Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Роза Рымбаева Көкшетауда ән шырқады - АРҚА АЖАРЫ

Роза Рымбаева Көкшетауда ән шырқады

Қазақстанның Халық әртісі, Кеңес Одағын алтын дауысымен таң қалдырған Роза Рымбаева ән мен жырдың бесігі – Көкшетауға келіп, тыңдармандарын өнерімен сусындатып, зор қошеметке бөленді. 50 жыл сахна төрінде жүрген аңыз әншіге облыстық әкімдік тарапынан сый-сыяпат жасалып, ықылас гүлі табыс етілді.

Қазақтың примадоннасы, эстрадамыздың жарық жұлдызы Роза Рымбаева сахнада жүргеніне 50 жыл толуына орай өңірлерді аралап, мерейлі ән кештерін өткізуде. Көкше төріне араға 23 жыл салып, бір-ақ оралған әнші көкшелік көрерменімен сағына қауышты. Арқаның сықырлаған сары аязына қарамай келген тыңдарман сүйікті әншісінің дауысынан қуат алып, ерекше сезімге бөленді, әндеріне елітіп, әдемі әсер алды, бірқатар туындыларын қосыла шырқады.

Аңыз әншінің концертінде оның әндерін Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филормониясының эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдесе, эстрадалық туындыларына аталмыш өнер ордасының «Гәкку», «Аманат» би ансамбльдерінің биші қыздары мың бұрала билеп, сахнада әртіспен бірге өнер көрсетті.

–Уақыт зымырап өтіп бара жатқаны соншалық, мен сахнада өткен осы жарты ғасырдың қалай зырлап шыққанын байқамаппын. Сондықтан, мен үшін бүгін ерекше концерт, ерекше бақытты күн. Себебі, сал-серілердің ордасы болған сұлу Көкше төрінде, тыңдарманымның алдында ән шырқамағаныма көп уақыт өтіпті. Әрине, бүгінгі кештің өтуіне атсалысқан облыс әкімдігіне, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияға, мәдениет басқармасына алғыс айтып, өзімнің қарапайым тыңдармандарымның алдында басымды иемін. Бүгінгі концерт сіздердің көңілдеріңізден шығады деген ойдамын, – деді Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева кеш барысында.

«Қазақ елі» әнімен ашылған ән кеші белгілі композиторлар Төлеген Мұхамеджанов, Сейдолла Бәйтереков, Раймонд Паульс, Александр Зацепин, Арно Бабаджанян, Сейфуллин Жолбарысовтың «Құс жолы», «Ақ тілек», «Любовь настала», «Мир без любимого», «Верни мне молодость»,  «Сүйемін», «Ертеңіме сенемін» секілді халық сүйіп тыңдайтын әндерімен жалғасты. Жас композитор, эстрада әншісі Әли Оқаповтың рояльмен сүйемелдеуімен халық әртісінің орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың  «Ана туралы жыр», «Сырласу», «Кешікпей келем деп ең» туындыларын жиналған қауым қосыла шырқап, өнерпаздарға қанат бітірсе, әнші тыңдарманына ерекше шабыт сыйлады.

Кеш барысында примадонна өз өнер жолы туралы айта отырып, әндерінің тарихына бойлады, ұстаздарының ақыл-кеңестерінен де сыр шертті. «Әлия» әні арқылы әлемге танылған әнші 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанған болатын. Алматыға барғанда оркестрмен орындаған ең алғашқы әндерінің бірі – Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнін жұртшылық зор қошеметпен қабылдады.

Роза Рымбаеваның тыңдарманының жүрегінен орын алған әр әні аға буын өкілдерінің көңілдерінен шығып, жастық шақтарын еске түсірді, осылайша өнерсүйер қауымды баурап алды.

Кешке арнайы келген әншінің қос өнерлі ұлы Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев та көкшеліктерге өнер көрсетіп, әсем әннен шашу шашты.

Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова әншіні сахнадағы жарты ғасырлық өнер жолымен, мерейлі ән кешімен құттықтап, Марат Ахметжановтың атынан ықылас гүлі мен Алғыс хат табыс етті және иығына шапан жапты. Қазақтың аңызына айналған Роза Рымбаева да халыққа өзінің ақ алғысы мен игі тілектерін арнап, келесі жылғы Көкшетау қаласының 200 жылдық мерейтойына келетіндігін жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар