Мемлекет басшысының бұдан бұрынғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу қажеттілігі атап көрсетілген еді. Біздің комитет те оны тиімді іске асыруға белсене қатысты.
Аталған стратегиялық тапсырма Президенттің 2020 жылғы тамыз айындағы Жарлығымен бекітілген «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» өз көрінісін тапты. Тұжырымдаманың басты мақсаты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын, яғни, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында кері байланысты қалыптастыру үшін азаматтардың сындарлы сұраныстарына жедел әрі тиімді ден қою моделін енгізу болып табылады.
Осы ретте, комитет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ел бойынша «е-Otinish» ақпараттық жүйесін іске қосты. Бұл жүйе өтініш берудің рәсімін едәуір жеңілдетті. Мысалы, бұрын азаматтар өтініш беру үшін мемлекеттік органға келіп, өтінішті қағаз күйінде тапсырып, оны қарау барысын кеңсеге қоңырау шалу арқылы қадағалап отыруы керек еді. Енді кез-келген адам үйден шықпай-ақ интернеттің көмегімен аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар мемлекеттік органдарға тікелей жүгіне алады.
Өтінішті жеткізу уақыты 2-3 күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Бұрын мемлекеттік органға жүгіну үшін аудан орталықтарына немесе қалаларға баруға мәжбүр болған ауыл тұрғындары жолға немесе пошта қызметіне қомақты қаражат жұмсайтын. Ал, қазір бұл жүйенің арқасында уақытты ғана емес, сонымен бірге, қаражатты да үнемдейді. Сондай-ақ, осы модельдің артықшылығы ретінде «e-Otinish» жүйесінің көмегімен өтініштерді қарау процесінің жеделділігін және жауаптардың сапасын бағалау сервисін атап өтуге болады.
Бұрын өтініш берушілер өз өтініштерін кеңсе және мемлекеттік органдардың Call-орталықтарына телефон соғып, қадағалауға мәжбүр болды. Енді мобильді қосымша арқылы жолданатын өтініштердің жай-жапсары туралы ақпарат пайдаланушының жеке кабинетіне келіп түседі. Пошта операторлары арқылы жіберілетін өтініштер SMS-хабарламалар бойынша өз мекенжайын табады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2023 жылдың өткен сегіз айында мемлекеттік органдарға осындай 1 миллион 822 мыңнан астам жолданым келіп түсті. Көп жағдайда арызданушылар өтініш беру арқылы жүгінеді, бұл көрсеткіш 61 пайыздан астам болды, (1 129 445), сұрау салулар – 11 пайызды (209 023) және хабарламалар 9 пайызды құрады. (161 118). Шағымдардың үлесі – 6 пайыз (103 663), ұсыныстар – 2,5 пайыз (43 837), ал, үн қосулар – 0,4 пайыз (7 061).
Жолданымдардың негізгі бөлігі жер пайдалану мәселелеріне қатысты, олар – 122 мыңнан астам немесе 7 пайыз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері шамамен, 101 мың немесе 5,5 пайыз, салықтық әкімшілендіру – 93 мыңнан астам немесе 5,2 пайыз, құрылыс – 58 мың немесе 3,2 пайыз, әлеуметтік қорғау мәселелері 51 мың немесе 2,8 пайызды қамтыды.
Келіп түскен жолданымдардың 70 пайыздан астамы мәні бойынша қаралып, олар бойынша келесі шешімдер қарастырылды:
– 663 376 әкімшілік акт қабылданды, оның ішінде қолайлысы – 589 952, ауыртпалық салатын акті – 73 424; 105 941 әкімшілік рәсім тоқтатылды; 382 809-ына жауап берілді.
Комитет азаматтардың өтініштерін есепке алу тұрғысындағы уәкілетті орган болып табылады және келіп түскен өтініштерді қарау тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, қолда бар өкілеттіктер шеңберінде комитет мемлекеттік органдарда өтініштерді тіркеу және қарау сатыларында азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Мысалы, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде бақылау-қадағалау іс-шараларының 6 мыңнан астам түрі іске асырылды, 770-ке жуық түрлі бұзушылықтар анықталды, олар комитеттің араласуынан кейін жойылды.
Осылайша комитет Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес құқық қорғау органдарының күнделікті қызметіне озық цифрлық технологияларды енгізу, бизнесті қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік аппарат тағы төрешілдікті жою жөніндегі жұмысты пәрменді жүргізіп келеді және одан әрі жүргізе беретін болады.
Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ,
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы
есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары.