Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа құралмен алғашқы ота жасалды - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа құралмен алғашқы ота жасалды

Ақмола облыстық ауруханасында медицина ғылымдарының кандидаты, травматология саласы бойынша 25 өнертабыстың иесі, дәрігер Феодор Мацукатов аяқ сүйектерінің күрделі сынығына ота жасау тәжірибесімен бөлісті.

Феодор Алексеевич медицина саласында кең танымал мамандардың бірі. Бүгінде жиырмаға жуық ғылыми еңбек жазып, травматология саласына қажетті бірқатар медициналық құралдарды ойлап тапқан бұл дәрігердің жаңалығын шет мемлекеттерде де қолдануда.
1989 жылы медициналық институтты тәмамдаған жас маман жолдамамен Ресейдегі Г.Илизаровтың клиникасына қызметке орналасады. Атақты Илизаровтың ғылыми емханасынан көп нәрсені үйренген ғалым түрлі медициналық құралдарды ойлап шығара бас-тайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға тұрақты қоныс аударған дәрігер сыртқы фиксация аппаратының жобасымен айналысады.  2014 жылы бұл құралға инновациалық патент берілсе, 2016 жылы мемлекеттік тіркеуге алынды. Осыған орай құрылғы Қазақстанның өнімі болып табылады. Қазіргі таңда бұл технологияны республиканың әр аймағында қолдану үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әзірге ең бірінші болып онымен Ақмола облыстық ауруханасында ота жасалды.
–Аяқтың аса ауыр жарақатына қатысты күрделі оталарды біздің аурухананың дәрігерлері бұрыннан жасап келеді. Бірақ, мұндай оталарды дәл бүгінгідей қысқа уақытта жасау мүмкін болмаған. Өйткені, медицинада кеңінен қолданылатын Тейлор, Илизаров аппараттарын науқастың жағдайына байланысты қалыпқа келтірудің өзіне бір апта кетсе, ота жасау да біраз уақытты қажет етеді. Қазіргі таңда дүниежүзінде аяқ сүйектерінің жарақаттарын емдеуге, сүйектерінің дұрыс өсіп, қалыптасуына көмектесетін мыңдаған құралдар бар. Оларды да белгілі бір қажетті қалыпқа келтіру үшін көп уақыт қажет. Ал, Мацукатов аппаратын қолданудың арқасында отаны 40 минутқа, әрі кетсе екі-үш сағатқа ғана созуға болады. Қостанай қаласындағы Жемчужина медициналық орталығы Мацукатовтың компрессиондық-дистракциондық аппаратын алдырып, сынықты дәл табуға пайдасы көп екендігін мойындап отыр, –дейді облыстық аурухананың бас дәрігерінің хирургия және медицинадағы төтенше жағдай саласындағы орынбасары Дмитрий Чайков.
Осы күні ота жасалған, яғни, мотоциклмен жол апатына түскен жігіттің жарақаты өте ауыр болған. Оған алғаш рет аталмыш құралмен ота жасауға тура келген. Бүгінде науқастың көңіл-күйі жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, бір апта ішінде аяғынан тұрып кетеді.
Науқастың жарақатына байланысты аяқ сүйектерінде әртүрлі сынықтар болады. Олардың емдеу барысында қисық орналасып қалмауы үшін әлі күнге дейін атақты Илизаров аппаратын пайдаланатын көрінеді. Ал, бүгінде медицина саласында ұсынылып отырған Мацукатов аппаратының қолданылу аясы одан да кең.
–Бұл аппарат сүйектердің түрлі деңгейдегі жарақатын, буынның айналасындағы сынықтарды, тума және жүре пайда болған сүйек буындарының ауруларын, сонымен бірге, ортопедияда да тума және жүре пайда болатын ақауларды, өзгерістер мен сегменттердің қысқаруын анықтауға көп көмегін тигізеді, – дейді аппаратты ойлап тапқан Феодор Мацукатовтың өзі.
Аппаратпен ем қабылдау 40 мың рубль шамасында тұрады. Және бұл құрал бір рет қана қолданылады. Ғалымның айтуынша, алдағы уақытта, оның бірнеше мәрте қолдануға болатын түрлері шығарылмақшы.
Бүгінде біздің облыста травматология бөлімшесіне жылына кем дегенде 2 мыңға жуық адам түссе, оның қырық пайызына осындай аппаратпен емдеу қажеттілігі туындап жататынын ескерсек, бұл құрал облыстың денсаулық сақтау саласына көп пайда әкелмекші.   

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар