Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбекпен жеткен мұратқа - АРҚА АЖАРЫ

Еңбекпен жеткен мұратқа

Көпбалалы отбасында өскен бала көпшіл әрі бауырмал болады. Әсіресе, үйдің тұңғыш балалары әке-шешесіне ауыртпалық артпауды ойлап, соңынан ерген іні-қарындастарына қамқор болып өседі. Тіпті, кейбіреуі өздері жоғары білім ала алмаса да, бауырым оқысын деп үйдегі бар тәуірді өзінен кішіге беретіні бар. 

Ес білгелі өз басым бауырым деп жүрегі лүпілдеп, көңілі сол жаққа алаңдап тұратын, мейірімі мақпалдан да жұмсақ, пейілі шалқардан да кең жандарды көргенде аса бір ыстық ықыласпен һәм зор құрметпен қараймын.  Күні кеше осындай ізгі жүректі, кеңпейілді жанмен жақынырақ танысудың сәті түсіп, көркем мінезді абзал жанның өнегелі ғұмыр жолына бойлай түстік.

Көкшетау қаласының тұрғыны, танымал ресторатор Тожибуви Медетованы былайғы жұрт ірі кәсіпкер ғана емес,аса еңбекқор жан деп танитыны рас. Ол ірі кәсіпкер ретінде өңірімізде өтіп жататын көптеген қоғамдық игі шаралардың басы-қасында жүріп, реті келген сәтте қамқорлыққа зәру жанға қол ұшын беріп, барынша көмек көрсетіп жүретініне талай мәрте құлағдар болғанбыз.Сырттай тамсанатынбыз, тәнті болатынбыз бірақ, кым-қуат тірліктің жетегінде жүріп, жақынырақ танысудың бір сәті түспей қалып жүрді. Таяуда көптен бері көкейде жүрген сол ізгі ой жүзеге асып,  сұхбаттасып- сырласудың оңтайлы сәті орала кетті.        Қазақ «Жүзі жылыдан түңілме» деген.  Әсіресе, ол отбасы туралы тіл қатқан сәтте ып-ыстық жүрегі сөйлеп тұрғандай әсерге бөлеп, жылы жүзі тіптен шырайлана түсіп, сол жан жылуына жан-жағындағыларды бөлей түсетіні бар.

– Мен көп балалы отбасында тәрбиелендім. Өз басым үйдегі он екі баланың үлкенімін. Оңтүстік Қазақстан облысының Сұлтан-Рабат ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Усманжон Адашев балалар үйінде тәрбиеленген. Бәлкім содан ба, өз басым бауырдың қадірін жақсы түсінемін. Әкемнің көзінен үнемі бір мұң байқайтынмын. Қайтсем, әке-шешемді қуантамын, қайтсем, сол кісілердің разылығын алсам деген оймен жүретінмін. Әкемнің айтуынша, ол кісі  өзінің азаматтық борышы, әскери міндетін  Қарағанды қаласында атқарса керек. Содан әскери қызметтен кейін досымен бірге Өзбекстанға оралмай, Қазақстанда қаламын деп шешсе керек. Осында анамды кездестіріп, шаңырақ көтеріп, уығын тіктеп, тамыр жайды. Біз қарапайым отбасында тәрбиелендік. Әкем шахтер, ал, анам 3-4 жұмысты қатар алып жүрді. Он екі баланы бағып-қағу оңай-оспақ шаруа емесі анық. Мен үйдің үлкені болғандықтан, өзімнің соңымнан ерген бауырларыма қамқор болуға тырыстым. Адал жұмыстан қашпайтынмын. Үй шаруасына қатысты барлық жұмысты меңгердім. Бар ойым ата-анама жәрдемдессем екен деген балаң жүрекпен жарғақ құлағым жастыққа тимей, бәйек болатынмын.  Қазір ойлап отырсам, сол кезде мен бар болғаны мектеп жасындағы бала едім ғой. Бірақ, соған қарамастан, бар бауырым үшін жауапты болатынмын. Анам жұмыстан кеш оралса да, бізге күніне 25-30 шелпек пісіріп беретін. Біз соны күні бойы талғажу етіп, қантқа батырып жеген күндерім есімде. Балалардың сабағын қарау, ұйықтату, тамақтандыру, су тасу, жалпы, үйдің бар шаруашылығы менің мойнымда еді. Бауырларыма қамқор бола жүріп, оқу оқып, дәрігер боламын деген арманыма қол жеткізе алмадым. Бірақ, өмірге еш өкпе, еш өкінішім жоқ.  Барлығы да тағдырдың жазуынан. Жалпы өмірден бір түйгенім, адамның ниеті түзу болса, алынбайтын асу, бағындырмайтын белесі жоқ деп ойлаймын. Мендегі бар мақсат бауырларымның арман жолына жол ашып берсем деген ниет еді. Аллаға шүкір, сол арманыма қол жеткіздім,– дейді апай.

Осындай кеңжүректі адамның ой-пайымына қалай сүйсінбейсің! Жүрегінде бар әлем сиып кетердей кеңдік бар!  Иә, қазақтың «Кең болсаң, кем болмайсың» дегені бар емес пе? Шынымен де барлығы да ниеттен. Апайдың әр сөзінен ақыл-парасаты аңғарылып-ақ тұр. Әр сөзі тұңғиық ойға жетелейді. Қара басын алып жүре алмай жүрген қаншама адам бар. Көп болса да, жалғыздықтан баз кешкен қаншама тағдыр бар, шынымен…

– Орта мектепті тәмамдаған соң,  не де болса да, өз арманыма қадам басып көрейін деп, бағымды сынамаққа мамандық иесі атануға талпынып көрдім. Бірақ, жолым болмады. Бәлкім, оқуға түссем, бауырларым қалай болады деген ой басымырақ болды ма, кім білсін, бірақ, оқуға түсудің оңтайы келмеді.  Үйде тағы қолқусырып қалай отырайын. Сол сәтте Әли ағатайым көмек қолын созды. Бала күнімнен тамақты дәмді әзірлейтінмін.  Сол кісінің көмегімен аспазшылар училищесіне оқуға түстім. Колледжден кейін әртүрлі жұмыстарды атқардым. Адал еңбектен қашпайтынмын.  Жұмыс алдымнан үркіп отырды. Шаруаны тез істейтінмін. Елгезек деп мақтайтын әріптестерім. Ыдыс жуушы да, еден жуушы да болдым.  Кассада да тұратын мен, даяшы болатын да мен,  қажет болса дәретхананы да тазалап қоятынмын. Өз ісіме аса адалдықпен, зор жауапкершілікпен  қарайтынмын. Тігінші болып та жұмыс істедім. Қай жерде жұмыс істесем де әке-шешем ұялмайтын, адал еңбеккер болуға тырысатынмын. Бәрімен ортақ тіл табысуға, соңымнан сөз ертпеуге барымды салдым. Тапқан-таянғанымды ата-анама, бауырларыма әкеліп беретінмін, –  деп еске алады сол күндерді  Тажибуви Медетова.

Иә, ата-анасының ақ батасын алған баланың жолы қашанда ашық. Кез-келген ата-ана өз баласының жанында жүрген ақ періштесі ғой. «Баталы ұлға бақ қонар» деген.  Мәселе қай мамандықты меңгергеніңде емес, қайда оқығаның да аса маңызды  емес.

– Он тоғыз жасымда тұрмыс құрдым. Жалғыз қызым, өмірімнің қуанышы, мәні, сәні Раномыздан бүгінде жиен немере сүйіп отырмыз.  Аллаға шүкір,қызым 4 баланың анасы. Өз отбасымда көрген жылылықты өз ұрпағыма дарытқым келеді. Менің ата-анам маңдай терімен адал еңбек атқарып, бізді асырап бақты. Өз басым сол кісілердің алдында маңдайым жерге тигенше иіліп, алғыс айтудан жалықпаймын.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме? Қызым дүниеге келгенде қаржылай біраз қиындықтарды басымыздан өткердік. Отбасына қаржылай көмектесу үшін фосфор зауытына аспазшы болып орналастым.  Күніне екі мың адам бір ауысымда тамақтанатын. Жанымды салып жұмыс істедім. Ұжым алғысына бөлендім…

Қай ортадан табылса да алғыс арқалап жүретін жақсы адамға бәлкім көз тиді ме, бәлкім бұл өмірдің сынағы болды ма, кім білсін, бірақ өмірде бәрі де біз ойлағандай бола бермейтіні бар.  Дәрігерлер Тожибуви Медетоваға денсаулығына байланысты басқа өңірге көшу керектігін айтып, кеңес береді. Әйтпеген күнде денсаулық сыр беруі мүмкін дейді олар.  Олар отбасымен ақылдасып,  шырайлы Шымкенттен  көрікті Көкшетауға қарай көш түзейді. Міне, осы жылдан бастап Тожибуви апай өз отбасымен Көкшетауда қоныстайды.

–  1996 жылдың қаһарлы қысы әлі күнге дейін көз алдымда.  Біз келісімен өз кәсібімізді дөңгелетіп,  үй асханасының кішкентай вагонын ашып,  онда дәмді тағамдар дайындадық. 1997 жылдың басында Көкшетау қиын кезді басынан өткерген болатын. Көкшетаудың жылу қазандығы мен барлық жылу құбырлары қатып, жарылып, қала тұрғындары бейнетті күндерді басынан кешкені күні бүгінгідей есімде. Сол кездері электр жарығы да белгілі уақытта ғана беріліп жүрді.  Біз де сол қиындықты елмен бірге көріп, барынша қала халқына қолдау көрсетуге тырыстық. Көп адам менен неге Отаныңа оралмайсың деп сұрайтыны бар. Иә, рас атамекеніме құрметпен қараймын, дегенмен, жүрегім Қазақстан деп соғады!

Қазір Тожибуви Медетова отбасылық бірнеше бизнесті басқарады. Қарамағындағы қызметкерлердің барлығына бірдей қамқоршы, әрқайсысының көңілін көзінен ұғып, жақынындай жанашыр бола біледі.

– Кез-келген мәселені сабырмен шешсеңіз, шешілмейтін түйін жоқ екендігін түсіндім. Өмірдің әрбір сәтін бақытқа балау маңызды. Байқап жүремін,  қазіргі жастардың көбіне шыдамдылық жетіспейді. Олар байлық пен мансапқа жылдам әрі тез қол жеткізгісі келеді. Негізі байлық та, бақыт та  ақшамен өлшенбейді. Мен үшін отбасымнан асқан қазына жоқ. Өткенді ұмытуға болмайды. Ата-аналарымызбен аға буынға құрметпен қарау менің өмірлік қағидам.  Сол үрдісті өз балаларыма аманат етіп жүрмін.  Бұдан қиын кезеңде де адамдар бір-біріне аса қамқорлықпен қараған. Сол үрдісті бүгінгі ұрпақ жалғастырса екен деймін. Өмірде бәрінен де көңіл қымбат.  Қолым қалт еткенде, міндетті түрде жетімдер мен қарттар үйіне барамын. Өмірдің тақбезесін тартқан қамкөңіл жандарға көңіл бөлгім-ақ келіп тұрады. Атаулы мерекелерде үнемі сондай жандарға сый-сияпат жасап, көңілдерін аулаймын. Ата-баба жолымен жұма сайын Құран оқып, құрмалдық беруді ұмытпаймыз.  Жаңа жыл, 8 наурыз, Наурыз, 9 мамыр мерекелерін де достарымызбен және көрші-қолаңмен бірге тойлаймыз.  Менің енем көпті көрген, сегіз баланы тәрбиелеген майдангер батыр ана болатын. Қайын енемді құрмет тұтып өттім. Сол ізгілікті балаларым да жалғастырса екен деп ойлаймын, – дейді ол.

Тожибуви Медетова – жан-жақты тұлға. Ол жүрген жерінде бірлік, татулық, мейірім сияқты адами абзал құндылықтарды насихаттап жүреді. 2015 жылдан «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы өзбек этномәдени орталығын басқарып келеді.

Иә, Тожибуви Медетованың ғұмыр жолына бойлаған сайын,шынымен де адамды абзал атына сай ететін алдымен оның көркем мінезі мен еңбекқорлығы екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Еңбек түбі зейнет қой, расында да.Мұратына еңбекпен жеткен Тожибуви Медетованың өнегелі өмір жолы осының айқын айғағы екендігі анық.

  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар