Ақмола облысыныі әкімі Марат Ахметжанов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Әкіммен бетпе-бет жүздесу және бейне байланыс жасау арқылы болған кездесу барысында тұрғындар тарапынан пәтер бөлу, «Оқжетпес» стадионының футбол алаңын жөндеу, саяжай учаскесіне меншік құқығын тану, құс фабрикасын салу, жер учаскелеріне қатысты сұрақтар болды.
Әкіммен кездесу барысында мысалы, Целиноград ауданының тұрғындары Гүлнәр Мермұқанова мен Күлтай Жүнісова «Жайлау City» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мәселесі бойынша өтініш білдірді.
Облыс әкімі бұл өтініш бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Арман Ризановқа инвестор мен мүдделі органдардың қатысуымен жедел кеңес ұйымдастырып, мәселені шешу тетіктерін егжей-тегжейлі қарауды тапсырды.
Зейнеткер Меңдіғали Алшынбаев саяжай учаскесіне меншік құқығын тану туралы жағдайды түсіндіруді сұрады. Осыған орай, Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса бұл мәселе сол жерге барып қаралатынын, сондай-ақ, учаскеге құқық белгілейтін құжаттар зерделенетінін айтты.
«Осы өтінішті тексеруді, заң аясында әділ шешім шығаруды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.
Жеке кәсіпкер Аманжол Меңдібаев жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі бойынша жүгінді. Өтінішті тыңдаған өңір басшысы облыстықауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановқа осы мәселемен айналысуды және тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды.
Соңында аймақ басшысы азаматтардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Барлық көтерілген мәселелер белгіленген заңнамалар шеңберінде өз шешімін табады. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың басшыларына халықтың проблемаларын уақытында қарау және шешу қажеттігі еске салынып, тиісті тапсырмалар берілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.