Биылдан бастап облыс аумағындағы барлық мектептерде аналар кеңестері ашылады. Әлеуметтік бастама барлық аналардың күш-жігерін біріктіріп, білім ордаларында туындаған мәселелерді медиация арқылы шешуге бағытталған.
Жалпы, елімізде аналар кеңестері 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Олар қоғамда отбасы институтын сақтау мен нығайту бағытында қызмет атқарады. Консультативті кездесулер өткізіп, дисфункционалды отбасылармен профилактикалық іс-шаралар жүргізеді, балаларға өз мәселелерін шешуге көмектеседі, табысты отбасылардың тәжірибесін жас ата-аналарға үлгі ретінде таратады.
– Бүгінгі қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мектептердегі тәрбиелік бағытындағы құрылымдарды нығайтуымыз қажет. Әлеуметтік желілерде оқушылардың немесе мұғалім мен оқушылардың арасында түсініспеушіліктер орнап, түрлі келеңсіз оқиғалардың орын алып жатқандығын көріп жүрміз. Мектеп қабырғасындағы осындай кикілжіңдер медиативті түрде шешілгені дұрыс. Және бұл жұмыстар тездетіп қолға алынғаны жөн. Мектептердегі аналар кеңестері осындай мәселелердің басын ашып, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермекші. Есесіне балалар мектепке тыныш барып келетін болады, бұл арқылы буллингке жол берілмейді, – дейді Көкшетау қалалық аналар кеңесінің төрайымы Найля Сейдалина.
Бұл медиативті жобаны облыстық білім басқармасы мен Көкшетау қалалық білім бөлімі де қолдап отырған көрінеді. Алты баланың анасы және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анаргүл Мұхамедрахимовамен әңгімелескенімізде:
– Аналар кеңесі ата-аналарға консультативті көмек береді. Кеңесті құра отырып, біз ең алдымен, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жұмыс бастаймыз. Себебі, баланың бойындағы барлық тәлім-тәрбие аналардан басталады. Сондықтан, балаларды тәрбиелеуді тек мектепке тапсырып қойып отырудың қажеті жоқ. Ең алдымен, баланың тәрбиесімен ата-анасы айналысуы тиіс. Ал, біз әрдайым көмек көрсетуге әзірміз, – дейді.
Бүгінде белсенді аналар мектептерде ашылып жатқан Аналар кеңесіне қосылуда. Мамандардың айтуынша, Көкшетау қалалық №17 мектеп-гимназиясында жас ата-аналар клубын ашу жоспарланған. Онда өнегелі аналар жастарға жылдар бойы жинаған тәжірибесі жайлы айтып, бала тәрбиелеу жолындағы ақыл-кеңестерімен бөліседі.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.