Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мен – кітапханашымын! - АРҚА АЖАРЫ

Мен – кітапханашымын!

Әр адамның өмірі таңдаудан тұрады. Оның ішіндегі ең маңыздысы жаныңа жақын жақсы жар мен мамандық таңдау. Менің таңдауым – кітапханашы мамандығы. Иә, мен кітапханашымын! Бұл сөзді ауыз толтырып, мақтанышпен айта аламын. Аталмыш мамандықты   қызықсыз, бір сарынды деп ойлайтындар да бар. Ал, мен үшін ол жаныма жақын, қызықты да пайдалы мамандық. Қазіргі заман талабына сай кітапханашы болып қана қоймай, кітапхана қызметінің қыр-сырын жан-жақты, толық меңгерген тұлғамын. Атап айтсам, іс-шара ұйымдастырғанда режиссермін, бейнеролик түсіргенде оператормын, сұхбат жүргізгенде журналистпін, ертегі оқығанда аниматормын. Бір жұмыстың арқасында сан алуан мамандықтың иесі атанамын. Кітапханаға кірген сәттегі ғажайып сырға толы кітаптардың иісінің өзі, мағантабиғаттың хош иісімен бірдей көрінеді.

Кітапханам кішкентай болғанымен, атқарар қызметім зор. Менің міндетім кітапхана пайдаланушыларының ақпараттық сұраныстарын тез және сапалы орындап, кез-келген жастағы оқырмандарды, әсіресе, балаларды кітап оқуға тарту үшін белсене жұмыс істеу. Түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырып, оқырмандардыңкітапқа қызығушылығын арттыруға септесіп жүрген жандардың бірімін. Кітап арқылы балалар бойына парасаттылықты, мәдениеттілікті қалыптастыруға, Отанын, елі мен жерін сүйетін, тілі мен дінін құрметтейтін ұрпақтың көп болуына зор үлес қосуға ниеттімін. Ғаламтор дамыған сайын кітапхананың ұмыт болмауы үшін күрескер әрі көнеден келе жатқан мұрамыз – кітаптың сақшысы да мен боламын. Қазақ халқының әйгілі жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген даналық сөзінде «кітап – ұлтымыздың алтын сандығы іспеттес» деген ұғым жатыр емес пе.

Ғаламтор дамығалы адамдардың барлығы тез ақпаратқа бойы үйреніп алды. Теледидар, радио және интернет  желілері бойынша сағат сайын берілетін толассыз жаңалықтар легін қанағат тұтқан жұртшылық кітап оқуды сиретіп бара жатқаны ащы  шындық. Дегенмен, құндылықтың бастауы кітап екендігі белгілі. Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат»деп кітаптың құдіретіне табынды. Бүгінгі жедел ақпарат тасқынының тасасында қалып бара жатқан «кітап әлемін» қайта жандандыру кітапханашыларға, яғни, біздерге жүктелген үлкен міндет. Қоғам өз кітапханашыларының орнын, мамандықтың мәнін әлі түсінбейді. Жасыратыны жоқ таныс адамдардан, кездейсоқ адамдардан, үйдегілерден, тіпті такси жүргізушілерінен: «Кітапханада не істейсіңдер?», «Кітап оқуға өзі біреу бара ма?», «Сендердің жұмыстарың рақат, күні бойы кітап оқып отыра беретін шығарсыңдар» деген сынды сұрақтарды жиі естиміз. Бұл әрине, қынжылтпай қоймайды. Себебі, шынымен, кітапханашылар мәртебесі мемлекет тарапынан да енді-енді елене бастады. Өйткені, рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның  келер шаңырағы – кітапхана. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «кітап» деген құдіреттен тапты. Уақыт өткен сайын әр  кітапхананың мән – мағынасы арта түсіп, оған оқырман қауымның қайта айналып соғып  отыруы да өмірдің заңды құбылысы.

Ал, заман өзгерген сайын кітапхана ісі заман талабына қарай күрделеніп, әрбір қызмет аясында жаңа технологияларға негізделген белестердің орын алуы, кітапханашы мамандығын жаңа бетбұрысқа бұрып келеді. Кітапханашылардан ел жаңа серпінді бастамалар күтеді. Сол үшін біздің міндет кітапхананы білім мен жаңа технология үндескен қазіргі заман талабына сай мәдени орталық ретінде таныту.

Кітапханашы ретіндегі қызметімді жақында бастасам да, жаңа технологияны, соның ішінде ақпараттық-коммуникативтік, компьютерлік технологияларды біршама жетік меңгердім деп ойлаймын. Функционалдық сауаттылығымды, білімімді жетілдірумен үнемі айналысамын. Әр кезде библиографиялық жұмыстарды ұйымдастыруды алдыңғы қатарға қоямын. Жаңа түскен кітаптарды қабылдап, оларға қалташалар желімдеу, каталог карточкаларын жазып, оларды каталогтарға орналастыру, оқырман формулярын рәсімдеу кітапханашыдан мамандығын жетік білуді, сауаттылықты, жауапкершілікті талап етеді.

Айтулы күндерге, мерекелік іс-шараларға байланысты көрмелер, шолулар ұйымдастыру менің жұмысымның бір бөлігі. Жыл сайын түрлі байқаулар мен шаралар өткізу назардан тыс қалған емес. Оқырмандар конференциясын ұйымдастырып, белгілі бір шығарманы талдап, оқырман санасына сіңіріп, пікір таластырып, ой бөлісуге шақырамын. Сөйтіп, баланың, жалпы оқырманның кітапханаға, кітапханашыға, кітапқа деген сенімін арттыруға тырысамын. Онымен қоса, қазіргі таңда іс-шараларды ұйымдастырып қана қоймай, оларды инстаграм, фейсбук, тик-ток әлеуметтік желілерінде қалың көпшілікке таратып отыру да күнделікті міндетімізге айналған. Осының барлығы кітапханашыдан іздемпаздықты, табандылықты, жан-жақтылықты талап етеді.

Өз тарапымнан іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырып қана қоймай, аудандық, облыстық және республикалық сондай шараларға өзім де белсене қатысамын. Осылайша таяуда жеткен үлкен жетістігім Алматы қаласында Қазақстан Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған республикалық «Үздік жас кітапханашы-2023» байқауында Ақмола облысының намысын қорғап, жүлделі үшінші орынды иелендім. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімнің арасында Ерейментау ауданының Өлеңті деген шағын ауылынан келіп, бақ сынаудың өзі мен үшін зор мәртебе болды. Ал, жүлделі орынға қол жеткізу – үлкен жеңіс!

Көрнекті жазушы Ә.Кекілбаев өз сөзінде «Мен кітапханаларды білім, адамгершілік, парасат ордасы деп білемін, ал, кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» деп біздің жұмысымызға өз бағасын бұрын-ақ беріп қойған. Өзінің қызметіне адал, жұмысына мұқият, міндетіне шынайы берілген жандар барда, кітапхана жүйесі мәңгі өмір сүре бермекші. Кітапханашы мен үшін мәртебелі де абыройлы мамандық екенін осы бір пайым  да растап тұр!

Жадыра ХУДЖАНОВА,
республикалық «Үздік жас кітапханашы-2023»
байқауының жүлдегері, Ерейментау аудандық
орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
Өлеңті ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар