«АMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Отырыста 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру барысы тәуекелдері талқыланды.
Жол картасына енген Ерейментау ауданындағы екі нысандағы жұмыстар уақытылы орындалмауы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, бұл Ерейментау қаласындағы әл-Фараби және Әлжанов көшелері бойындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту мен 3,3 шақырым жылу құбырларын салу жобалары.
– Ерейментау қаласын сумен жабдықтауды дамыту жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты сметалық құжаттары түзетілуде. Сол себепті, бұл нысан пайдалануға келесі жылы беріледі. Сондай-ақ, магистральдық жылу трассасын салу бойынша қазіргі уақытта негізгі проблема қаржыландырудың жоқтығы. Биыл бюджеттік өтінімді жолдаймыз. Егер қолдау көрсетілсе, жұмыстар келесі жылы аяқталады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Игорь Макаров.
Құрылыс саласында да жағдай мәз емес. Биыл 3 мыңға жуық оқушылық орындық 9 мектеп салу жоспарланған. Оның 5-еуі ғана жаңа оқу жылына дайын. Атап айтқанда, жаңа білім беру мекемелері Көкшетау, Қосшы, Ақкөл қалалары мен Целиноград және Аршалы аудандарында орналасқан. Ал, қалған 4 нысандағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғаспақшы.
– Биыл 600 орындық екі балабаша мен екі студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үй құрылысы туралы айтатын болсақ, осы жылы 650 мың шаршы метрді пайдалануға беру көзделіп отыр. Әлеуметтік құрылысқа ағымдағы жылы 19,3 миллиард теңге бағытталды. Олар мектеп, балабақша мен жатақхана құрылыстарына жұмсалады. Тұрғын үй құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен шамамен 13 миллиард теңге бөлінді, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышев.
Енді осы жобалардың уақытында іске асқаны абзал.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.