Алда тұрған міндеттер айқын. Оларды іске асыру үшін барлық күш-мүмкіндіктер бар

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясына қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өңірдегі мәселелерді көтеріп, жолдаған сұрақтарына нақтылы жауаптар берді. Бұл брифинг барысында аймақ басшысы бірнеше мәрте облыс аумағында бірқатар ауқымды  жаңа жобалар қолға алынатындығы, алға маңызды міндеттер қойылғандығы және қордаланып қалған біраз мәселелердің күрмеуі бюджет мүмкіншілігі мен заңнамалар аясында біртіндеп шешімін тауып келе жатқандығын айтты.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі – басты нысана

Ақмола облысының биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған облыс әкімі Марат Ахметжанов, өңір Қазақстанның жоғары сапалы бидайының төрттен бірін өндіретіндігіне, биылғы жазғы  ауа райының қолайсыздығына қарамастан, әлі де жетекші ауыл шаруашылығы аймақтарының бірі болып қалғандығына екпін түсірді.

– Ауа райының қолайсыздығы біздің фермерлеріміздің жақсы өнім жинауына кедергі келтіргені белгілі. Осыған қарамастан, аграршылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде 3 миллион тоннадан астам астық алынды, бұл облыстың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады. Қиын жағдайда қалған фермерлерге Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде, – деп атап өтті облыс әкімі. – Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында да көзделген өсімге қол жеткізілді. Ет өндіру көлемі 168 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, 350 мың тонна сүт, 608 миллион данадан астам жұмыртқа өндірілді. Мал басының көбеюі есебінен 46 ет және 5 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Қосымша тағы да 32 мың тонна сүтөңдеу үшін осындай жеті кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, біздің өңір еліміздегі құс етін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады.

Аймақ басшысы бүгінде сала алдында тұрған негізгі міндеттерге де аудиторияның назарын аударды. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерінің үлесі бүгінде 28 пайызды құрайды, енді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша оны алдағы үш жыл ішінде 70 пайызға дейін жеткізу қажет.

–Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау үшін барлық тиісті шаралар қабылданады. Өңірдегі өңдеуші кәсіпорындардың 15-і ет, 14-і сүт, 36-сы ұн, 8-і майлы дақылдарды өңдейді. Жалпы, өндіріліп жатқан өнімдеріміздің елорда нарығына жеткізіліп жатқанын есепке алсақ, өңірдегі қайта өңдеу саласының әлеуеті едәуір жақсы. Бүгінде облыстың 130 кәсіпорны Астананың 44 ірі сауда орталықтарына өзінің экологиялық таза өнімдерін жеткізуде, – деді облыс әкімі.

Аймақтың даму қарқыны мен әлеуеті

Өңір басшысы Марат Ахметжанов атап өткеніндей, аймақтағы өнеркәсіп саласы 13 пайызғаайтарлықтай өсіп, өндіріс көлемі 1,4 триллион теңгеге жеткен. Құрамында алтын бар кенді, металлургияны,  тамақ өнімдерін өндірудің, машина жасаудың көлемі өскен. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің де көлемі қарқынды өсуде. Мәселен, «Макинск құс фабрикасы», Степногорск қаласындағы кен өңдейтін«Adelya Gold» модульдік кен-байыту фабрикасы, Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін «Rostselmash» пен «КАИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді ірі компаниялар бұл саланың көшбасшылары болып отыр.

Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласында «Unicorn Holdings Ltd.»  және Ерейментау ауданында «BIG FARM» атты екі ірі агроөнеркәсіптік кешен іске асырылғалы отыр, сондай-ақ, Зеренді ауданында техникалық алмаз концентратын өндіретін «Qazaq Diamonds Ltd», Степногорск қаласында электролиттік марганец өндіретін «Sareco» және металл конструкцияларын «Целингормаш» өндіретін жобалар іске асырылғалы отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі биыл облысқа 530 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқанын атап өтті. Жеке инвестициялар көлемі 154 миллиард теңгені құрап, 1,5 мың ақмолалық жаңа жұмыс орындарымен қамтылған. Айта кетсек, бұл қаражаттардың жартысынан көбі энергия көздерін жаңартуға бағытталыпты. Ал,іске асырылған 223 жобаға тартылған инвестицияның 240 миллиард теңгеден астамы жұмсалыпты.

– Біздің өңірге инвестиция салу өте пайдалы. Себебі, бір жағынан инвесторларды облыстың географиялық орналасуы, әсіресе оның Астанаға жақын тұрғандығы қызықтырса, екінші жағынан заманауи автобандардың, теміржолдың, әуежайдың және табиғи байлықтың болуы да ерекше рөл атқарады. Ал, бізге, яғни, облысқа инвестиция тарту өте маңызды. Бұл өңірде жұмыс орындарын құрып, азаматтардың табысын және олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мол мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Өңірдегі туризмнің дамуына тоқталған облыс басшысы бұл сала жыл өткен сайын өркендеп жатқандығын жеткізді. Биыл тек Щучье-Бурабай курорттық аймағына миллионнан астам турист келіп-кетіпті. Оларды орналастыру қызметі 16,5 миллиард теңгені құраған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға артқан. Бұл салада 65 жаңа инвестициялық жоба іске асырылып, басқа аудандарда да туристік орындар дамуда. Облыс бойынша туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі биыл екі есеге жуық өсіпті.

Жайлы өмір сүру үшін

Брифингте Марат Ахметжановоблыста тұрғын үй құрылысының белсенді жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Биыл 546 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5 мың ақмолалық отбасы қоныс тойын тойлапты. Облыста «Отбасы банкінің» салымшыларына, сонымен бірге, әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға жалға беру үшін бюджет есебінен 52 үй тұрғызылып жатыр.

Өңір басшысы жылыту маусымының дайындығына 29 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін, өңірдегі автожолдардың жағдайы жақсартылғанын, биыл ғана бір мың шақырымға жуық жол торабы жаңартылып, жөнделгенін баяндай келе, тұрғындарға әлеуметтік инфрақұрылым құру мәселесін қозғады.

–Өңір мектептерінде үш ауысыммен оқу мәселесі толығымен шешілді. Енді қайтып бұл мәселеге оралмаймыз деп үміттенеміз. Биыл 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, әлі сегізінің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, облысымыз жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жабасына қатысып, биыл бұл жобаға 270 ауылдық мектеп енгізілді, –деді Марат Ахметжанов.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде өңірде 38 медициналық ұйым салынып, Степногорск қалалық және Атбасар ауданаралық ауруханаларын жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Бүгінде денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысы үшін әлден 16 жер учаскесі белгіленіп, тиісті жұмыстар келесі жылы басталмақшы.

Егіндікөл ауданы ауыз сусыз қалмайды

Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері жоспарлы түрде шешімін табу үстінде. Жыл соңына дейін облыстың 20 ауылына, яғни, 12 мың тұрғынорталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Қосымша тағы 19 елдімекенде кешенді блок-модульдер орнатылып, 4 мың адам ауызсуға қол жеткізеді. Ауылдарды сумен қамту жайын қозғаған облыс әкімі Егіндікөл ауданын сумен жабдықтау мәселесіне баса назар аударды.

– Бұл жағдайды Мемлекет басшысы мені әкім етіп облысқа тағайындап жатқанда тапсырды. Нұра топтық су құбырының салынғанына 50 жылдан астам уақыт өтіп, ол 90 пайызға тозған. Сондықтан, халыққа су таратуда үзілістер болып, ал, биыл ол мүлдем тоқтады. Су ресурстары министріжаңа технологиялық шешім қабылдап, соның негізінде 64 шақырымдық су құбырын жөндеу басталды. 1 қарашадан бастап кесте бойынша тұрғындарға су беруді қамтуға мүмкін алдық. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, бүгінде 55 шақырым құбыр жолы дайындалып, 40 шақырымына құбыр салынды. Жыл соңына дейін Егіндікөл және Қорғалжын аудандарының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстарды аяқтауға тырысамыз, –деп атап өтті облыс әкімі.

Өзекті мәселелер бақылауда

Журналистер қойған сұрақтарға жауап бере отырып, облыс әкімі өңірдегі қордаланған түйткілді мәселелердің барлығы оған таныс екендігін, аудандарды аралап жүріп, тұрғындармен өткен кездесулерде, кәсіпорындардағы жұмысшылармен сұхбаттасқанда мұның барлығын естіп білгенін, көзбен көргенін әрі барлық мәселе оның бақылауында және алдағы уақытта міндетті түрде шешімін табатындығын айтып өтті. Бірақ, бұл шешімдер, әрине, тек заң шеңберінде, құқықтық аяда қабылдануы керектігін баса айтты. Жолымбет кенті тұрғындарының айтуынша, елді мекендегі өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмысының салдарынан олардың үйлеріне нұқсан келіп, қирап жатыр екен, бұл жай шешіліп жатқандығын айтқан Марат Ахметжанов:

–Бұл кенттегі кәсіпорын жұмыстары тұрғын үйлерге қаншалықты әсер етіп жатқанына кешенді зерттеу жүргізіледі. Ол үшін комиссия құрып, оған арнайы білімі бар сарапшы-мамандарды тартамыз. Жағдай бақылауда, егжей-тегжейлі зерттеліп, зеделенген соң соның қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз, – деді.

Брифингте аяқталмаған құрылыс нысандары мәселесі де көтерілді. Мұндай мәселелерге көбіне жауапсыз, немқұрайлы мердігерлер себепші болып отырғандығы айтылды. Соңғы кездері тексеру нәтижелерінен кейін кейбіреулері жауапқа тартылып, 12 іс сотқа жіберілген. Тексеріс барысында көптеген жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалуда екен. Облыс әкімі: «бюджеттен бөлінген қаражаттың «әр тиынына дейін» тексереміз, ал, оның нәтижелері мемлекет қазынасынан пайда табуды көздегендердің барлығына сабақ болады» деп атап өтті.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу бағытында Марат Ахметжанов келесі жылдан бастап ауылдарға көшіп баратын медицина қызметкерлерінің көтермеақысы екі есеге, яғни, 5 миллион теңгеге дейін, ал, аса тапшы мамандарға 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылатынын айтты. Сонымен бірге, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен елді мекендерге баратын мамандарға берілетін жеңілдетілген несие тағы барын еске салды.

–Барлық жағдайлар жасалуда. Біз жастардың жақсы білім алып, халықтың сапалы медициналық қызметтермен қамтылуын, елді мекендердің инфрақұрылымының дамуын көздейміз, ол үшін бізге жақсы мамандар қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Көкшетаулықтар таза суды күтіп жүр

Брифингте журналистер қауымы Көкшетау қаласының дамуы туралы да бірқатар мәселелерді көтерді. Марат Ахметжанов бұл орайда, ыстық судың болмауы мен ауыз су сапасының нашарлығы – облыс орталығының басты проблемалары екендігін және бұл жайтты тұрғындар ащы әзілмен, ирониялап «Аристондар қаласы» деп атап кеткендігін айтты.

– Биыл облыс бюджетінен қаланың су тазарту құрылғыларының құрылысын кеңейту мен қайта құруға 1,5 миллиард теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары кезінде облыс орталығының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялық құрылғыларды орнату қарастырылған. Нысан 2024 жылдың соңына дейін іске қосылады, – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, ол Үкіметпен бірлесе отырып, Көкшетауда Жылу электр орталығы (ЖЭО) салу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Ресей мен Қазақстан арасында ЖЭО салу туралы Меморандумға қол қойылған болатын, қазір бұл мәселе Энергетика министрлігінің бақылауында.

