ТМД-ға танымал заңгер

Біз әріптес аға буынның кәсіби шеберлігі мен адамгершілік өнегесін көп айта бермейді екенбіз. Ойланып қарасақ, бұл – аса өзекті тақырып. Белгілі бір салада біліктілігін арттырып жүрген жастарға шеберлік сабағы десек те артық емес. Халқымызда «Аға болсаң, ақыл айт, ақыл айтсаң, мақұл айт» деген тамаша бір нақыл бар. Мұның мәні қарапайым өмірде ғана емес, кәсіби қызметте де ерекше. Яғни әрбір адам өз сласында артынан еріп келе жатқан жас буынға кәсіби деңгейде кеңес бере алуы қажет.

Бүгінде өмірдің биік белесіне көтерілген Әуезнұр Қаженов туралы заң, құқық, сот саласында ізін басқан әріптестеріне шын мәнінде ақылшы аға бола білді, әлі күнге дейін бұрынғы-кейінгі қызмет орындарында қадірлі деп сеніммен айта аламыз.

Әуезнұр Бейсенұлы қасиетті Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов топырағында туғаннан кейін бе, жасынан білімге, даналыққа құштар болып өскені байқалады. Әлем және ұлт тарихындағы өркениетті ізденістерді, еркіндік пен теңдік жолындағы ерен істерді рет-ретімен, орайына қарай баяндағанда оқыған мектебінің біліктілер ордасы болғанына көз жеткізесіз. Ол – аға ұрпаққа мақтаныш, жас буынға үлгі, еліне сыйлы заңгер. Қаншама жоғары лауазымды қызмет атқарып, білікті басшы болса да, қарапайымдығы үстем тұратын ел ағасы, кәсіби тәлімгер. Профессор, заң ғылымдарының кандидаты. 70-жылдары Қазақ мемлекеттік университеті заң факультеті марғасқаларынан білім алған. Осы факультеттің академик-профессорлары Республика күніне негіз болған «Егемендік декларациясының» заңнамалық іргетасын қалағанын да ұмытпалық. Дәл сол еліміз үшін тарихи кезеңде Әуезнұр Бейсенұлы Қазақ КСР мемлекеттік бас арбитрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрді.

Заңгердің қызмет соқпағы 1978 жылы Семей облыстық атқару комитеті әділет бөлімі кеңесшісі лауазымынан басталды. Әрі қарай облыстық соттың мүшесі, облыстық әділет бөлімі басшысының орынбасары, Қызылорда облыстық атқару комитеті әділет бөлімінің бастығы, Қазақ КСР мемлекеттік бас арбитрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Жоғарғы арбитраж соты төрағасының бірінші орынбасары, Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы Экономикалық сотының судьясы, Жоғарғы Соттың судьясы, Павлодар облыстық сотының төрағасы сынды шетінен жауапты да маңызды қызметтерді атқарды.

Біз өзімізді ел танитын осындай деңгейдегі тұлғаның шәкірті санаймыз. Әлі есімде, университеттен заңгер мамандығын алып, енді қызмет істей бастаған кезім. Лауазымды басшы болғандықтан, кішіпейілділік танытып, субординация сақтап, бетпе-бет жүздесуге бата алмайтынмын.

Әуезнұр Бейсенұлы Жоғарғы Соттың судьясы болып жүргенде тағдырдың қалауымен көмекшісі болып жұмыс істеу бұйырды. Сол уақыттан бастап ол кісі басшы, ұстаз, аға ретінде қызметім мен өміріме бағыт-бағдар беріп, кәсіби өсіп, дамуыма зор үлесін қосты. Қарамағында жұмыс істеген үш жылдың ішінде едәуір тәжірибе жинадым. Адами, кәсіби сабақтастықтың тәлімін алдым. Ағамыздың мінезі сырт көзге қатал көрінгенмен, өте сабырлы, ешкімге де, ешуақытта да дауыс көтермейтін, эмоцияға бой алдырмайтын. Ұстамдылығы кәсіби ортада ерекше бағаланушы еді. Ол кісі Қазақ гуманитарлық заң университетінде студенттерге «Мемлекеттік құқықтанудан» дәріс беріп жүрді. Сабақ беруден жалықпайтын. Оның себебін сұрағанымызда, заңгерлік салаға адал ағамыз талапты жастарға жиған білімі мен тәжірибесін беруге құштарлығын, бұл жағдай өзін-өзі тәртіпке салатынын және әр адам бір орында тұрмай, одан әрі жетілуі қажеттігін алға тартатын. Қоршаған ортасындағы адамдардың, әріптестердің киім кию, өзін-өзі ұстау мәдениетіне ерекше көңіл аударатын. Бізге тіпті галстук пен аяқкиімді дұрыс таңдауды жалықпай үйрететін.

Судьялар одағы төрағасы қызметін атқарып жүргенде ұйымдастырушылық, дипломатиялық қабілеті өте жоғары екенін аңғардым. Байсалды, сабырлы, салиқалы мінезінің арқасында ұйымдастыру мәселелерін даурықпай, жөн-жөнімен тез арада, жылдам шешетін. 2009 жылы ҚР Судьяларының V съезі Әуезнұр Бейсенұлының арқасында жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Ол кісі басшы ретінде де, маман детінде де бірауыз сөзбен бірнеше істі қатар тындыратын.

Әуезнұр Бейсенұлы – заң ғылымында орны бар тұлға. Ол халықаралық құқық саласындағы кандидаттық диссертациясын Ресей ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтында сәтті қорғап шыққан. Осы салада 25 ғылыми мақаланың, «ТМД экономикалық соты» атты кітаптың авторы.

Профессор Әуезнұр Қаженовтің Қазақстанның тұңғыш Конституциясына да қосқан үлесін айта кеткен орынды. Ол – 131 негізгі және 13 өтпелі баптан тұратын алғашқы Конституция авторларының бірі. Осы еңбегі үшін оған 1993 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері» атағы берілді. Ал 2002 жылы Әуезнұр Бейсенұлы Ресейдің заң саласындағы ең жоғары «Фемида» сыйлығымен марапатталды.

Танымал заңгер – геосаясат, экономика, құқық, сот, қоғамдық тәртіп, т.б. саланың әлемдік және өңірлік өзекті мәселесі тұрғысынан толық мағлұмат бере алатын кәнігі сарапшы, кәсіби кеңесші. Әрі-беріден соң елде экономикалық аймақ құру туралы түрлі әсіре идея көтерілгенде, ол үзілді-кесілді қарсы шығып: «Бізге егемендік пен тәуелсіздіктің әр құндылығы қымбат. Елдегі экономика мен нарық толық қалыптаспайынша, экономикалық аймақ құру күштінің жетегінде кетуге апарып соғады. Бірақ бұл – болашақта ойланатын қадам», деп кесімді пікір айтудан да тайсалмаған.

Әуезнұр Бейсенұлы – шығармашылыққа жақын адам: орайына қарай ән айтып, гитарада ойнайды. Заң саласынан зейнетке шыққан соң әріптестер арасынан волейболдан команда құрып, бүгінге дейін осы спорт саласының тұрақты ойыншысы.

Әуез ағамыз табиғат аясын ерекше ұнатады. Әсіресе, демалыс кезінде Алакөлге жыл сайын баратын. Біз бірнеше рет осы жерде кездескен сәттеріміз болды. Бір жолы ағамызбен Алакөлден пойызбен қайтып келе жатып сұхбаттастық. Пойыз дәмханасында бірге кешкі ас ішіп, ой бөліскен сәтті өмірімнің олжасы санаймын. Мен сонда ағамыздан: «Жас кезіңізден бастап ұзақ жыл бойы бұра тартпай, абыроймен жоғары қызметтерді атқарып келесіз. Осының сыры неде?» деп сұрадым. Сонда Әуезнұр Бейсенұлы: «Ең бастысы ерінбей, қажырлы еңбек етіп, адами қасиетті жоғалтпау маңызды. Сондай-ақ, барлық адаммен тіл табысып, сенімді қарым-қатынас орната білу қажет», деп жауап берді.

Еңбек пен өмір жолында қарапайымдылығы мен беделі тең түсетін тәлімгер ұстазды, жанашыр ағаны, отаншыл тұлғаны кезіктірген қандай ғанибет. Біз – сондай бақытқа бөленген буынбыз. Ұстаздарға, аға буынға мың да бір рахмет. Тәжірибесі мол заң қайраткері Әуезнұр Бейсенұлы әділеттілік пен адалдықты мұрат етіп отырған еліміздің талай қажетіне жарайды деп сенеміз.

Арман ЖҮКЕНОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар