Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Зерендіде өткен республикалық жастар ресурстары орталығының «Жастар академиясы» слетіне қатысып, құттықтау сөз сөйледі және Көкшетау қаласында «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының Ақмола облыстық филиалының, «Науан хазірет» орталық мешітінің, «Қоғамдық келісім» мекемесінің, «Болашақ» сарайының жұмысымен танысты.
Биылғы жылы ел болашағы – жастардың жақсы ісіне ұйытқы болып, іргелі істерге бағыттап, жетекші болып жүрген жастар ресурстары орталығының құрылғанына он жыл толып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бағалы бастама көтеріп, Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен өткен кең көлемді форумға еліміздің түкпір-түкпірінен жалынды жастар жиналды. Әр өңірде өзгеге үлгі болар, өнеге болып өрілер кең тынысты, өзгеше өрісті, нәтижесі қуантарлық іс бар. Сол шаруаның бәріне көкірек көзі ояу, құлағы түрік, жастар үшін тиімді әрі мағыналы өзгеше өріс іздеген жастар алтын діңгек болып жүр. «Tool fair» озық жобалар жәрмеңкесінде тыңға түрен салған соқталы ой, соны ізденіске куә болдық. Бар шаруа жұмырдықтай жиналып, бір арнада тоғыса келгенде жас толқынды жаңа биікке көтермек, тың серпін бермек. Форумның басты мақсаты да сол. Үш күнге созылған форум барысында әрқилы бағыттағы ізденістер ізі екшеліп, оралымды ойлар айтылды. Шеберлік сыныптары өткізілді.
«Әділетті Қазақстан – адал азамат» алаңында өзекті мәселелер ортаға салынды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастардың жанын жадыратып, қызығушылығын арттыратын бірқатар мәселелерге тоқталды. Орын алып отырған кемшілік те айтылмай қалмады.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда жастарымыз туған жердің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі мен бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүргенін ерекше атап өткені белгілі, – деді министр, – сонымен қатар, «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті» деген еді.
Министр өз сөзінде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның күшіне енгендігіне тоқталды. Жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайып отыр. Қазір олардың саны алты миллионға өсті. Заңды іске асыру үшін 7 бағыт және 80 іс-шаралар кешеніне қол жеткізуді көздейтін, 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарда жастар, әйелдер және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квота енгізілді және барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестерде жастар үшін 20 пайыздық квота енгізу жоспарлануда. Мұның барлығы жастарға деген қамқорлық. Биыл 223 мәслихат сайлауы өтті, онда 3420 депутат сайланды. Оның ішінде 25-35 жас аралығында 578 депутат бар. Бүгінде 258 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оған 3846 адам мүше, оның 349-ы жастар.
Қоғамдағы жастардың алар орны, атқарып жатқан қыруар шаруасымен қатар, айрықша өзекті мәселелерге де назар аударылды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, «АMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек жастарды форум жұмысының басталуымен құттықтай келе, оларға жүктелер міндет межесін айқындады. Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңірде атқарылып жатқан оң шаруалар туралы баяндап берді. Облыста 212 мыңнан астам жас бар. Жастар саясатын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 850 миллион теңге қаражат бөлу көзделген. Ағымдағы жылдан бастап жастарға арналған 2,5 пайыздық несие берілуде. Күні бүгінге дейін 128 жас 597 миллион теңге несие алып, өз істерін бастап кетті. Олар өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, көпке көмегін тигізбек. Облыс әкімінің атаулы стипендиясы 231 студентке беріледі. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 125 миллион теңге бөлініп отыр. Осы бағыт бойынша 2500 ақмолалық жас жоғары білім алып, нәтижелі еңбек етуде. Жоғары оқу орындары студенттері үшін облыстық бюджеттен бакалавриатқа 160 грант және резидентураға 35 грант бөлініп отыр. Биылдан бастап жастардың шығармашылық идеяларын, стартаптар мен жобаларды іске асыру үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша өңірлік жоба қолға алынған. Жеңімпаздарға бір миллион теңге көлеміндегі гранттар қарастырылған.
Бұл ел бойынша атқарылып жатқан қыруар шаруаның бір парасы ғана. Алда қанша ауқымды іс бар. Ойға алған шаруаны оңынан оңғару үшін оңтайлы жұмыс істеген абзал. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі жас толқынның бойындағы келеңсіздіктерді саралай келіп, одан арылу жолдарын да нұсқай кетті. Ал, көңіл аударар тұс аз емес. Мәселен, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Vемлекет басшысы соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан 15 пен 29 жас аралығындағы жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы әлем бойынша алдыңғы қатарда екендігін атап айтқан болатын. Алдағы уақытта осындай жан түршіктірерлік оқыс оқиғалардың себеп-салдарын анықтау парыз. Жастар арасындағы құқық бұзушылық та өршіп тұр.
– Статистикалық деректерге сүйенсек, 2023 жылдың 1 тамызында Қазақстанда психоактивті заттарды қолданатын 108,8 мың адам бақылауда болды. Оның 90,6 мыңы алкогольге тәуелді, 18,2 мыңы есірткіге тәуелді. Оның 50 пайыздан астамы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар, – деді министр, – бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша 7,5 миллион қазақстандықтың төленбеген несиелері бар. Бұл елдің экономикалық белсенді халқының 77 пайызы. Қарыз алушылардың 50 пайыздан астамы 18 пен 35 жас аралығындағы жастар.
Жоғарыда айтылған айрықша маңызды мәселелер шешімін тез арада қарастыруды талап етеді. Бұл орайда атқарылып жатқан орасан зор жұмыс та бар. Ел бойынша 232 жастар ресурстық орталықтарында жастармен жұмыс істеп жатқан үш мыңнан астам маманның жалақысын көтеру мүмкіндігі қарастырылуда. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, жалынды жастарды жақсы істерге бағыттап, үйлесімді жұмыс істеп жатқан олардың жауапкершілігі арта түседі. Жастар үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатысудың нақты алгоритмдерін қамтитын бірыңғай интерактивті ақпараттық-цифрлық платформа құру жоспарлануда. Бұл оларға барлық мемлекеттік қолдау шаралары туралы дер кезінде егжей-тегжейлі біліп қана қоймай, өздері де белсене қатысуға, өз идеяларын ұсынуға мол мүмкіндік бермек.
Жастар ғылыми-зерттеу орталығын өңірлік проблемаларды зерделеуді қоса алғанда, тұтас саланы егжей-тегжейлі сараптап, мұқият зерттеумен айналысатын республикалық-әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
–Соңғы жылдары елімізде креативті индустрия қарқынды дамып келеді, – деді министр, – Мемлекет басшысы креативті индустрияға ерекше назар аудару керектігін атап өткен болатын. Сол себепті үстіміздегі жылы алғаш рет «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына «Креативті қызмет» аталымы қосылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев үстіміздегі жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында президенттік кадрлық жастар резервіне құжат қабылдау басталғанын еске салды. Сөз арасында мемлекеттік қызметке кіру ережелерін жеңілдету туралы жағымды жаңалықты форумға қатысып отырған жастар қуана қарсы алды. Биылғы жылдан бастап барлық процестердің бір бөлігі жеңілдей түспек. Конкурсқа қажетті құжаттарды электронды пошта арқылы тапсыруға болады. Әңгімелесуді қашықтан өткізеді. Бастапқы құжаттар жиынтығының тізімі біршама қысқартылды.
Слетке қатысушы жастар министрге өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерге байланысты сан алуан тақырыптағы сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Көтерілген мәселелердің бірқатары жұмыспен қамту. Әсіресе, шалғайдағы шағын ауылдар да екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың нәтижелі жұмыспен қамтылуы, белгілі бір кәсіпті игеру, сондай-ақ, жастардың белсенділігін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайту. Бұл орайда мемлекет тарапынан қыруар жұмыстың қолға алынып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бір әттеген-айы, ауыл жастарының барлығы бірдей қамқорлық жайлы құлақтана алмай отыр. Алдағы уақытта осы бір олқылықтың орнын толтырса, оң болар еді.
Облыс орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жатқан журналистермен жүздесті. Кездесу барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов жастар тәрбиесіне байланысты өзін толғандырып жүрген пікірлерімен бөлісті. Ел ағасының ойынша, жас толқынды игі істерге ұйыту үшін олардың бойындағы елжандылық қасиеттерді нығайта түсу қажет. Болашақты бажайлаған байыпты сөз, оралымды ой көкейге қонымды еді. Министр де ақсақалдың лебізін ағынан жарылған аталы сөз деп бағалады.
Сапар барысында Науан хазірет атындағы орталық мешіттің жұмысымен танысты. Достық үйіндегі «Қоғамдық келісім» мекемесінде ұлттық орталықтарының жетекшілерімен жүздесіп, достықтың дәнекер арқауын нығайтып жатқан өзге ұлт өкілдерімен пікір алмасты.
Алдағы уақытта жас толқынның заман талабына сай білім алуына, еңбек етуіне бар жағдай тудырылуда. Ендігісі жалын жүрек, құрыш білек жас толқынның өз қолында.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.