Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау ел еді ғой қызыр шалған - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау ел еді ғой қызыр шалған

Тортай Сәдуақас – 1954 жылы Бурабай ауданында дүниеге келген. ҚарМУ-дың түлегі. «Көкшетау правдасы» газетінде, Алматыдағы «Жазушы» баспасында, Үкімет Кеңсесінде қызмет жасаған. «Жұмбақтас», «Биші қайың», «Айнакөл айшықтары» атты өлеңдер, 2 томдық шығармалар жинағы, «Ел мен жер», «Туған өлке тарихы», «Шортанкөл ойға шомғанда», «Астана аймағы», «Хан ордасынан Ханшатырға дейін» атты тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген.

Тортай  СӘДУАҚАС

 Шоң би және шолақ белсенді

Қызметке келген еді бір азамат,
Сұрайтын әдеті ғой мына қазақ:
«Қош келдің, қай туғансың, деді үлкендер,
Жақсы адам жүрген жерін қыла ма жат?..»

Ол айтты: кім екенін сыр жасырмай,
Бірі – үлкен, бірі болып құрдасындай;
Бітпеген қуғын-сүргін кезең еді,
Арызқой бір басылып, бір басылмай…

«Айтайын, ақсақалдар, небір баян, –
Азамат деді оларға: елім – Баян!..
Атақты аға сұлтан бабам Шоң би,
Алашқа аталарым менің де аян!..

Сөз қосты бір ақсақал: «Ал, қарағым,
Жөн екен ісіңді елге арнағаның;
Біздің де шаруамызды дөңгелеттің,
Бабаңның жолын бұл да жалғағаның!..

Болмайды ел жақсысы Шоң демеске,
Би болған дәл солардай оңды емес пе?!
Әділ би, адал заман болмаған соң,
Бұл күнде елдің іші толды егеске?..»

Ішінде бар ғой көптің бір «саққұлақ»,
Айтаққа сол саққұлақ жүр шапқылап;
Үлкендер рза болып, анау бір сұм:
Ой түйді, жан болсайшы ынсаптырақ?!.

Өткен соң біраз уақыт, басталды сын:
Амалсыз азаматтың басқан мысын;
Сұрланып әлгі шолақ белсенді кеп,
Жасады азаматқа қастанды ісін…

Ол айтты: «Халық жауы – бай-бағылан,
Садаға, «Сталиннің» байрағынан!?.
Қанаушы үстем таптың кесірінен,
Ел ішін алауыздық, жайлады лаң;

Біз үшін бай-құлақтың күні қараң,
Біз бүгін, тақыр кедей – ұлық адам!?.
Атаңның атын өшір, естімейік,
Болса да ұлық болған ұлы бабаң!..»

Басшы айтты: «Ей, бейбағым, сабыр-сабыр,
Дүние болып тұр ғой абыр-сабыр;
Бас алған, шаш ал десе, неге керек,
Сыйластық жолы атаның табылса бұл…

Болмауға сұм тағдырға қалай да жем,
Өтуде басымыздан талай кезең;
Атынан ат үріккен атам еді,
Аруақты атамнан ол қалай безем?!.

Жолына болашақтың бас ұрғадай,
Тілеуі бабалардың асыл қандай;
Бір ұлым «Ақын» болсын деген шығар,
Абылай, Бұқар даңқын асырғандай!..

Оқыдық, білім алдық сол дәстүрмен,
Жақсыға жаны аяулы жолдаспын мен;
Өмірдің сыры да көп, сынағы да,
Адамның жолы аппақ болмас кілең;

Бәтір-ау, бар пәлені тізбе дәйім,
Құруға жаңа қоғам біз де дайын;
Мінекей, тұрмыс, тірлік оңалуда,
Дұрыс қой бас қосқаны ізгі ағайын!..

Бауырым, әділ адам солға бұрмас,
Бабамның аға сұлтан болғаны рас;
Құдай-ау, күнімізді қараң қылмай,
Жаратқан, келер ұрпақ жолдарын аш!..»

…Белгілі мұның арты – «домалақ» хат,
Жатпайды жат пиғылды о да мақтап;
Жазықсыз запа шекті бұл адам да,
Бақ құсы кетпесе екен одан аттап!..

Сұм заман сан асылды шаң бастырған,
Асылды жасықпенен алмастырған;
Қайраткер, қайсар ұрпақ аман болсын,
Жайсаңның жақсы істерін жалғастырған!..

 Жыр қанаты – жер жаннаты

              Еркеш Ибраһимге

Көктемі аз болса да ерте шығар,
Көкшетау Көк тәңірлі өлке шығар?!
Орнаған Абылайдың ақ ордасы,
Ел сүйген Еркіні мен Еркеші бар!..

Сол Еркеш елін сүйген «Еркебұлан»,
Құдайым бақ сыйлапты ерте бұған;
Көмекей Бұқар биден шекпен киген,
Көмейі бүлкілдеп сыр шертеді ұлан!..

Шүпілдеп кеудесінде Зеренді көл,
Сол тұстан мөлдірдік пен тереңді көр!..
«Ән білем деген адам шынын айтса»,
Өлмейтін сол айдыннан өлеңді ілер!..

Айналып енді бірде ол Айнакөлге,
Құшағын жаяды кең қайран елге;
Ол бірде Оқжетпестің шыңына асар,
Қанатын қыран құстай жайған өрге!..

Біресе сырлы бұлақ сылдыр қаққан,
Біресе сайрағандай бұлбұл бақтан;
Біресе дала төсін дүрс-дүрс ұрып,
Барады көз ұшында дүлдүл шапқан!..

Күркіреп енді бірде көк аспандай,
Төгеді ол жыр нөсерін толастамай!..
Күлімдеп шығар тағы шуақ шашып,
Келешек буындарға жол ашқандай!..

Біресе Бурабайға бас бұрғандай,
Біресе найзағадай шарт сынғандай;
Мағжанның асқар тауын аласартпай,
Жыр туын жас ұрпаққа тапсырғандай!..

Түскендей Абылай хан, көп текті еске,
Ол бірде ұқсап қалар Оқжетпеске;
Мұнартып, мұңын шертіп, мың толғанып,
Айналып бара жатар қол жетпеске!..

Нық басып бабалардан көрген ізбен,
Жоғары озады ол да төрге бізбен;
Аруақты ағалардан айналайын,
Халқымен қашанда бір өрге жүзген!..

Мұқалмас шыңы Көкшенің

Төлеген Қажыбайдың рухына

Мағжандар шер толғаған шын көреген,
Көкшетау жаңбыр емес, бүркеді өлең!..
Сол Мағжан, Жақан, Еркеш жолын жалғап,
Тілеген көп тілеуін бұл Төлеген!..

Көтерген Абылайдың дара бағын,
Айтымбет, Бақтыбайдай бабаларың;
Жаңғыртып сол ерлердің асыл рухын,
Қайыспай көш бастаған қара нарым!..

Көкшетау ел еді ғой қызыр шалған,
Не болмақ сол дәстүр мен үзілсе арман?
Сол үшін қалың елдің қамын ойлап,
Өшпейді ел жадынан ізің салған!..

Қия алмай туған елдің жүз белеңін,
Қиян шет, Астананы іздемедің;
Алаштың аспанына қанат қағып,
Айнакөл айдынында жүзді өлеңің!..

Қырандай қанатыңды кең қармаған,
Ел қамы ертелі-кеш сен барлаған;
Қазтуған, Асанға ұқсап ой толғаған,
Елеңдеп, еңбегің көп елге арнаған!..

Елдің де қасиеті тұлғада ғой,
Шеберсің сөз айшықтап, сырлаған ой;
Абылай ордасының биі сынды,
Болғаны елге абырой – бір данагөй!..

Өнердің баптап бәрін он саусағың,
Кеудеңе қалай сыйған сонша сарын!
Қандырар ел мейірін сен бір қайнар,
Дүние бұлдыраған болса сағым…

Құшағын әр талантқа жайған адам,
Бапкерсің бағын жастың байламаған;
Қадамын қоғам марғау бассадағы,
Қадірің арта берер қайран ағам!..

Дегендей бұл өмірде құлшынып өт,
Ел деген көңіліңнің кіршігі жоқ;
Мұқалмай тұғырында тұрар тұлғаң,
Мұнартқан Көкшетаудың бір шыңы боп!..

Көп сіңген көкірегіне көне сарын

                                   Серік Негимовке

Жасынан өлең сөзге болған құмар,
Табиғат, сиқырлы әуен толғандырар;
Көп сіңген көкірегіне көне сарын,
Дүние толған бояу, толған мұнар!..

Жүзінен нұр төгілген бұл бір адам,
Жұртқа да жылу беріп, жыр құраған;
Санасын сырласқанның сергітеді,
Секілді күліп тұрған күллі ғалам!..

Талпынып, талмай іздеп ол да арманын,
Сөз кенін көп зерделеп болған ғалым;
Алған соң ақ батасын жақсылардың,
Топ жарып айтады енді толғамдарынІ..

Шуағын шашып көпке көңіл – көктем,
Жайқалған гүлбағы көп өмірде еккен;
Айтады ол төрге шығып төрелегін,
Жол алып жоралғы би Жолымбеттен!..

Іздеген жақсы қайда, асыл қайда,
Ол айтса – сөздің бағы ашылмай ма?!
Бәйгеден озып келген, бапкер қосқан,
Доскей де, Нарманбет те, Шашубай да!..

Сабасын сарқылтпауға сал-серінің,
Мерейін көтерді өзі қанша елінің!..
Хаттаған қазынасын қазағымның,
Халқы да қастерлейді Жан – Серігін!..

­Қорғаны ел рухының ­– «Қорған. Аман»

                              Қорғанбек Аманжоловқа

Алғанда алғаш рет қолға қалам,
Ол да бір шәкірт еді жол қараған:
Ізденіп ізгілердің ізін баққан,
Түлегі Көктеректің ­– «Қорған. Аман»!..

Талантты жарқын күнге болған алаң,
Бекерге жақсы ағалар қолдамаған!..
Тұяғы Құлагердің топқа түскен,
Зерегі Зерендінің ­– «Қорған. Аман»!..

Ешкімнің ойын қулық торламаған,
Кез еді, қиялымыз онда балаң:
Жолықтық сырттай аңсап, іштей ұғып,
­Жолдасы ел рухының ­– «Қорған. Аман»!..

Демесін оған ерген, «жолда қалам»…Ол ем
ес қиындықтан қорғалаған;
Жалғаған жақсылардың жарқын жолын,
Көкшенің жүйрігі бір – «Қорған. Аман»!..

Қаламы шын жүйріктей жорғалаған.
Сыр бар ма сырлап ақын толғамаған?
өрге жүзген, маржан сүзген,
­Талғардың тарланы бір – «Қорған. Аман»!..

«Терімді» көріп жүр ғой сорғалаған, –
Ақ тілек айтар, бәлкім ол да маған…
Оралсақ туған жерге, «Көктерекке»,
Айналған Бәйтерекке  – «Қорған. Аман»!..

Маңайы толған достар, толған адам,
Ойында халық қамы болған әман:
Толғайды ерлік сырын, елдік жырын,
Қазақтың қайсар ұлы ­– «Қорған. Аман»!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар