АБЫЛАЙХАННАН АБЫЗ ТОНЫКӨККЕ ДЕЙІН

2023 жылдың шілде айының 4 мен 19 аралығында Ақмола облысы әкімдігі және «Отандастар», «Бабалар рухына тағзым» қорларының қолдауымен экспедиция ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырды. Ел тарихын екшеген экспедиция ғылыми-тарихи, рухани-мәдени зерттеуді қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800, Абылай ханның 310, Ақансері Қорамсаұлының 180, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арнады.

Экспедицияның бағыты мен жоспарын жасап, елшіліктермен тығыз байланыс жасауда Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы,  фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы, «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының жетекшісі Алтынбек Құмырзақұлы мен Қанат Ыдырысовтың сіңірген еңбектері мол.

Облыстық әкімдіктің атынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Марат Нұртілеуге ресми хат жолданып, экспедицияның жоспарын жіберіп, Ресей мен Моңғолия елшіліктеріне біздің сапарымыз туралы хабарлап, олардың тарапынан біздің автокеруеннің кеденнен кедергісіз өтуге көмек көрсетуін өтінген едік. Моңғолия Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхүү мен елшіліктің кеңесшісі Гагаа Энхбаярмен кездесуіміз емен-жарқын жағдайда өтті. Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулы Керім Қожабердиев, Бас консулдығының бірінші хатшысы Серікқали Қанатқалиев көмегін аяған жоқ.

Сапарға дайындық барысында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, облыстық ішкі саясат, мәдениет және туризм басқармаларының басшылары Алмас Алин, Айгүл Сәбитова және Андрей Подгурскиий қолдау көрсетіп, іскерлік танытты. Оралдық Қайрат Құрмашев, Жақсы ауданының кәсіпкері Батыр Уәлиев, Көкшетау қаласынан Сергей Дегтяров, Дастан Әкімов, Нұрлан Сейдалин, Ораз Ыдырысов, маңғыстаулық Раббім Бораш, Ерлік Өмірғалиұлы сынды жомарт жігіттер қаржылай көмек көрсетті. Жол таңдамайтын 5 көлікпен шыққан экспедицияның 21 мүшесі «Отандастар қоры» өткізген Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы шарасына қатысты.

Басты мақсат Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолия мемлекеттерінің рухани әлемін байланыстырып байыту. Халықтың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол елдердегі тарихи жәдігерлермен танысу. Қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарын нығайту. Ресей мен Моңғолияда тұратын этникалық қазақтармен рухани байланыс орнату, пікір алмасу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын насихаттауға назар аудару. Сондай-ақ, қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларды, олардың қайраткерлік, елдік істерін дәріптеу. Міне, осындай орасан зор, ауқымды міндетті көздеген болатын.

Экспедицияның ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы Тұрсынхан Зәкенұлы, велошабандоз Рәббім Бораш, «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының жетекшісі, жас ғалым, журналист Алтынбек Құмырзақұлы, этнограф, кәсіпкер, атбегі ақтаулық Талғат Джакиев, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Ерген Сыражанов, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Халықаралық қатынастар және туризм» кафедрасының меңгерушісі Эльвира Жангожаева, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тарихшы-ғалым Бибігүл Сәдуақас, Абылай ханның ұрпағы, Солтүстік Қазақстан облысында тұратын кәсіпкер Амангелді Нашарбеков, «Хабар24» телеарнасының журналисі Дулат Нуркин, операторы Советхан Жагиев, ақмолалық дәстүрлі әнші Дәулетхан Мұхтархан, түркістандық тарихшы Құралай Әпет, алматылық, жолбасшы Кандидат Рүстемұлы, Шығыс Қазақстаннан спорт маманы Маулетқазы Құлжатаев. Міне осындай топпен аттандық. Ақпараттық қолдау көрсеткендер облыстық «Арқа ажары» газеті, «Qazcontent» акционерлік қоғамы, «Хабар-24», «Көкше» телеарналары және  «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасы.

Шілде айының 4 жұлдызында Көкшетау қаласындағы Абылайхан алаңында «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық тарихи-мәдени экспедициясы автосапарға аттанды. Экспедиция қатысушыларының саяхаты Ақмола облысының тарихи жерлері Бурабайдағы Абылайхан алаңы, «Ботай» археологиялық кешені мен Астана қаласының жанындағы «Бозоқ» тарихи-мәдени ескерткішінен бастау алды. Мұнан кейін Павлодар облысында болып, «Абылайханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жергілікті тарихшы ғалымдар, өлкетанушылармен кездесу өтіп, Абылайхан және оның хандық кезеңі туралы қызықты деректер айтылды. Одан әрі экспедиция Ресейдің Барнауыл мен Бийск қалаларын басып Горно-Алтай қаласына жетті. Сондай-ақ, жергілікті қазақтармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Одан әрі экспедиция Ақташ қаласын басып, Қошағашты көктеп Моңғолияға өтті.

8 шілде күні біздің топ Моңғолияның Баян-Өлгей қаласына ат басын тіреді. Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайына қатысып, құрметті қонақ болды. Ертесінде Өлгей қаласындағы Ақтан Бабиұлы атындағы кітапханада тарихи-мәдени экспедицияның дөңгелек үстелі өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, автокеруенге сәт сапар тіледі. Экспедиция жетекшісі Мұратқажы Ыдырысұлы автокеруеннің мақсатына тоқталып, орталық кітапханаға тарихи кітаптарды тарту етті. Кездесуге Түркиядан келген тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара ағамызда қатысып, мұндай тарихи экспедиция ұлы түркінің мұрасына тұңғыш рет жасалып отырғанымен құнды деп бағасын берді. Өз кезегінде Моңғолияда тұратын қандас тарихшы ағаларымыз Шынай Рахмет, Рысбек Зұрғанбайұлы алдағы күз айында өтетін экспедиция конференциясына арнайы зерттеу мақалаларын ұсынатындарын айтты. Шара соңында экспедиция мүшелері өткен жылы Моңғолияның халық жазушысы атанған Шынай Рахметұлына, жазушы-журналист Рысбек Зұрғанбайұлына, мұстафатанушы ғалым Әбдіуақап Қараға, Өлгей қаласының ардагерлер төрағасы Бейбітхан ағаларымызға шапан жауып, сый құрмет көрсетті. Экспедиция Баян-Өлгей аймағының орталығы Өлгей қаласында және бірнеше елді мекендерінде болып, ел ішіндегі өнерлі адамдармен кездесу өткізді. Қаладағы тарихи-өлкетану музейіне барып, құнды жәдігерлермен танысты. Одан әрі Тұлба көлін басып, Ховд қаласына да соқты. Жолай Толбо-Қобда бағыты бойынша Қоңыр өлең жайлауын тамашалап, көшпелі қазақ тіршілігімен танысты. Қобда қаласында да жергілікті қазақтармен кездесті. Қала орталығындағы Әмірсана, Ғалдан бошигт ескерткіштерін тамашалады. Жоңғарлар салған, манжулар пайдаланған, кейін қараусыз қалған Сенгин хэрэм көне қала жұртын жай-жапсарын бағамдады. Одан әрі Говь-Алтаймен танысып, Баянхонгорды басып, Қарақорым қаласына жетті. Бұл қалаларда Білге хаған, Күлтегін ескерткіш кешендерін көріп, құрбандық шалынды. Шыңғысхан заманында салынған Қарақорым мен түркі жұртының астанасы болған Қарабаласағұн қалаларында болып, Өтүкен қойнауының сырына үңілді. Өтүкен қойнауынан Қарақорым арқылы Ұлан-Батырға аттанған экспедиция мүшелері Үлкен Номғон және Кіші Номғон тауларының арасында енді ғана ашыла бастаған  Елтеріс Құтлық қаған кешеніне ат басын бұрды. Қазақ-Моңғол біріккен археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын енді бастапты. Осында бізді түрколог Нәпіл Базылханұлы мен моңғолиялық түрколог Алтынгерел  Еңіктур күтіп алып, кешеннің мән-жайымен толық таныстырып шықты. Ұлан-Батырдағы сапарымызды Тоныкөк кешеніне барудан бастадық. Сапар барысында Ұлан-Батыр маңындағы Налайхан елді мекенінде тұратын ақсақалдармен кездестік. Бізді Тоныкөк кешеніне бара жатқан жолда Налайхан қазақтары даму қоғамының төрағасы Төлеухан Желбеубайұлы, аудандық мәслихат депутаты Майра Қабылқазықызы ханым қарсы ала шықты. Қайтарда қалашық орталығындағы мешітте қандастардың өкілдерімен кездесу болып, емін-жарқын әңгіме болды. Кездесуде тағы Базар Кажейұлы, Зұлпай Райханұлы, Ардақ Баонқызы, Құмаш Рәуілұлы, мешіттің имамы Муса Тілеуұлы тәрізді ауданның белсенді азаматтары болды.  Бұл жерде айтылған басты мәселе жас ұрпақтың ана тілін, дәстүрін ұмытып бара жатқаны болды.

Моңғолдар ұлттық салт-дәстүрлерін қатты ұстанады екен.  Біз барғанда Моңғолия мемлекетінің жарияланған күні – «Наадам» және моңғолдың ұлттық «Цагаэн сэр» мейрамы өтіп жатты. Бұл мейрамды қызықтауға төрткүл дүниеден келеді екен. Біз Үндістан, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстаннан келген туристермен кездестік. Бәрін санап тауыса алмайсың. Бір қызығы осы уақытта мемлекет өз шекарасын жауып тастайды. Ұлан-Батыр қаласында болып, елдің тарихи-өлкетану музейін көрдік. Қаладан елу шақырым жердегі Шыңғысхан ескерткішіне бардық. Бұл әлемдегі ең үлкен ат мүсіні. Салмағы 250 тонна, ескерткіштің биіктігі 40 метр.

Шыңғысхан мұражайын араладық. Заманауи, толықтай автоматтандырылған, электронды-қозғалмалы, түрленбелі карталармен жабдықталған музейдің жәдігерлері де көп екен. Жалпы 8 қабаттан тұратын мәрмәр  ғимараттың  әр қабаты белгілі бір кезеңге арналып, негізінен Шыңғыс ханның Моңғол мемлекеттілігінің тарихындағы орнын айшықтаған. Моңғолиядағы Қазақстан Республикасы елшілігі қызметкерлерімен кездесіп, тарту таралғымызды жасадық. Экспедицияның Моңғолия сапары бойынша қорытындысын жасап, қолдау білдірген мекемелерге алғыс білдірдік. Одан әрі Алтанбұлақты басып, Ресей еліне өттік. Моңғолия даласы төрт түлік малға толы. 3,5 миллион халқы бар республикада шамамен 80 миллиондай мал бар екен. Қысы-жазы далада бағылады. Ұшы-қиыры жоқ ен дала толған аппақ жұмыртқадай киіз үйлер. Олардан алатын үлгі де бар. Мал өнімдерін: теріні Түркияға, жүнді Ресейге, қыл-қыбыр, сүйекті Сингапурға, етін Иранға халықаралық шарт бойынша тапсырады. Қалдықсыз технология.

Ханғай, Саян-Алтай тауларынан бастау алып,  солтүстікке қарай жөңкіліп аққан Селенга, Аңғара, Енисей, Обь, Ертіс өзендерін кесіп өттік. Байкал-Краснояр бағыты бойынша жолға шығып, Иркутск қаласына соқтық. Көне түрік, сақ-ғұн кезеңдеріндегі тарихи ескерткіштерді араладық. Сібірдің астанасы атанған Новосібір қаласында да болып, жергілікті қазақтармен кездестік. Ресейде қалың қазақ мекендеген өңірдің бірі – Омбы қаласы. Мұнда шамамен 80 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Омбы Алаш қозғалысының бастау алған аймағы болды. Омбы қаласындағы еліміздің Бас Елшілігі ғимаратының қабырғасына Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Кемел Тоқаевқа ескерткіш тақта қойылыпты.

Экспедиция жұмысы 19 шілде күні Көкшетау төрінде өз мәресіне жетті. Жоқ іздеген жолаушыларды облыс әкімшілігі, басқарма басшылары, жалпы ағайын және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері салтанатты түрде қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов сөз алып, сапардың табысты өтуіне белсене ат салысқан делегация мүшелерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Алдағы уақытта «Абылайханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық ғылыми экспедициясының қорытындысы негізінде кітап жарық көріп, деректі фильм оқырман назарына ұсынылады.  Бұл фильм топтамасы – көшпенділер мәдениеті мен тарихына арналып, ортақ бай тарихымыз бен мәдениетімізді көрсетіп, ата-бабаларымызбен мақтануға мүмкіндік береді.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
«Абылайханның қара жолы»
экспедициясының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар