Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі байқалады

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибековтың қатысуымен жыл қорытындысы туралы брифинг болып өтті.

2023 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша департаментке елу үш субъектіден тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітуге және өзгертуге 201 өтініш келіп түссе, өткен кезеңде басқармаға әлеуметтік маңызы бар нарықтың жеті субъектісі алда бағаның көтерілуі туралы хабарламамен жүгінген. Соған сәйкес, бөлім тарифтерді белгілеу, жетілдіру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарымен Ақмола облысының тұтынушыларға қызмет көрсететін барлық субъектілерін қамтыған. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, тарифтік сметаларды және инвестициялық бағдарламаларды орындау бойынша есептерді талдау шеңберінде 1,6 миллион теңгенің қызметі орындалмағаны немесе қолданылмағаны анықталған. Бұл сома уақытша өтемдік тарифті енгізу арқылы тұтынушыларға қайтарылады немесе болжанған өсімді төмендету үшін тарифтің кіріс бөлігінен алынады.

Сондай-ақ, қызметтердің құнын қайта есептеу әдістемесіне сәйкес жылумен жабдықтау қызметтерін көрсететін тұрмыстық тұтынушыларға жылумен жабдықтау қызметін көрсететін табиғи монополиялар субъектілері үшін сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметінің құнын қайта есептеуге талдау жүргізілген. Қайта есептеу нәтижесінде 2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңіне отын шығынының жетіспеушілігі анықталып, тұтынушыларға қайтаратын  жалпы сома қосылған құнға салынатын салықты қоса алғанда 18,9 миллион теңгені құраған. Ескеретін жағдай, аймақ көлемінде электрмен жабдықтау секторындағы желілердің орташа тозуы 66,18 пайыз болса, сумен жабдықтау желілері 50,99 пайыз, кәріз желілері 59,57 пайыз, жылу желілері 55,67 пайызды көрсеткен. Осыған орай, департамент «Инвестицияға айырбас тарифі» жаңа тарифтік саясатын іске асыру мақсатында монополистің өтінішін мұқият талдап, оның қатысуымен өткен қоғамдық тыңдауларда айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, тұтынушылардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің отырысында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Қызыл» деп аталатын аймақта (желілердің ең жоғары тозуы) орналасқан субъектілер үшін тарифтерді бекіту туралы шешім қабылдаған. Осылайша, стратегиялық тауарлардың (СТМ) құнының, орташа айлық жалақының және инвестициялық бағдарламаның өзгеруіне байланысты тарифтерді өзгертуге көптеген субъектілер қатысқан.

Сонымен бірге, департамент басшысы Көкшетау қаласы бойынша 2024 жылға арналған тарифтерді атап өтті. «Көкшетау жылу» кәсіпорнында жылумен қамту бойынша, орташа тариф – 4760,89 теңгеден 4837,04 теңгеге өссе, «Көкшетау су арнасында» сумен жабдықтау бойынша орташа тариф – 97,05-тен 105,23 теңгеге, яғни, 8,43 пайызға өскен. Ал, «Көкшетау энергия орталығы» ЖШС электрмен жабдықтау бойынша орташа тариф 25,74 теңгемен өзгеріссіз қалған. Өзге субъектілердегі тарифтердің барлығында өсу көрсеткіші байқалған. Және де ағымдағы жылдың өткен кезеңінде департамент жоспардан тыс он екі тексеру жүргізіп, сегіз заң бұзушылық анықтап, жалпы сомасы 8,2 миллион теңге әкімшілік айыппұл салып, оны толық өндіріп алған. Есептегі жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында департаментке азаматтардан осы тариф мәселесіне қатысты  224 өтініш келіп түскен.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы тарифтерді белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің тұтыну қаражатын мақсатты пайдалануына бақылауды күшейту мәселелерін үнемі назарда ұстап келеді. Мұның өзі экономика, инвестициялық тартымдылық, энергия, су ресурстарын үнемдеу және халықтың мүдделерін қорғау мәселелерін шешуде күн тәртібіндегі маңызды мәселе.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар