Ақмола облысының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңдылықтың сақталуын тексеру барысында көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарда жүргізуші куәліктерінің болу фактілерін анықтады.
Мысалы, азамат А.-ның көлік құралдарын жүргізуге құқық беріп келген жүргізуші куәлігі бар. Бұл ретте, ол көлік құралдарын басқаруға тыйым салынатын ауруына байланысты диспансерлік есепте тұрады.
Мұндай фактілер бірен-саран емес, прокурорлар осындай тағы да 120 фактіні анықтады. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша аталған тұлғаларға көлік құралын басқару құқығын тоқтату жөнінде шаралар қабылданды.
Басқа бұзушылықтарға келсек, прокурорлар полиция органдарымен бірлесіп, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 97 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Статистика көрсеткеніндей, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдықты шектен асырып, қауіпсіздік белдіктерін қолданбау, көлікті мас күйінде жүргізу салдарынан орын алады.
Ақмола облысының прокуратурасы жол қозғалысының барлық қатысушыларын жолдарда сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Ақмола облысының прокуратурасы.