– ЖЭО-ның салынуы тұрғындарымызды ыстық сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, электр энергиясын тұтынуды төмендетеді және коммуналдық қызмет шығындарын азайтады. Сонымен қатар, ЖЭО құрылысы жылу тапшылығын жойып, бүгінгі таңда автономды генерациямен жұмыс істеп жатқан жаңа нысандардың желілерге қосылуына мүмкіндік береді. Әрі нысан экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды. Жаңа ЖЭО стандарттардың барлық талаптарына сай келеді және шығарындылар көлемі қаланың қазіргі жұмыс істеп тұрған екі қазандығынан әлдеқайда аз болады деген ойдамыз, – деді Марат Ахметжанов.

Бұдан бөлек, ол шетелдік инвесторлардың Көкшетауда кәріз-тазарту құрылыстарын салуды жоспарлап отырғанына тоқталды. Бұл ағынды суларды қайта өңдеуге және тазартуға, содан кейін оларды қала мен ЖЭО қажеттіліктері үшін пайдалануға мүмкіндік беретіндігіне назар аударды.

– Бұл жобалардың барлығы Көкшетау қаласының дамуына қуатты серпін береді және қаланың 200 жылдығына тамаша сыйлық болғалы тұр, –деп қорытындылады облыс әкімі.

Агломерация дами түседі

Әдеттегідей, облыстың Астанаға іргелес орналасқан  аудандарының тұрғындары тарапынан қойылатын сауалдар өте өзекті болды. Марат Ахметжанов: «біздің өңір субвенциялық облыс болып табылады, сондықтан,республикалық бюджеттен дотация алады. Өңірлердің шығындарын есептеу кезінде тұрақты, яғни,сол жерде тіркелген халық санының өсуіескеріледі. Ал, Астананың айналасындағы елді мекендерде халық саны геометриялық прогрессия түрінде өсуде. Маятниктік көші-қон күн сайын 200 мыңға жуық адам бас қалаға жұмысқа барғанда байқалады. Бұл ретте, олардың көпшілігі Ақмола облысында емес, Астана қаласында тіркелген, бірақ,соған қарамастан елордалық ауылдардың инфрақұрылымын дамытуды талап етеді. Мысалы, Қосшы қаласында ресми түрде 50 мың адам тіркелген, ал, іс жүзінде 100 мыңға жуық адам тұрады» деп түсіндірді мән-жайды.

– Норматив бойынша, мысалы, 10 мың адамға бір жедел жәрдем көлігі қарастырылады. Егер ресми түрде қалада тұратын халық саны іс жүзіндегіден екі есе аз болса, онда әрине,санитарлық көлік саны жетіспейді… Осы мәселелерді шешу үшін Астана агломерациясын дамытудың жаңа кешенді жоспарының жобасы әзірленуде, – деп атап өтті өңір басшысы.

БАҚ өкілдері тарапынан елорда айналасындағы елдімекендердің тұрғындары бас қалаға жұмыс орындарының болмауы салдарынан қатынайтындығы айтылып, осы мәселе қалай шешіліп жатқандығы жайында сұрақ қойылды. Марат Ахметжанов бұл мәселе де пысықталып жатқанын айтып, инвестицияларды тарта отырып, Астана маңында индустриялық-өнеркәсіптік аймақтар құру көзделгенін,  бұл жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіндігін түсіндірді.

– Бүгінде Аршалы ауданында екі ірі зауыт жұмыс істеп тұр, басқа да инвесторлар тартылатын болады. Мәселен, Астана әкімдігі тартып жатқан кәсіпкерлерге ерекше жағдайлар жасау, агломерацияның айналасында, яғни, Ақмола облысының аумағында жер учаскелерін беру жоспарлануда. Жалпы, біздің облыс жақсы инвестициялық тартымдылыққа ие және біз жұмыс орындарын құруға мүдделіміз. Бізге жаңа кәсіпорындар аса қажет. Бұл облыс экономикасының өсуіне,  адамдардың өмір сүруінің жақсаруына қолайлы жағдай, – деп түйіндеді баспасөз конференциясында өңір басшысы.

Владислава КОКОРИНА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар