Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ой  түбінде жатқан сөз - АРҚА АЖАРЫ

Ой  түбінде жатқан сөз

Жабал Ерғалиев

 Адам баласының өзінен бұрын Ары мен Ұяты өлмесін.

***

Абайды білу керек, Абайды тану керек! Абай жалғыз қазақ баласын ғана емес, барша адамзатты адамдықтан адыстырмас әлем аспанындағы Темірқазық!

***

Адамзаттың қазіргі ұрпағы кей жағдайда соғысты және соғысуды әлдебір саяси ойынның  немесе ақша табудың  коммерциялық әдісінің  бірі  деп  қабылдап жүргендей. Адамның аққан қаны, шыққан жаны  сескендірер емес.

***

Берекесіздің мерекесі, ойсыздың ойыны, арсыздың арызы таусылмайды.

***

Қоғам және сол қоғамның адамы да түзелуі үшін ең әуелі ер-азаматтың түзелгені де  абзал.

***

Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру және де тұтас ұлт сапасын арттыру мәселесі отбасындағы тәрбиеге де тығыз байланысты. Ұлттық құндылықтарымыздың ішіндегі ең маңыздысы да осы отбасының құндылығы еді.  Алайда ол да аяқ асты болып бара жатқандай.

***

Біз кешегі өз ата-бабаларымыздың небір тамаша қол өнерін ұстай алмай қалдық.  Енді соларды, яғни, халқымыздың қол өнерін қалпына келтіруді қолға алу бүгінгі баланы еңбекке баулудың бірден-бір жолы екендігін ұғына білсек етті.

***

Иә… қазақ қыз баласын еркін ұстаған. Алайда қыз баласына «қырық үйден тыйым да» сала білген. Осыны да ескерейік, осыны да ұмытпайық!

***

Саяси мәдениет қалыптастыру ол да ең әуелі тәрбиеден бастау алады.  Өзгенің пікірін құрметтей білу үшін де ақыл мен парасат, білім мен  мәдениеттілік қажет.

***

Біз тәуелсіздік берген еркіндікті пайдаланып,  тым  еркінсіп кеткен жоқпыз ба осы?! Азаттықты бағалай білуде  ағаттық кетіп жатқандай көрінеді.

Ата-бабамыздың ежелгі той жасау, сән-салтанат құру дәстүрін дамытып алып кете алдық та, адал еңбекпен мал табуға қабілетсіз болып қалғандаймыз.

***

Бүлікшіл әлемнің бүгінгі жағдайында Қазақ елінің бірлігі мен тыныштығын сақтау, ол енді Қазақстан халқы, мына біздің парызымыз және де тарихи борышымыз!

***

«Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында!» Қазақтың осы бір ауыз сөзінің мағынасын кім төркіндетті екен?! «Мал аласы» дегеніміз малдың дене бітіміне,  түріне, күйіне, түсіне қарайлата айтылғаны  шығар. Малдың қандай екендігін сол сыртқы тұрқынан-ақ айырып, біле беруге болады. «Адам аласы» дегеніміз не? «Адам аласы» дегеніміз адамның мінезі мен құлқы, ақыл-парасаты, ойы мен ниеті болса керек. Оны бірден тану қиын.

***

Жақсылық ойлаудан бастап, жақсы сөз сөйлеу аралығында ниет жатады. Сол ниет түзу болуы керек. Өмірде және өз айналаңдағы жамандық атаулыны жеңудің де, жамандықты өз бойыңа жұқтырып алмаудың да  қалқаны осы –Таза ниет!

***

Ән – өмір! Адам жаны ән мен күйден тұрады.Адам баласын әнмен есті де, есер де қылуға болады.Ән сол Адам баласының ішкіжан дүниесінің айнасы, жүрек тазалығы мен ақыл-парасатының және де ой-ниетінің өлшемі, сезім  тербелісі мен көңіл күйінің құдіретті құбылысы!

***

Қазақ баласының рухын көтеру үшін ең әуелі қазақша сөзге түсінетін, қазақтың сөзін ұғына алатын ұрпақ тәрбиелеп өсіру аса маңызды. Ал бұл үшін Тіл керек! Қазақ тілі!

***

Заман тарылған жоқ, адамның ниеті тарылды.

***

Уақытым жоқ демеңіз. Тіршілікте бәріне де уақыт табу керек.Адам баласы уақыты келгенде дүниеге келеді де, кезі келгенде сол уақыт кез-келгенімізді қайтпас сапарға аттандыра береді екен!..

***

Жаратушы иеміз әуелден қазаққа екі байлық берген еді. Соның бірі – Тілі, екіншісі – Жері! Енді келіп сол екеуінің де тағдырын саудаға салып қойғанымыз  өкінішті-ақ. Берекеміздің кеткені осы емес пе екен?!.

***

Біз айту жағынан кем түсіп жатпасақ та, сол айтқандарды орындау жағына келгенде кем түсіп жатырмыз.

***

Елдің тағдырын ойласақ, әзірге «жауласу» мен «дауласудан»  тартына тұрсақ етті. «Дауы көп елдің жауы көп» деген атам қазақтың сөзін естен шығармайық! Біздікі ел бірлігін, ел ертеңін ойлағандық!

***

Ендігінің әрекетін байқап отырсам, биікті аласартсам, билікті мұқатсам, жақсыға жала жапсам, өткенге топырақ шашсам деп жан таласып жүр.

***

Мейірімсізден бай шықты, тексіздерден би шықты.

***

Қазіргі адамдардың бойынан бір-біріне деген жанашырлық пен біріне-бірі болсын дейтін ниет жоғалып бара ма деймін.

***

Осы біз дүниенің арбауына түсіп, өзіміздің адам екенімізді де ұмытып кетуге айналған жоқпыз ба?! Біздің әке-шешелеріміз өз айналасына ешкім айтпай-ақ, үкіметтің қаулысынсыз-ақ, қайырымдылық қорларын құрмай-ақ, ешкімге жарияламай, жарнама жасамай-ақ өздері қолдарынан келгенше жақсылық жасап жатпаушы ма еді?!

Енді қайырымды болуды, кемтарға қолұшын беруді, көмек көрсетуді айту керек, сол үшін жиын өткізу керек, қаулы шығарту керек… Адам екенімізді ұмытып кеттік пе дейтінім осыған орай айтылып отыр.

***

Тәуеліздікті берік ұстап, қорғап тұру үшін мықты  құрсаулы темір қарулы әскеріңмен бірге ұлттың рухы да мықты болуы керек.

***

Адам баласының жан дүниесіндегі қуанышын, мұңы мен сағынышын, қайғысы мен қасіретін жайып салатын –Көз жасы! Адамның бір тамшы көз жасында тағдыр бар! Адамның көз жасынан қорқу керек!

(Жалғасы бар).

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар