Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жайылым мәселесі шешілмей, ауыл таршылық көре береді - АРҚА АЖАРЫ

Жайылым мәселесі шешілмей, ауыл таршылық көре береді

Соңғы жылдардағы құрғақшылық мал шаруашылығын дамытуға кедергі болып тұр. Көктем туғалы нәр тамған жоқ. Оның үстіне табиғи шабындықтар мен жайылымның жайы малсақ қауымды алаңдатып отыр. 

Мамандардың есептеуіне қарағанда, бағымдағы малға қажетті жемшөптің 70 пайызы негізінен, табиғи шабындықтардан жиналады. Біздің өңірдегі шабындықтардың түсімі азайып, құнары қашқалы не заман?! Оған себеп ең алдымен тиісті күтім жасалмайтындығында. Оның үстіне бұрынғы шабындық пен жайылымдық алқаптарды шамадан тыс, көп пайдаланудың салдарынан малға жұғымды, нәрлі шөптер тұяқкесті болып, есесіне мал жемейтін әрқилы шөп жылдам көбейіп, жер тозып бара жатыр. Қазіргі болжам бойынша табиғи жайылымдардың едәуір бөлігі зиянды және улы өсімдіктермен ластанған. Елімізде жайылымдық жер көлемі 184,3 миллион гектар жерді құраса, ауыл шаруашылығы жері осы көлемнің 83,9 пайыз үлесін қамтиды. Осыншама жердің дәл қазір 14-15 пайызы әбден тозған. Ендігі мақсат, кәдеге аспай жатқан осы жерді сауықтыру.

–Ертеде Көкше өңірінде шалғыны атты кісіні жасыратын хан жайлаулар көп болды, – дейді ел ағасы Марат Оспанов, – Есілдің сай-саласындағы Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды, Көксеңгір, Жекебояқ тәрізді жайлаулардан қазір тоқымдай тәуір жер қалмады. Негізінде түгін тартса майы шығатын көкмайсалы жалпақ жонның ту-талақай болуы кешегі тың игерудің кезінде басталды. Әрине, ел ырыздығы – астықты өсіруге ешкім де қарсы емес, бірақ, сол дәуірде жоғарыдан түскен жоспарды бұлжытпай орындаймыз деп жергілікті жердегі басшылар елдің мүддесін ескере бермегендігін айтуға тиістіміз. Егін шықпайтын құмды, тастақ Ерейменнің етегінен бастап, Көксеңгірдің кең көсілген даласын жыртып тастады. Гектарынан 4-5 центнер өнім алып, жұмсалған шығынды ақтамаса да, жоғарыдан түскен бұйрықты бұлжытпай орындау парыз саналды. Жарықтық жер-ананың құты сол кезден бастап қашты.

Ендігі амал екпе шөп егу. Сөйтіп, тозығы жеткен, кәдеге аспай жатқан алқаптарды төрт түлік мал сүйсініп жейтін шөпке толтыру. Күтім дұрыс болса бағзы замандағы даланың бағы, құты қайта оралар.

–Ол заманда Көкше жайлауларында қаражусан, жержусан, ақселеу, бетеге, қымыздық, ебелек, жуа, құланшайыр, айрауық тәрізді қаншама шөп өсетін, – дейді еңбек ардагері Елемес Ибрагимов, – сол шөптің тамырын соқаның тісі үзді. Егінді табалдырыққа дейін екті, ал, қоғамның малы егін егуге жарамсыз, құнары аз жерде бағылды.

Бүгін де осы көрініс. Тығырықтан шығар жол қайсы?! Осы сауалды қуып, біз көтеріп отырған мәселемен айналысып жүрген философия докторы,  PhD, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылым департаментінің жетекшісі Марден Байдалинге жолықтық. Жас ғалым Ақмола облысының табиғи-климаттық жағдайына байланысты бұршақты-дәнді шөптерді өсіру оңтайлы деп санайды. Осы тараптағы бар шаруаны екшеп, арнайы жоба да әзірлеген. Жобаны іске асыру, ойға оралған мақсатын жүзеге асыру барысында талпыныс бар. Бір гектар жерге екпе шөп те егіп, ғылыми сараптама да жасаған. Осы жобаны іске асыру, кейін ауқымды аумаққа енгізу экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, өндірістік мәселелерді оңынан шешуге ықпал етеді деп есептейді. Ең бастысы, жобаның мақсаты ауыл маңындағы көпжылдық екпе шөп арқылы жайылымдық айналымды құру. Елді мекендердің жанындағы мал жайылымында тозған шөптің орнына көпжылдық мал азықтық шөптердің жаңа түрлерін себу. Ғалым жылдың әр мезгілінде пайдалануға тиімді болатын шөп түрлерін екшеген. Бұршақты және дәнді шөптер арасындағы жақсы үйлесімділік пен ара-қатынасты ескере отырып, ерте пісетін, орташа пісетін және кеш пісетін шөптерді таңдаған. Бұршақты-дәнді мал азығына қажетті шөптердің морфо-биологиялық ерекшеліктерін зерттеген. Ең бастысы, солтүстік өңірдегі жыл сайын қайталанатын құрғақшылыққа төзімділігі.

–Бүгінгі күні жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану өзекті мәселе, – дейді Марден Ерсайынұлы, – бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып отыр. Ел Президенті Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында жемшөп дақылдарын өсіру алаңын кеңейту қажеттігін және жайылымдарды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Біздің облыстағы мал жайылымының мол көлемі Ерейментау және Біржан сал аудандарында. Бұл аудандарда тиісінше 978,3 мың және 547,4 мың гектар жайылым бар. Сондай-ақ, Атбасар, Ақкөл, Жарқайың, Қорғалжын, Аршалы, Жақсы аудандарында да мал жайылымының көлемі 200 мың гектарды құрайды. Іргедегі топырағы құнарлы, шөбі шүйгін делінетін Зеренді ауданындағы жайылым көлемі 151 мың гектар. Облыста оныншы орында. Әйтсе де, зеренділік малсақ қауым жайылым тапшылығын тартып отыр. Мал басының санына шаққанда зеренділіктер мал шаруашылығын еркін дамыту үшін әлі де шамамен 360 мың гектар жер керек.

Төрт түлік малды дұрыс жаю, шабындықтар мен жайылымдарды тиімді пайдалану ауыл жұртының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартар еді. Қолбайлау болып тұрған көнтерлі мәселе де осы. Ғалымның пайымдауынша, ендігі арада бағалы көпжылдық шөптерді жаппай егуді қолға алуымыз керек.

–Бұл мәселені шешу үшін жердің игілігін көріп жатқан үлкен серіктестіктерге ауыл тұрғындарының қолда бар малы үшін екпе шөп егіп беруді міндеттеу керек, – дейді шаруа қожалығының басшысы Жанат Құдайбергенов, – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар ғой. Сонда жайылымдық жер аз болғанымен құнары артады да, малсақ қауымның алдынан мол мүмкіндік туады. Ғалымдардың есептеуінше, әр бас малға 9 гектар жер керек екен. Ол әрине, шөптің шығымдылығына байланысты. Егер тозған жерді екпе шөп егіп, тыңайтқыштар сіңіріп, түлете алсақ, бәлкім 9 гектар емес, 5 гектар да жетіп қалуы мүмкін.

Көпжылдық шөптерден айналмалы жүйе құру мал шаруашылығының бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Қазіргі уақытта жасыл конвейерді ұйымдастыру барысында негізгі жүк көпжылдық екпе шөптерге беріледі. Әрине, екпе шөп еккен алқаптардың шығымдылығы табиғи шабындықтан төрт-бес есе көп. Егер осы іс жаппай қолға алынса, жайылым тапшылығы болмас еді. Мамандардың айтуына қарағанда, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына ұсыныс жасау аздық ететін тәрізді. Бәлкім, жер туралы заңға толықтырулар енгізіп, міндеттеу қажет шығар. Әйтпесе, ұсыныс орындала бермейді.

–Біздің Ақкөл ауданындағы Новорыбинск ауылдық кеңесіне қарасты Қараөзек ауылында қазір небары 35 отбасы тұрады, – дейді «МММ» шаруа қожалығының басшысы Марат Әубәкіров, – ауыл тұрғындары қара мал, қой бағып отыр. Ең көбі жылқы. Мыңға жуық. Бірақ, бұл малдың бәрі бірдей біздің ауылдың малы емес, басым көпшілігі өздері басқа жерде тұрып, малын осында бағатын ағайынға тиесілі. Кейде жайылымымызға түскеннен кейін өкпе-реніш те болып жатады. Жылқы жарықтық жыл он екі ай тебінде болатындықтан, жерді тез тоздырады. Сырттан келген малдың арасында ауруы да болуы мүмкін. Біздің жайылымымызға түскеннен кейін жұқпалы ауруы болса, жұқпасына кім кепіл? Ең қауіпті жері де осы. Сондықтан, мұндай мәселеге де байыппен қарау керек шығар.

Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, ауылда жайылымды жақсартуға деген талпыныс бар екен. Биылғы жылы бірінші рет судан шөбін егіпті. Әйтсе де тұқымы қымбат. Бір тоннасы 400 мың теңгенің төңірегінде. Оған кез-келген шаруа қожалығының шамасы келе бермеуі мүмкін. Тұқым табылғанымен, арнайы шөп тұқымын себетін техника керек. Оның үстіне шөп егілгеннен кейін алғашқы жылдары мал жаюға болмайды.

Жас ғалым Марден Ерсайынұлының айтуына қарағанда, жайылымды жақсарту мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Бәлкім, жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылуы керек шығар. Осындай жанды жұмыс  атқарғанда ғана түйткілдің түйінін шешуге болады. Ал, ғылыми ұсыныстар дайын. Мәселен, Көкше өңірінде мамыр-маусым айында пісетін сарыбас, түйежоңышқа, жаз ортасында толысатын арпабас, ал, қоңыр күзде пісіп-жетілетін шалғындық қоңырбас тәрізді шөптерді егуге болады. Жалпы осы бағыттағы ғалымдардың ұсыныстарын мұқият қолдана отырып, далалық және зертханалық сынама жүргізу нәтижесінде ең тиімді жобаларды жүзеге асырса, жүдеген даланың өңі кіріп қалар еді. Даламен бірге мал сүмесімен күн көрген ағайынның да ажары жақсармай ма?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар