Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызмет берушілер мүмкіндіктері шектеулі адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қолайлы жағдайлар жасауға міндетті.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызмет берушілер орналасқан ғимараттарда осы көрсетілетін қызметті алушылар үшін тиісті жағдайлардың болуы тұрғысында жұртшылықты тарта отырып, қоғамдық бақылау шараларын жүргізеді. Бұл жұмысқа Департамент жанындағы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері де тартылады. Мәселен, жұмыс тобы төрағасының орынбасары және мүшесі Д.Жұмабек пен В.Шиманскийдің қатысуымен Ақмола облысының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің ғимаратында болған тексерісте қызмет алушыларға жағдай жасау бойынша кемшіліктер анықталды. Іс-шара нәтижесінде жұмыс тобының өкілдері мемлекеттік органға осы олқылықтарды жою бойынша бірқатар ұсынымдар енгізді.
Осыған дейін ведомствоаралық жұмыс тобының ұсынымдары негізінде Көкшетау қаласының сервистік әкімдігінің ғимаратын жөндеуге бюджет қаражаты бөлінген болатын. Сондай-ақ, аудандар мен қалаларда мемлекеттік тіркеуге дейін тұрғын үйлерге құқық белгілейтін құжаттар негізінде жер учаскелерін беру тәжірибесі енгізілгенін атап өткен жөн. Бұған дейін әкімдіктер мен мемлекеттік корпорация бөлімдері арасында жер учаскелері берілгенге дейін тұрғын үйлерге құқық белгілейтін құжаттарды мемлекеттік тіркеу қажеттілігі туралы даулар туындаған.
Жұмыс тобының жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік корпорацияға жолдаған ұсыныстары көптеген азаматтарға ұзақ мерзімді сот дауларынсыз тұрғын үй аумақтарына өз құқықтарын рәсімдеуге көмектесті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.