Орман, жасыл желек десек, біздің көз алдымызға нешетүрлі ағаш түрлерінен тұратын ғажайып табиғат байлығы келеді. Қиялмен тап бір сол қалың орманның саясында жүргендей ерекше бір күй кешіп, көңілің толып қалады. Жазда сая, қыста пана жасыл орман өзінің керемет тартылыс күшімен бізді, адам баласын өз құшағына алып, аялаумен келе жатқалы қаншама ғасырлар өтті.
Адамзат осы иен даланы мекендегелі орманмен жаны да, тағдыры да бір болып келеді. Бүгінгідей атом ғасырында ғылым мен техниканың алға қарыштап дамығаны сондай, оның кері әсері біздің ормандарымызға да тиіп жатыр. Әсіресе, өнеркәсіптік аймақтарда ауаның шамадан тыс ластануы, ірі кәсіпорындардан бөлінетін өндірістің улы қалдықтары, оған қоса, халықтың әр кезде бірдей қолда барды бағалай бермей, қоршаған ортаға зиян келтіретіні бар, осының бәрі қосыла келе, ормандарға да зардабын тигізіп, олардың азаюына, өртке шалдығып, қатарларының сиреуіне, небір бағалы ағаш түрлерінің қурап, семіп қалуына әкеліп жатқаны көңілге кірбің түсірмей қоймайды.
Осы орайда, біз тұтастай елімізбен бірге, көрікті Ақмола мен Көкше табиғатына да алаңдаулымыз. Жыл сайын аптап ыстықтар орман-тоғайларымызға өрт кесапатын тигізбесе екен деп қанша шыбын жанымызды шүберекке түйгенімізбен, ең қолайлы деген жылдардың өзінде кемі бірнеше гектар орманның өртке шалдығуы табиғи байлығымызды азайтып, көлеміне сызат түсіре берері айқын. Осының бәріне жаның ауыра жүріп, табиғат ана алдындағы жауапкершілік сезімі, орман-тоғай, көлдерімізге жанашырлық көзқарас бәрімізде де арта түссе екен деп ойлаймыз. Өйткені, бүгінгі табиғатқа деген үлкендердің сәл теріс ісін соңымыздан еріп келе жатқан өскелең ұрпақтың да ертең дәл солай қайталамасына, олар да табиғат жанына жара салмасына кім кепіл?! Сондықтан да, барлық жерде, үйде де, түзде де, мектеп, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, мекемелерде де қоршаған ортаны аялау, күтіп ұстау, қорғау мәселелері жиі сөз болып, көкірек-зерделерімізге құйылып отырса, бұдан титімдей болсын нәтиженің де болары айдан анық. Жалпы, есік алдындағы өсіп тұрған өскін талдың өзін мәпелеп, бұтағын сындырмау, жапырағын жұлмау жағдайы балабақшаларға дейін бүлдіршін балғындар құлағына сіңіріліп отырылса, құба-құп.
Әзірге бізде осы ормандардың тазалығына, күтімі мен бабына, көлемінің ұлғаюына тек орман қызметкерлері ғана жауапты сияқты жағдайлардың қалыптасып отырғаны шындық. Көктем келіп, жаз басталғаннан көбіне-көп осы сала адамдары сол орманның жай-күйі дұрыс болса екен, ол тоналмаса, өртке шалдықпаса екен деп тыным таппайды. Қыста да сол жағдай, орман-тоғайларымыздағы небір бойын көкке тіктеген сүйрік қайыңдарымыз, тал-теректеріміз қысқы отын үшін балтаның жүзіне түсіп кетпесе екен деп маза жоқ. Оған сала қызметкерлерінің көңілін алаң қылатын және бір белгілі жай, біздің Ақмола облысында онсыз да орман қорының аздығы, бүгінгі таңда облыстың бүкіл аумағының тек 2,6 пайызы ғана орман алқаптарына тиесілі екендігі. Бұл әрине, өлкеміз ағашсыз деген сөз емес, бірақ, бір қарағанда айналамыз жасыл желекке толы көрінгенімен, осынша аумағымызда ғана жасыл желек бізге әл-қуат беріп тұрғаны шындық.
Жалпы, Ақмола облысының бүкіл ауқымына келсек, аумағы 14 миллион 613 мың 200 гектар жерді алып жатқан жайы бар. Соның ішінде 2023 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша орман қорының жерлері 10 миллион 586 мың 78 гектарды құрайды. Ал, жоғарыда өте аз деген орман алқаптары 520671 гектар ғана. Осы жеріміздің жағдайын одан әрі жіктесек, орманмен қамтылған алқаптар 437156 гектар, ал, ормансыз жерлер 538007 гектарға тең. Тағы бір мәлімет, орманды жерлердегі қылқан жапырақты ағаштардың үлесі 50 пайыздан асады. Міне, сипаты осылай болып келетін бұл жерлердің бәрін оттың ұшқынынан, суық қолдың сұғынан қорғау, қорғап қана қоймай, орман-тоғайлардың үлес салмағын еселеп, көбейту орман шаруашылығы қызметкерлерінің абзал борышы.
