Ұлы Абайды барша әлем Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан таныған. Роман ұлы ақынның балалық шағынан бастап, ақтық деміне дейінгі оқиғаларды қамтиды. Романда Абайдың ақындығының алтын бастауы, Ерболмен құрған берік достығы, мәңгі арман болып қалған Тоғжанға ыстық махаббаты, қоғамға әкелген баға жетпес үлесі мен ата-анасымен қарым-қатынасы анық, ашық бейнеленген. Абайдың көрнекті ақын, әйгілі аудармашы, ұлы, дана, әрі дара тұлға атануында ата-анасының, әсіресе, әкесі Құнанбайдың рөлі қандай болды?
Құнанбай – Тобықтының аты әйгілі, өз ісімен белгілі қайраткері, әуелі аға-сұлтан, алайда, Ресей империясындағы өзгерістерге байланысты болыс болған, ескі дәуірдің ірі тұлғасы. Ал, оның ұлы Абай жаңа заманның жақтаушысы болғандықтан, әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықтар көп болып, қақтығыстар жиі орыналған. Абай әкесінің ел билеу қағидаларына қарсылық танытып, оның ойларымен келіспейтін. Әкесін тым тәкаппар, қатыгез санайтын. Алайда, осыған қарамастан, менің ойымша, Абайдың белгілі ағартушы болуына, оның тұлға ретінде қалыптасуына тікелей әкесінің берген тәрбиесі әсер етті.
Себебі, халық айтқандай, «әкесі қой баға білмегеннің – баласы қозы баға алмайды».
«Абай жолы» романы Кеңестік кезеңде цензура қыспағынан әрең өтіп, жарыққа шықты. Сол заманның идеологиясына сай, Әуезов Құнанбайды барынша қатыгез, озбыр адам ретінде көрсетті. 2015 жылы Құнанбай Өскенбайұлы туралы қазақстандық тарихи драма, өмірбаян-фильм шықты.Біз тәуелсіздігімізді алып, аяғымызға нық тұрғанға дейін, көптеген оқиғалар жұмбақ пердесінің астында болған. Адамдар шындықты білмей, қате ойлап, бұрмалап жазған. Құнанбай 1875 жылы жасы ұлғайған шағында, қажылық парызын өтеу мақсатында Мекке-Мәдинаға барған. Сол кезде қазақ жайлы ешкім біліп, танымаған. Ал мырзамыз қасиетті қалада қазақ даласынан баратын адамдарға арнап «Тәкиә» атты қонақ үй салдыртыпты. Яғни, Құнанбай қажы Меккеде Орта Азиядан барған адамдар түсіп, тынығатын, тегін тұратын шағын мейманхана тұрғызған. Ал, еліне қайтып оралғанда үлкен мешіттің іргетасын қалады.
Не десек те, Абайдай алып перзентті дүниеге әкелуге себеп болған адамды қарапайым деуге дәтіміз жетпес. Құнанбай ұлына ең маңыздысы – әке тәрбиесін берді. Жылылық пен махаббатты ол анасы мен әжесінен де ала алды.
Біріншіден, Құнанбай өте әділетті, өз ісіне адал кісі болған. Шындық пен ақиқаттың көзін іздеп, жастық шағынан баласын да соған баулыған. Мысалы, қаншама қатал болса да, Қодар мен Қамқаға сол заманның талабына сай жаза кесіп, өзінің әділеттілігін өзгеге де, өзіне де, ұлына да көрсетті. Бұл жағдайда Құнанбай басқа әрекетке бел бууға құқығы болмады, артында оның күші мен даналығына сенген халқы мен жұрты тұрды. Ол кезде солай болған. Бәрін жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап, ел ішіндегі тыныштықты сақтаған Құнанбайдың басқаша әрекет етуге амалы бар ма еді?!.
Екіншіден, Құнанбай ұлын барынша жақсы қасиеттерге тартты. Оны әрқашан мықты, текті және білімді адамдармен қоршады. Мысалы, әр рудың басты ақсақалдарыБөжей, Қаратай, Байдалы, Байсал, Сүйіндік Абайдың азамат ретінде қалыптасуына ықпал етті. Әкесі баласын үлкендердің жиналыс-отырысына шақырып, кейкезде тіпті өз ойымен бөлісуге рұқсат берген. Бөжейдің жылына ас беруде де Абайдың күшіне иланып, оған үлкен сенім артқан.
Үшіншіден, Құнанбай өте қатал, мүмкін, қатыгез де болған. Кейде шектен шыққан, ұлы оны құптамаған. Бірақ, қанша құптамай, қай жерден сынға алса да, әкесінің тепсе темір үзетіндей мінезіне тәнті болған. Керек жерде оны пір тұтқан. Бұл жағдайға ұқсас шығармадағы мәселені алайық. Дулат Исабековтың «Гауһартас» атты туындысында Тастанның әкесі де тастай қатты мінезді болған. Бұл қатыгездік кейін Тастанның өміріне теріс әсер етті. Ал, Абайдың әкесі Құнанбай қаталдықты ақылмен бірге алып жүрген. Сондықтан Абай мен Тастан мүлдем бір-біріне ұқсамайтын, бөлек әлем иелері.
Қазіргі қазақ отбасыларындағы әкелер ХІХ ғасырдағы парасатты, әділетті, қатал мінезді Құнанбайдан үлгі алулары қажет. Әйел мен ерлердің теңдігі қалыптасқан бүгінгі заманда әке тәрбиесі босаңсып кеткендей. Ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін әлсіретіп алмаудың маңызы зор. Алайда, тал бесіктен басталатын тәрбиенің тізгіні мықты болуы қажет. Сол үшін де бүгінгі ата-ана балаға беретін ізгілік қасиет қазақы тәлім-тәрбиемен ұштасуы керек.
Мен Құнанбайдай әкелеріміз болса деймін және де осындай әкелер қайсар да қайратты жастар тәрбиелеуге керек деп ойлаймын.
Риза ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
11-сынып оқушысы.