Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен 9 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай дөңгелек үстел отырысы өткізіліп, онда қоғамдағы осы кеселдің алдын алуға атсалысып, адалдық жолын насихаттап жүрген бір топ ақмолалықтар облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Жегі құрттай қоғамның санасын улаған жемқорлық пен парақорлыққа қарсы күреске арналған дөңгелек үстелге құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, осы бағытта жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Дөңгелек үстелді жүргізіп отырған аймақ басшысы Марат Ахметжанов аталмыш тұжырымдамаға кеңінен тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның барлық топтарының сындарлы өзара іс-қимылының маңызы зор екендігіне ерекше назар аударды.
–Тұжырымдама зардаптармен күрестен гөрі сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа экономикалық және моральдық жағынан тиімсіз болатын жағдайларды жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын мемлекеттік органдар жобалық басқару арқылы жаңа форматта іске асыруда. Бұл әдістің басты мақсаты – заманауи тәсілдерді енгізу арқылы орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру. Бұл осы салада жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге, сондай-ақ, қолда бар ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Менің аудандарға жұмыс сапарым барысында салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша көптеген бұзушылықтар анықталып жатыр. Мәселен, жобадан ауытқу, кестеден қалу, жұмыс жүргізу жоспарлары мен құжаттамаларының болмауы секілді бұзушылықтар бой көрсетуде, – деген аймақ басшысы сол бұзушылықтар сыбайлас жемқорлық салдарынан орын алып, бүгінде оларға қатысты әкімшілік істер қозғалып, сотқа жіберіліп жатқандығын айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан өз баяндамасында өңірде азаматтар мен бизнес үшін маңызды проблемаларды кешенді шешу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына жан-жақты тоқталды. Соның ішінде жастардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынған «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» тәрізді жобалар жайында баян етті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Іс-шара соңында облыс әкімі мен департамент басшысы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан БАҚ өкілдерін, волонтерлерді, комплаенс мамандарды, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді салтанатты түрде марапаттап, Алғыс хаттарын табыс етті. Марапатталғандар арасында белгілі жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, «Көкшеинформ» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Аслан Оспанов, «Хабар-24» телеарнасының меншікті тілшісі Аслан Әбутәліпов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша филиал сарапшысы Самира Тайтенова бар.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.