Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алғашқы жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Министрдің аймаққа сапары кезінде онымен облыс әкімі Марат Ахметжанов бірге болды.
Мұнда соңғы кезде үздіксіз жауған жаңбырларға байланысты күзгі дала жұмыстары қарқын ала алмай тұр. Ауа райының қолайсыздығынан бүгінгі таңда облыста барлығы 834,3 мың гектар алқаптың немесе бүкіл егіс алаңының 17 пайызының ғана астығы жиналды.
Осыған орай, өткен сенбі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы облыстың үш ауданына барды. Олардың әрқайсысында агроқұрылымдардың басшыларымен биылғы егін орағының өзекті мәселелері талқыланды. Бәрін алаңдатып отырған мәселе бірдей. Екі аптадан астам жауған жаңбырдың салдарынан диқандар бидай дақылын жинай алмай отыр. Олар астықтың сапасыз болуынан келесі жылы тұқымсыз қалатынына алаңдаулы. Астықты кептіру үшін әлдеқайда көп отын қажет ететін элеваторлардың рентабельділігі де алаңдатады. Несиелік міндеттемелер мен субсидиялар да шаруалар үшін маңызды мәселенің бірі болып тұр. Айдарбек Сапаров осы ретте, барлық мәселелер жедел шешілетінін атап өтті.
– Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады. Барлық қаржы институттары несиелік міндеттемелерді ұзарту мүмкіндігін қарастырады. Астықты кептіруге арналған дизель отынының бағасы мен қосымша көлеміне келетін болсақ, басқа мемлекеттік органдармен келісу процесі аяқталып жатыр. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен кептіргіштері бар фермерлер үшін міндетті түрде арзандатылған отын беріледі, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы агроқұрылымдардың басшыларымен кездесуде.
Шаруалармен кездесуге қатысқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та барлық шаралар қабылданатынын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде егін жинау науқанын өткізу мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары бастаған комиссия құрылды.
Ақмола облысына сапары қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрі жедел штаб отырысын өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарының қызмет бағасын өсірусіз тәулік бойы жұмыс істеуі, астықтың сандық және сапалық сипаттамаларын есепке алу үшін аумақтық инспекциялар мен карантиндік қызметтердің де өз жұмысын күндіз-түні ұйымдастыруын қамтамасыз ету мәселелері бар. «Қазагроэкс» АҚ Азық-түлік корпорациясындағы қолда бар астық қорын зерттеп, оның тұқым материалы ретінде пайдалануға жарамдылығын тексерістен өткізеді. Оның барысында 2024 жылы себілетін тұқымдар бөлек сақталады.
Облыс әкімдіктері субсидия алуға келіп түскен өтініштерді тездетіп, мұқият қарау үшін жұмысқа қосымша мамандарды тартады. Шаруалар тарапынан туындайтын сұрақтар мен мәселелерді жедел шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы Қостанай облысында болды. Алдағы күндері бұл уәкілетті органдардың өкілдері Солтүстік Қазақстан мен Ақмола өңірлеріне де барады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап жатқан бұл шаралар қолайсыз ауа райының салдарын барынша азайтуға және отандық шаруаларды қолдауға мүмкіндік береді.
9 қыркүйектегі жедел мәліметтерге сәйкес, республика бойынша барлығы 5 миллион гектар алқаптың астығы жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 29,2 пайызын құрайды. Әзірге әр гектардан орташа есеппен 9,9 центнерден өнім алынып, 5 миллион тонна астық бастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.