Көкшетау қаласы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өзге ұлт өкілдері арасында «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшыларымен Абай мұрасын дәріптеген әр ұлт өкілдері, өнерлі жастар қатысты.
Кездесу облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаевтың сөзімен басталды:
–Құрметті бүгінгі іс-шараға қатысушылар, Ассамблея өкілдері, Сіздердің бүгінгі таңда ұлы Абайдың шығармашылығын насихаттауға үлес қосып жүргендеріңізге қуаныштымын. Сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіз ел, халық өз асылдарын тануына алдағы уақытта да өз септігін тигізеді деп білемін, – деген сөзінен кейін шара «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғыманов, «Дала өлкесінің казактар одағы» Ақмола облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің өкіліИван Громовлебіздерімен жалғасты.
Дөңгелек үстел аясында түрлі ұлт өкілдері ұлы Абай мұрасынан өлеңдер, қара сөздер оқып, әндерін шырқап, күйлерін шертті. Атап айта кетсек,Ольга Юрикова «Көзімнің қарасы» әнін, Вицке Этгарда «Мыңбала» күйін, Венара Хан, Игил Кутенков, Татяна Король өлеңдерімен қара сөздерін, Ұлан Мирас «Торы жорға» күйін және Борисовский Роман «Ерке сылқым» мен түрлі қазақ күйлерінен попури орындап, жұрттың көңілін көтерді.
Іс-шара соңында кездесуге қатысып, ұлы Абайдың шығармашылығын насихаттауға үлес қосқан қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Өмірі өнегеге, ғұмыры тағылымға толы ұлы ойшыл атамыздың есімін ұлғаттау, мұрасын дәріптеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – басты парыз. Ел президенті Қ.К.Тоқаев бекіткен жыл сайынғы 10 тамыз – Абай күні тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдермен әлемнің көптеген елдерінде тойланып жатыр. «Өлі разы болмаса, тірі ешқашан байымас» деген бабаларымыз. Ұлы атамыздың рухы разы болсын!
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.