Осы арада тағы бір анықтап алатын мәселе, жалпы облысымыздың аумағында 23 мемлекеттік орман иеленуші жұмыс істейді. Олар Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының 13 мемлекеттік орман шаруашылығы, 3 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы, Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы, «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, Республикалық орман селекциялық орталығының «Солтүстік өңір» филиалы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты, «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының «Астана қорғаныш орман екпелері» филиалы. Осы заңды тұлғалардың бәрінің өз бағыт-бағдарына қарай орман алқаптарымен тығыз байланысты болып келетін өз жұмыстары, мойындарына алған міндеттері бар.
Сонымен бірге, облыс аумағында жалпы көлемі 1017 гектар жерді алып жатқан жеке орман қоры да бар екендігін айта кеткен жөн. Оның ішінде орман алқаптары 157 гектарды, ал, орман емес алқаптар 860 гектарды құрайды. Мұнда да иелеріне жүктелген міндет-парыздар осы орман алқаптары мен одан тыс жерлерді басқа мақсаттарға пайдаланбай, тек өз бағыты бойынша күтіп ұстауды, осы аумақта тек заң шеңберінде ғана әрекет етуді қарастырады.
Енді осы салада мәселенің ең бастысы болып саналатын ормандарды молықтыру және орман алқаптарын өсіріп, жетілдіру жайына тоқталсақ, биылғы жылдың көктемінде облысымызда жалпы ағаш түптерінің саны 24 миллион 113 мың дана болатын. Содан бері 4845 гектар алқапқа орман дақылдарын отырғызу және толықтыру жұмыстары жүргізілді. Бұл арада облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының үлесінде ағаш отырғызылған 1889,5 гектар жаңа алқап бар. Бұл екінші бір қырынан алсақ, орман қорына 11 миллион 396,5 мың түп ағаш қосылды деген сөз. Осы жұмыс «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күшімен 28,7 гектар алаңда атқарылды. Санына келсек, 231,2 мың түп ағаш. «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің үлесінде де ағашпен көз тартқан 4,3 гектар алқап немесе 49,2 мың түп жасыл желек бар. Биыл «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі де бұл жұмысты 10 гектар алаңда жүргізіп, барлығы 125,2 мың түп ағаш отырғызды. Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы облысымыздағы ағаш түптерін 10 мың данаға толықтырды. «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны әсіресе, Астана-Бурабай бағытындағы автобанның өн бойын екпе ағаштармен көмкеру мақсатында 2912,5 алқапқа ұзын саны 12 миллион 301 мың түп ағаш отырғызуымен көп жұмыс атқарды. Міне, жыл сайын осы тектес игілікті істер ортақ құндылығымызға айналып отырылса, орман-тоғайымыздың молаятыны да, бұрынғыдан көбейе түсетін жасыл желекке көңілдің тоғаятыны да сөзсіз.
Осы арада, бұл атқарылып жатқан істердің бір жағынан, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жасау туралы Үкіметке берген тапсырмасынан бастау алып жатқандығын айтқан жөн. Мемлекет басшысының өзі таяу жылдары елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызуды, бұл үшін сол ағаш егілетін орындарды да дұрыс таңдап, айтылғаннан нақты нәтиже шығаруды үлкен міндет етіп жүктеп отыр. Олай болса, осы игілікті шаруаны көп болып ойдағыдай іске асыру ақмолалық орман қызметкерлерінің де абзал борышы деп айтар едік.
Орман дегенде бірден ойға оралатын ендігі бір мәселе, сол айналасына сұлулық пен әсемдік нәрін себездеп тұратын ормандарымыздағы әрбір түп ағаштың одан әрі де еркін өсіп, биікке бойлай беруі, яғни, сұғанақ қолдардан дұрыс қорғалуы. Осы бағытта да үзбей жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың нәтижесінде биыл 110,27 текше метр орман алқабын заңсыз отаудың 10 фактісі анықталды. Сөйтіп, есептей келгенде одан қоршаған ортаға келтірілген залал 1 миллион 301 мың 740 теңге болып шықты. Біздің инспекция мамандары жыл басынан бері осындай заңсыз ағаш кесулердің алдын алу үшін 44 жоспарлы және 41 жоспардан тыс тексерістер жүргізді. Сондай-ақ, табиғат қорғау заңнамасын сақтау бойынша 32 рейдтік іс-шара өткізілді. Бұл тексерістер мен рейдтік іс-шаралар да орман тағдырымен ойнайтындар үшін ізсіз өткен жоқ. Осы жұмыстардың барысында 151 әкімшілік материал толтырылып, орман заңнамасын бұзған кінәлілерге 4 миллион 181 мың теңге айыппұл салынды және бүгінге дейін оның 3 миллион 836 мың теңгесі немесе 91,8 пайызы өндіріліп алынды. Инспекция талап-арыздар мен айыппұлдарды өндіріп алу бойынша бұл жұмысты одан әрі де жалғастыра түсуде.
Орман алқаптарын жас өскіндермен толықтыру, заңсыз ағаш кесушілерден, ластап, бүлдірушілерден қорғау туралы әңгімені де бір қайырып алып, енді ормандарды өрттен сақтау бағытында қолға алынып жатқан шараларға ден қоялық. Бұл ретте, жаз туса, әртүрлі себептерден, біз айтқан орман өрттері де қарап жатқан жоқ. Тек биылғы жылдың өзінде ғана жалпы аумағы 4303,698 гектарды қамтыған 105 орман өртінің оқиғасы орын алды. Оның ішінде тілсіз жау 259,89 гектар орман алқабын, 174,098 гектар орман жамылғысы бар жерлерді сұғына шарпып, ондағы жасыл желек пен бой көтерген шөпке де зардабын тигізді. Бұлай болуының да әртүрлі себептері бар десек те, нақты фактілермен сөйлей кеткенді жөн көрсек, осы өрттердің 58,6 пайызы күн күркіреп, найзағай түсуінен болды. Жеті жағдайда немесе өрт оқиғаларының 6,7 пайызында кінә осы өртке себеп болған халықтан болып отыр. Бұл орайда, жаққан отты сөндірмеу, қызып тұрған шөпке темекі тұқылын тастау, кейде тіпті өзі қолайлы көрген ағаш шоғын әдейі жандыру әрекеттері де көрініс береді. Мұның соңғысы әрине, әлдекімдердің қара бастарының қамын күйттеп, осындай ешкім құп көрмейтін, еш себеп те ақтай алмайтын адамгершілікке жат әрекетке баруы екендігі түсінікті. Айта берсек, тағы бір өрт шығу оқиғасы кәсіпорын кінәсінен орын алса, тағы бір жағдайда бұған сол жердегі ауыл шаруашылығы өндірісінің құлдырауы себеп болған. Ал, 34 жағдайда немесе шыққан өрттердің 32,7 пайызында өрттің шығу себептері анықталмай, сол белгісіз күйі қалды. Бұдан шығатын қорытынды, соны істеген кейбіреулер ізін жасырып үлгерген немесе өрт сөндірілген соң көңіл деген сонымен демделіп, іс аяғы басылған. Қалай болғанда да әрбір анықталып отыратын нақты себеп мұндай келеңсіз жағдайларға тосқауыл қоюға аз ба, көп пе, дәнекер болары сөзсіз. Инспекция қызметкерлері анықтап, біліп отырғанындай, бір өрттің орташа аумағы 41,4 гектарды құраса, бұл табиғатқа келтірілген әжептәуір залал. Оның зардабы бір күнде орнына келмей, біраз уақыт алары да анық.
Сондықтан, орманды қорғау, толықтырып, молайту мәселелерінің де күн тәртібінде өткір тұрғаны осыдан. Өзімізден күтілгеніндей, тиісті қажыр-қайрат танытып, қолда бар айтарлықтай күшпен қоршаған ортаны жасыл желекке бөлей түссек, мұның да ертең келер ұрпақтан ақжарма алғыс болып қайтарына сөз жоқ. Олай болса, осы жолда таңды түнге ұластырып, кейде тіпті үй жүзін көрмей, тынымсыз еңбек үстінде жүретін барша орман шаруашылығы қызметкерлерінің қырағылығын да, өз міндеттеріне деген жауапкершілігін де жоғары бағалауымыз керек. Біз де өзіміздің аумақтық инспекция басшылығы тарапынан өз қызметкерлерімізді және облыс көлеміндегі барлық осы сала қызметкерлерін төл мерекемізбен қызу құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық, ел игілігі, орман-тоғайымыздың несібелі ырыздығы жолындағы жанашыр еңбектеріне зор табыс тілейміз. Әрқайсымыздың тағдырымыз да, тамырымыз да байланған қоршаған ортамыз әманда көңіл көркі – жасыл ормандарымызбен көз тартып, қуанта берсін!
Лашынтай ДҮЙСЕНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық
инспекциясының басшысы.