Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әрбір адамның адалдығына байланысты - АРҚА АЖАРЫ

Әрбір адамның адалдығына байланысты

Жуырда, өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялинның қатысуымен осы салада жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы брифинг өтті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Жемқорлық – бұл қауіпті әлеуметтік құбылыс. Осы тұрғыда бұл індет бір күнде жойылатын іс емес. Онымен күресу үшін әр азаматтың белсенді қатысуымен жүйелі және кешенді тәсілдерді қолдану қажет. Негізгі бағдар – сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын түбірімен жою арқылы азаматтардың әл-ауқатын кешенді түрде қамтамасыз ету. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін шаралар қабылдануда, – дей келе, Айдос Жақиялин 11 айдың қорытындысына тоқталды. Әрбір өңір үшін әзірленген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы басты құралға айналған. Мұндағы негізгі тетік – еліміздің әр аймағының ерекшеліктерін ескере отырып, тұрғындардың өзекті проблемалық мәселелерінің тізбесі қамтылған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы.

Ақмола облысында мұндай проблемалардың қатарында агроөнеркәсіп кешені, жер қатынастары, экология, жол және инфрақұрылым, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер, жылу электр станциялары, бизнес мәселелері бар. Картаны жүзеге асыру аясында ағымдағы жылдың басынан бері белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізілген. Жалпы, осы тұрғыдағы өзекті мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығын субсидиялау. Субсидиялау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін департамент ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау саласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізген. Нәтижесінде бірқатар өзекті проблемалық мәселелер анықталған. Соның бірі ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға бюджеттен бөлінген қаражаттың жеткіліксіздігі. Екінші, «Gosagro.kz» субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жетілдірілмегендігі, ал, үшіншісі, бұл субсидияларды мақсатсыз пайдалану тәуекелдері. Мәселен, «Gosagro.kz» платформасындағы кемшіліктерге байланысты егіншілік шаруашылығын субсидиялауға және инвестициялық субсидиялауға 29 өтініш бойынша шаруаларға 88,2 миллион теңгеге қосарланған төлемдер негізсіз аударылған. Осылайша, серіктестіктердің біріне сатып алған тыңайтқыштары үшін екі рет жалпы сомасы 10,2 миллион теңге субсидия берілген. Анықталған заң бұзушылықтар негізінде ауыл шаруашылығы басқармасымен кеңес өткізіліп, онда, мемлекетке негізсіз төленген субсидия төлемдерін қайтару ұсынылып, қазіргі уақытта бюджетке 74,4 миллион теңге қайтарылған.

–Біздің ұсыныстарымыз бойынша ағымдағы жылдың қазан айында белсенді дамып келе жатқан шағын ауданда көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға Көкшетау қаласының әкімдігі бұрын тендерден тыс берген 3 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жер телімдерінің жалпы кадастрлық құны шамамен 26 миллион теңгені құрайды, – деді брифингте Айдос Жаңбырбайұлы. Департаментте адал кәсіпкерлік субъектілерінің мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, «Іскерлік жол» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба басталғалы 50 диалог алаңы ұйымдастырылып, оған шағын және орта бизнестің 700-ге жуық өкілі қатысқан. Бүгінгі күні 2700-ден астам кәсіпкерге нақты мәселелерді шешуде практикалық көмек көрсетілген.

Сондай-ақ, Тәуекелдер картасы аясында Антикорр 156 проблемалық әлеуметтік нысанның құрылыс және қайта жөндеу жұмыстарының барысын бақылайды. Оның ішінде, ерекше бақылауға алынған Ақмола облысының 15 нысаны бар. Бұл мониторингтің басты мақсаты бюджет қаражатын ұрлау мен мақсатсыз пайдаланудың алдын алу болып табылады. Жалпы, жыл басынан бері 1 миллиард теңгеге жуық қаржының қисынсыз жұмсалуына тосқауыл қойылған. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты көпсалалы облыстық аурухана жалпы сомасы шамамен 12,6 миллион теңгеге немесе бір дана үшін 8400 теңгеге медициналық сұйық сабын сатып алуды жоспарлаған болса, мұндай сабынның орташа нарықтық құны 3500 теңгені құрайтын болған. Антикоррдың араласуынан кейін ұйым бағаны қайта қараған. Нәтижесінде 7,3 миллион теңге үнемделген. Және де соңғы 2 жылда барлық сомасы 9,4 миллион теңге айыппұл салынып, 30 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, осы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолданбағаны үшін облыстық басқармалардың және әкімдіктерге қарасты дербес басқармалардың 6 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен бірге, тамыз айынан бастап Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қоғамның барлық топтарын белсенді тартуды көздейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде облыста 120-ға жуық ақмолалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер атанып үлгерген. Волонтерлар әлеуметтік нысандарды, бюджет қаражатының жұмсалуын, мемлекеттік сатып алу порталын бақылайды, тегін заңгерлік көмек көрсетеді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүргізеді және жоба аясындағы басқа да мәселелерге қатысады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар арқылы да тұрғындар көмек көрсете алады. 2016 жылдан бері сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған 62 ақмолалық 10 миллион теңгеге жуық ақшалай сыйақы алса, 2 азамат Алғыс хатпен марапатталған. Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта ең жоғары сыйақы төлемі 13 миллион теңгеден жоғары болуы мүмкін. Осы мақсатта Агенттіктің 1424 байланыс орталығы мен «Антикорр орталығы» тәулік бойы қызмет көрсетеді. Егер сыбайлас жемқорлықтың орын алғанын көрсеңіз немесе естісеңіз, тиісті орынға хабарласып, алдын алуға мүкіндігіңіз бар.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар