақылға салғанымен, жүрек илана қояр ма?  Күні кеше ғана теледидардан көрген. Түрлі жауыздықтар бар дейді… Ондайды естіген ана жүрегі қайтіп қана алаң күй кешпейді? Әскер сапында жүрген сарбаздарға көрсетіліп жатқан әлімжеттік фактілері ойына орала берді. «Е, осыған байланысты әскерге бармаудың түрлі амалын қарастырып жүргендер көп. Қайтсін, енді…», деп тағы да күбірлеп қояды.

Бірақ, бұл үйде тәртіп басқа. Бұл үйдің жігіттері әскерге барып, азаматтық борышын өтеуді өмірлік парыз санайды, ал, бармаса намыс көреді. Ата тәрбиесі осындай. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсіл бекерден-бекер емес-ау.

Көкшетау қаласында тұратын Сәдуақасовтар отбасында бір үйдің алты баласы әскерде азаматтық борышын өтеп келіп, олардың үшеуі әскер сапында жұмыс істеуге қалып, күні бүгінге дейін еліміздің тыныштығы жолында абыройлы қызмет атқарып келеді.

Сәдуақасовтар отбасында он бала бар. Олардың сегізі ұл, екеуі қыз бала.  Шаңырақтың әз анасы, «Алтын алқа» иегері, ардақты ана Светлана Сәдуақасованың айтуынша, үйдегі сегіз ұлдың алтауы да әскерде өз борышын абыроймен өтеп келген. Біреуі денсаулығына байланысты әскерден босатылса, кенжетайы әлі студент.

– Он баланы бағып-қағу, оларға тәлім-тәрбие беру, өнегелі етіп өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Отағасы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар еңбек етті.  Қазір зейнет жасында. Қайын атам Ұлы Отан соғысының ардагері, шекарашы еді. Ұлдарымыздың барлығы жасынан спортқа бейім болды. Тұңғышымыз Алмат атасының тәрбиесін көріп, сол кісілердің бауырында өсті. Алмат мектеп жасынан еркін күрестен өтетін  аудандық, облыстық жарыстарда бірінші орындарға ие болып жүрді. Осы қабілетін байқаған соң оны Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне беру керек деген шешімге келдік. Содан соңынан ерген інілері ағаларына еліктеп, барлығы да спортқа ден қойды. Аллаға шүкір, балаларымның барлығы салауатты өмір салтын ұстанады. Барлығы да жаман әдеттен аулақ. Алматым спорт мектебін тәмамдасымен бірден әскер қатарына шақырылды. Ол кезде өзіміз де жаспыз. Баламызды әскерден алып қалайық деген ой болған жоқ. Әскер сапында екі жыл болып, кейін оралған соң келісім-шарт бойынша өз қызметін жалғастырды. Мінекей, жиырма жыл бойы  осы жолда абыройлы қызмет атқарып келеді. Ағаларынан інілері қала ма? Кезек-кезек әскер қатарына шақырылды. Біз қарсы болған жоқпыз. Балаларымыздың жасы  тетелес болғаннан кейін бір жылдары бірі әскерден келіп жатса, енді бірі әскерге аттанып жатты.  Қазір әлеуметтік желі арқылы байқап қалып жатамын, әскергеөздері де барғысы, одан қалды,ата-аналары да жібергісі келмейтіндердің қатары көп. Мен балаларымды әскерге жібергеніме өкінбеймін. Бірақ, осы кенжешімді ойлап алаңдай беремін, – дейді абзал ана.

Ана жалған сөйлей ме?! Шынында да, үйдегі алты ұлдың барлығы әскерде шыныққан, сайдың тасындай бірінен-бірі өткен шетінен спортшы жігіттер.  Бірі спорт шебері, бірі бапкер, бірі шекарашы.

– Әскер – өмір мектебі. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген бауырларымның әскерден келгенде есейгендерін, өмірге деген көзқарастарының өзгеріп, отбасы мен туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктері арта түсетінін байқадым.    Әкеміз «Нағыз ер азамат Отанын қорғай алмаса, отбасына да қорған бола алмайды» дегенді жиі айтады. Шынымен де, әскер бауырларымның  ғұмыр жолына соны соқпақ болғандай, – дейді әпкелері Айнұр.

… «Мен үшін алаңдамаңыз, анашым! Оқуымды тәмамдаған соң, мен де жетінші ұлың болып әскерге барып келемін. Бұл менің  азаматтық борышым ғой!», дейді анасын еркелей құшақтаған Кенжетай.  «Балаларды дұрыс тәрбиелеген екенмін» деген ой қылаң беріп, ана жүрегі тағы да жылап жатыр. Бұл жолы қуаныштан!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар