Зеренді ауданының ауылдық округтерінен көптеген қатысушыларды жинаған «Қымыз-фест» фестивалі болып өтті. Қазақтың сонау бағзы заманнан келе жатқан бал татыған сары қымызы осы қасиетті асқа құмар талай жандардың сусынын қандырып, мына ауа температурасы бір түспей тұрған аптап ыстықта нағыз шөл басар дәрегейге айналды.
Бұл күні Зерендінің орталық алаңы да фестивальдің мән-мазмұнына сай безендіріліп, анадайдан көз тартқандай еді. Сахнаның жанына жайылған күрес кілемі де осынау ұлттық шараның тек бір ғана сипатта өтпей, сонымен бірге, қазақша күрес қызығын да қоса ұсынатындығын айғақтай түскен болатын. Талғаммен тігілген киіз үйлердегі қазақтың ұлттық тағамдарының молдығы, әсіресе, дастарханның сәнін бие ұстап, осы берекелі асты баптаушылардың бірінен-бірі асырып дайындаған бал қымыздары келтіре түскені көңілдерге мол қуаныш сыйлап, ұлтымыздың осы бір ғажайып сусынының қадірін одан әрі білгізіп жатқаны айдан анық-ты. «Ботай» қымыз орталығының иесі Ақыл Нұрмағамбетованың балдың үш түрін қосқан қымызы, оған қоса, баппен сүрленген жылқының қазы-қарта, жал-жаясы, балаларға жидек салып піспеде молынан піскен және бір қымызының түрі барынша көпшілік көңілінен шығып, ақтан дәм татқан кімді болмасын сүйсінтіп жатты. Приречен ауылдық округінен Иватдолда Сержан және Хатсемет Сұрағаптың дайындаған қымыздары да осал болмады.
Жалпы, бұл аудан облыс орталығының іргесінде орналасқандықтан, жаз туса бие байлап, қашан күздің лебі ескенше Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарын бал сусынмен қамтамасыз етіп отыратын қымыз баптаушылары көп. Оны ауданның қай елді мекенінен болсын, жақсы аңғаруға болады. Қымыз бұл күнде ішсең бойға дәру сусын, саудаласаң қолма-қол ақша. Фестивальға қатысушылар оның түр-түрін де жақсы меңгеріп алуға тырысыпты. Мәселен, қазақ тілінің мұғалімі Бақшагүл Мұхамеджанова осы бір ұлттық шараға 15 түрлі қымызын әкеліп, оны саумал, уыз қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, тағы сол сияқты түр-түрімен жіктеп берді. Оның әр түрінің белгілі бір күбіде ыстау, қотарып дайындау мерзімдері бар. Күбі демекші, сондай бір қымыз пісетін бірегей күбіні шараға келушілерге аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Ыбыраева көрсетіп, сипаттап берді.
Бәрін айта та бірін айт, фестивальда жүлдегерлерді анықтау да оңай болмады. Дегенмен, қазылар алқасы әр селолық округтің қымызын татып, дәмін, басқа да бағалау өлшемдерін ескере келе, бірінші орынға Бұлақ және Сарыөзек, екінші орынға Викторовка, үшінші орынға Зеренді ауылдық округтерінің бағалы асын лайықты деп тапты. Ал, ең дәмді қымызға ұйғарылған Гран-Приді Троицк ауылдық округінің қымызшылары жеңіп алды. Осы шарамен қатарлас өткен қазақ күресінен «Зеренді Барысы» жарысында осы атақты 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Еламан Қайыргелдинов қанжығасына байлады.
Шіркін, бүгін көрген, бүгін ішкен бал татыған қымызым-ай десті байқауды тамашалаушылар. Иә, қымызымыз әркез осылай көп көңілінен шыға түссе, мұның өзі ұлттық асымыздың қадіріне жете түскендігіміз емес пе?!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: фестивальдан көрініс.