Ақмола облысында көтерем болған жылқылар көктемге жетпеуі мүмкін – депутат

– Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы саны күрт азайып бара жатқанын айтты. Бұл тұрғыда ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.

«Биылғы қалың қар, қатты қыс мал шаруашылығына оңай болмай тұр. Әсіресе, жылқы малына аса ауыр тиіп жатыр. Еліміздің солтүстік өңірлерінде «жем-шөптің таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толықтай қолға қараған, өлім-жітім көп» деген ақпараттар бар. Шаруалар онсыз да жем-шөбі жоқ, жөнді субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені, жем-шөбі таусылған фермерлер де, қорадағы малына қараған ауыл адамдары да жылқыны арзан бағада болса да, соғым орнына жаппай сатып жатыр», – деді Қ.Иса.

Оның сөзіне қарағанда, Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп. Зеренді ауданындағы ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, қиналып отыр. Ақкөл ауданының малшыларының жағдайы да мәз емес. Шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жетті.

«Бұған басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен мүлдем айырылып қалған көптеген ауылдарда жылқылар қолға қарап тұр. Егінді елдің іргесіне дейін егіп тастаған. Жанармай құны 300 теңгеден асып, аспандап кеткен. Осындай қыс қыспағы мен қиын-қыстаудың кесірінен әр ауылда жылқылар өліп жатқаны, қолындағы бар жылқысын тұяқ қалдырмай түгел сатып жіберген фермерлер жайлы жазылып жатыр. Яғни, көптеген ауыл тұрғындары көтерем болып жатқан көп жылқы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Ақмола облысының мәліметі бойынша «бізде ешқандай мал шығыны жоқ, бәрі тамаша» дегенмен, бізге жеткен хаттар мен «Егемен», «Қазақ үні», «Айқын» газеттеріндегі айқын ақпараттар басқаша сөйлейді. Ендеше, төніп тұрған қауіптің алдын алу үшін Үкімет деңгейінде шұғыл түрде кешенді шаралар қажет», – деді депутат.

Оның пайымынша, Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар, әкімдіктер жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы «Жол картасын» жасауы керек. Сонымен қатар, Үкімет жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауы тиіс.

«Республикалық бюджеттен 2023 жылы жылқыға бар болғаны 52,9 млн теңге бөлінсе, шошқаға 2,1 млрд теңге бөлінген. Яғни, шошқаға бөлінген қаржы жылқыдан 40 еседей көп… Еліміздің басым бөлігі жемейтін шошқа етіне деген соншалықты ерекше қамқорлықтың сыры неде?! Жайылым мәселесі үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты әрі қалай пайдаланылып жатқанын түпкілікті тексеріп, нақты шешу керек», – деді Қазыбек Иса.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар