Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Инклюзивті білім мәселелері –  халық қалаулылары назарында - АРҚА АЖАРЫ

Инклюзивті білім мәселелері –  халық қалаулылары назарында

Ақмола облыстық мәслихаты жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, күн тәртібінде облыста инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау, халықты әлеуметтік қорғау саласында мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қатысты мәселелердің жай-күйін талқылады.

Комиссия төрайымы депутат Айнагүл Балташеваның айтуынша бұл кездесуді көптен бері өткізу жоспарланған және жоспарлы кездесу алдында осы мәселеге бойлау мақсатында өңіріміздегі бірнеше инклюзивті оқу орындарын аралап, мәселені көзбен көріп, көңілге түйіп қайтса керек. Халық қалаулылары осы салаға байланысты толғандырған сұрақтарды сала басшыларына қойып, мәселенің мән-жайына қанықты. Күн тәртібінде қаралған алғашқы сұрақ бойынша Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин сөз сөйлеп, баяндама жасады.

– Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 11 851 бала тіркелген, оның ішінде 1817 баланың мүгедектігі бар.  Нозология бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың бұзылуын талдай отырып, олардың 42 пайызының сөйлеу қабілеті бұзылған, 33 пайызында психикалық дамуы тежелген және 12 пайызы ақыл-ой кемістігі бар балалар екендігін анықтадық. Сондай-ақ, динамиканы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстыратын болсақ, 538 балаға (01.01.2023 жылға 12389 бала) жалпы төмендеу байқалады, бірақ бұл ретте аутизмі бар балалардың 95 балаға өскендігін жоққа шығармауымыз керек. Инклюзивті білім беруді дамытуда облыстың білім беру жүйесіндегі арнайы ұйымдар желісі үлкен рөл атқарады. Өңірімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 922 баланы қамтитын 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК), 1225 баланы қамтитын 20 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті,  46 КПИО-ға 897 бала барады. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында облыста 46 КПИ ашылды, онда 159 педагог жұмыс істейді және 897 балаға барады, бұл балалар мен ата-аналарға уақтылы қолдау болып табылады, – деді Шоқан Оразалин өз баяндамасында.

Басқарма басшысы өз сөзінде 2024 жылы облыстың барлық аудандары мен қалаларында 375,0 миллион теңге сомасына инклюзивті білім беруді қолдаудың 30 кабинетін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, 2020-2025 жылдарға арналған «инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерінің желісін кеңейту» жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай инклюзивті білім беруді қолдаудың тағы 60 ресурстық кабинетін ашу жоспарлануда.    Облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тасымалдауды ұйымдастыру үшін жалпы сомасы 208,5 миллион теңгеге 17 бірлік арнайы автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ, 2021 жылы балаларды Көкшетау қаласының №1 арнайы мектеп-интернатына тасымалдау үшін 34,4 миллион теңге сомасына автобус сатып алынды. Жиын барысында басқарма басшысы «Қазақстан халқына» Қоры бойынша  деректерді де ортаға салды.

– 2023 жылы «Қазақстан халқына» Қоғамдық Қорының қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының «Kazdidac» оқу жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығы облыстың 5 арнаулы мектебінде жалпы сомасы 150,0 миллион теңгеге 30 оқу кабинетін жеткізіп, жарақтандырды.  Сондай-ақ, Көкшетау қаласының №4 арнайы мектеп-интернатына қосымша құрылыс облыстық бюджет қаражаты есебінен аяқталуда. Құрылыстың сметалық құны 783 миллион теңге. Нысан 2024 жылдың ақпан айында іске қосылады деп жоспарланған. Көкшетау қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатына 1,460 миллиард теңге сомасына АСД бар балаларға арналған 80 орынға арналған қосымша корпус салу  проблемалық мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда 26,6 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжатамма әзірленді, бірақ қаражат бөлінген жоқ, жоғарыда айтқанымдай, аутизмі бар балалардың өткен жылмен салыстырғанда 95 балаға өсуі байқалады, осы мәселеге назар аудару қажет деп санаймын. Бұл жобаны білім беру инфрақұрылымын дамытуды қолдау қорының қаражаты есебінен іске асыру үшін ҚР Білім министрлігіне мәлімдеу жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 700-ден астам арнайы педагог (логопедтер, дефектологтар, тифлопедагогтар, сурдопедагогтар, олигофренопедагогтар, педагог-психологтар) жұмыс істейді, олардың ішінде жалпы білім беретін мектептерде 414, мектепке дейінгі ұйымдарда 167, арнайы ұйымдарда және түзету кабинеттерінде 121 арнайы педагог жұмыс істейді. Барлық мұғалімдердің жоғары білімі бар. Ағымдағы оқу жылында арнайы білім беру ұйымдарына 33 маман келді, оның ішінде 11 жас педагог.

Кеңес барысында халық қалаулылары көптеген өзекті сұрақтарды ортаға салып, ұсыныстарды енгізді. Мысалы, депутат Нұртас Ахат Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде үш жыл бұрын «логопедия» мамандығы ашылғанын атап өтіп, оны ашу қажеттілігі күн сайын өсіп келе жатқандығын, ерекше оқу жағдайларын талап ететін балалар санына, сондай-ақ, кадрлардың тапшылығына байланысты болғандығын баса айтты.  Қазіргі таңда колледж жетекші бейінді жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықта. Ақыл-ой кемістігі бар балалар үнемі сүйемелдеуді қажет ететіндіктен, қазір мектептерде инклюзия бойынша педагог-ассистенттер жұмыс істейді, демек, колледждер мен жоғары оқу орындарында жаңа жеке мамандық ашу қажеттілігі бар екендігі де айтылды. Депутат Құралай Жұмабекова болса, арнайы түзету мекемелерінің жұмыс сапасына назар аударуды сұрады. Атап айтқанда, психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған «Сыйымдылығы аз үй» пилоттық жобасын іске асыру сапасына қатысты шағымдар бар екендігін баса айтты. Депутат Сұлтанбек Бекешев жоғарыда аталған мамандықтар бойынша гранттар санына, сондай-ақ, түлектердің дефектологтар мен арнайы педагогтарға қызығушылық танытпаудың себептері қандай деп сұрады. Талқылау барысында кадрлар тапшылығының негізгі себебі – жалақының төмендігі және ерекше балалармен жұмыс істеудің қиындығы екені белгілі болды. Мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов мемлекеттік деңгейде осы салада жұмыс істейтін мамандарды ынталандыру шараларын ойластыру қажет екендігіне тоқталды.

Жиын барысында Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мұхамедин сөз сөйлеп, баяндама жасады. Алайда, спикер депутаттардың көптеген сұрақтарына нақты жауаптар бере алмай, дайындығы аз екендігін байқатып алды. Осыған байланысты әлеуметтік қорғау саласындағы ең өзекті мәселелерді қарау үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Барлық айтылған мәселелер мен ұсыныстар негізінде отырыс қорытындылары бойынша депутаттық сауалдар дайындалып, ұсынымдар шығарылатын болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар