Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыз – құрбан ба?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қыз – құрбан ба?!.

Қоғамда болып жатқан дүниелерге журналистер бей-жай қарай алмайды. Иә, рас қоғамды да, адамды да біз өзгерте алмайтынымыз анық. Бір адам болсын ойланар, бір адамның болсын жүрегі дір етер, санасына ой салармыз деген ниетпен қолымызға қалам алып отырмыз. Қалай дегенмен де, кез келген мәселеге пікір білдіруге әркім құқылы.

Өз басым, ана мен бала тақырыбына келгенде үнсіз қала алмаймын. Жәбір көрген ананы, жылаған баланы көргенде жүрегі жоқ жан ғана елең етпейтін шығар. Соңғы кезде байқағаным, жәбір көрген ана мен бала көп. Неге? Араша болар асқар тау әке, қорған болар аға қайда?! Отбасындағы дау-дамайдың кесірінен қаншама қыз қызғалдақ ғұмырын құрбан етіп жатыр. Қыз – құрбан ба? Қыз деген – өріс, қыз деген – ғұмыр жалғасы емес пе? Анаға деген сыйластық, қыз балаға деген құрмет құрдымға кетіп барады. Санада жауабы жоқ мың сауал… Бүгінгі сіз естіп білген мәселенің маған қатысы жоқ деп ойламаңыз. «Осы маған қатысы болмаса екен» деген селқостықтың кесірінен көптеген жауыздық белең алып бара жатыр. Көрсоқыр қоғам, жүрегі жоқ жандардан құралады. Ал, біз еститін мемлекет, саналы қоғам мүшесіміз ғой. Кімнен қорқамыз? Неге осындай қатал болып барады екенбіз?

Қазақ халқы қызын еркелетіп өсірген. Еркем деген, көркем деген, мақпалым деген, әйтеуір жер-жаһанның бар сұлулығын қыз балаға теліген. Қыз мейлінше жігерлі, батыл, жүз жерден көсем, шешен, мың сан есе мықты болса да, бәрібір оған қамқорлық керек! Қыз бала ер адамның қамқорлық қанатында ғана өзін сондай бейқам, сондай ерке,  сондай бақытты сезінеді. Қамқоры жоқ қыз баланың жанарында бәрібір бір мұң болар!..

Иә, жоғарыда айтқанымдай, өмір шынымен де қатал, әрі мың құбылмалы. Кейде қамқорға балаған жаннан жәбір көруге де болатынын өмірдің өзі айқындап жатыр. Күйеу деген қожайын емес қой! Әйел деген де құрбан емес! Күні кеше әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген экс-министрдің басындағы мәселе кім-кімді болмасын, бей-жай қалдырмады. Сонда қазіргі қоғамда әйелге қамқор болар кім бар? Онсыз да әлсіз, онсыз да нәзік қыз баланың өміріне кім жауапты? Махаббаттың буына мас болып, жаным деген сөзді жүрегінен гүл қылып ұсынып, бар ғұмырын сеніп тапсырған, кейін сол  үміті солып, ғұмыры сөніп кете барғандар қаншама…

Ана деген бәріне де төзеді, аштыққа да, жоқшылыққа да, тіпті ауру азабына да шыдай беретін ана. Бірақ, сатқындыққа төзе алар ма, қыз ғұмыры? Әрбір ер азамат кез келген қыз балаға ұлтымның жалғасы деген көзқараспен қараса, жағдай басқаша болар ма еді.

Әлеуметтік желіде осы тақырыпқа байланысты ақпаратқа көз жүгіртіп көрдік. Сонда белгілі журналист Гүлзина Бектастың «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаным деп алған жарыңды…» деген тақырыпта жарияланған мақаласын оқып шықтым. Сол мақалада мынадай деректер бар екен. «Америкалық ғалымдар жүр­гіз­ген зерттеуге сенсек, қыз-келін­шектердің қауіпсіз өмір сүруі бо­йынша еліміз 72 мемлекеттің ішінде ең соңғы орынға жайға­сыпты. Сұмдық көрініс емес пе? Тіпті, әлеуметтік жағдайы тө­мен деген мемлекеттердің өзі рей­тингте Қазақстанның алдында тұр. Қазақтың қорғансыз қыз-келіншектерінің тағдыры неге бұлайша тәлкекке түсті? Зорлық-зомбылық зардабын тартып отырған әйелдер мен ба­лалар көп…».

Ата-бабамыздың қарындасыңа қамқор бол, адал жарыңды құрмет тұт деген қағидаты қайда қалды? Қазіргі отбасындағы ойран алдымен материалдық құндылыққа байланысты болып бара жатыр. Ал, экс-министрмен болған жағдайда басы артық дәулет мейманасын тасытып жіберген сияқты. Бар білетінім, ұлтының нағыз ұлы алдымен, ата-баба аманатына қиянат жасамайды. Өкінішке орай, қазір көбіне олай болмай тұр. Ендеше, біз меңзеген ұлықты ұлдарымыз көп болса екен…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар