Астанадағы Дәуешовтер әулеті елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасылардың бірі. Осындай әулеттің берік қазығы, балаларының тірегі Еркін аға мен Хамила жеңгей. Адами қасиеттері биік, ақылы дария, пайым-парасаттары жоғары, бақ дарыған ата-ана дер едім. Тіпті құтты шаңырақтың бақытты мекені деуге болады.
Еркін ағаның әкесі Дәуеш адамгершілігі мен азаматтығы жарасқан, өте еңбекқор жан болыпты. «Әкенің жақсылығы балаға мың жылдық азық» деген асыл сөз бар емес пе?! Еркін аға да әкесінің жақсы қасиеттерін бала-шағасының бойына дарытып, әке салған дара жолмен келе жатқан үлгілі отағасы.
Әкесі Дәуеш Өшәбекұлын соғыс жылдары ауылға бас болатын азаматтың бірі деп, броньмен елде қалдырыпты. Ал, атасы Құлбек Әлбатырұлы ұстаздықпен айналысқан. Фашистік Германияны жеңу үшін ел ішінде үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, ауылда қалғандарды еңбекке жұмылдыруда көп еңбек сіңірген адам. Ал, аналары Хадиша Тұрарқызы мен Рәбиға Бұқпақызы ұжымшарларда еңбек ете жүріп, үйдегі балаларды тәрбиелеп өсіріп, олардың оқуларына көңіл бөлген екен.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерлері Еркін аға мен Хамила жеңгей соғыстан кейінгі жылдары талай қиындықтарды көре жүріп, орта мектепті бітіріп шығады. Екеуі де оқуды бітірісімен Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты бітірген соң екеуі де ауылға келіп мұғалім болады.
1963 жылдың 7 қарашасында олар отбасын құрады. Еркін аға Кеңес орта мектебінде директордың оқу-өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары болады. Ал, Хамила Құлбекқызы есеп пәнінің мұғалімдігіне қабылданады. Осы мектепте қызмет істеп жүргенде Еркін Дәуешев партия қатарына өтеді. Хамила Құлбекқызы мектепте сабақ бере жүріп, Алексеев (қазіргі Ақкөл ауданы) аудандық партия комитетінің екі мәрте мүшесі болып сайланады. Осы Кеңес ауылында олардың тұңғыш балалары Гүлнәры дүние есігін ашады.
1966 жылы Еркін Дәуешұлын қазіргі Азат орта мектебіне директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасарлығына ауыстырады. Абыроймен төрт оқу жылын осында өткізеді. Осы елде Гүлшәт пен Динара атты қыздары өмірге келеді. Ал 1970 жылы Еркін ағаны Қарабұлақ орта мектебінің директорлығына тағайындайды. Осында жаңа мектептің іргесін қалайды. Бұл оқу орны оқу-тәрбие жұмысы жағынан Сілеті ауданындағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болады. Осы жерде Еркін Дәуешұлы Қазақстан Республикасының білім саласының үздік қызметкері төсбелгісімен марапатталады. Тіпті кезектен тыс жеңіл көлік алуға болатын аудандық атқару комитетінің шешімі шығып, автокөліктің кілтін оғантамыз конференциясында табыс етеді. Содан Қарабұлақта Марат пен Әлия деген балалары дүниеге келеді.
Еркін аға кезінде негізгіқызметінен басқа қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан екен. Осыны байқаған Сілеті аудандық партия комитеті оған идеология бөлімін басқаруды тапсырады. 1978 жылдан 1987 жылға дейін осы қызметті Еркін Дәуешев мінсіз атқарып, қоғамдық негізде бейбітшілікті қорғау қоғамының аудандық бөлімінің төрағасы да болады. Кейін аудандық мәдениет саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметіне сайланады.Ал, зайыбы Хамила Құлбекқызы Сілеті орта мектебінде үздік сынып жетекшісі атағына ие болады.
1987 жылы Ақкөл ауданының білім беру бөлімін басқаруға ауысады да, ал Хамила жеңгей № 3 орта мектеппке математика пәнінің мұғалімдігіне қызметке алынады. Осы уақыт ішінде ұлтжанды Еркін Дәуешұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, қазақ мектептерін ашуға көп көңіл бөледі. Осы қызметке келгенде ауданда бір ғана қазақ мектебі болатын. Содан құрметті демалысқа шыққанша 7 таза қазақ мектебіне қоса,14 аралас мектеп ашып және Ақкөл қаласындағы таза қазақ мектебінің іргесінқалауға ат салысады. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Үкіметі құлағаннан кейінмектептер мен бала бақшалар жабылып жатқанда, Еркін Дәуешұлының қолдауымен бұл ауданда бірде-бір мектеп жабылмаған. Оның іскерлігінің арқасында бар қиыншылықтарға төтеп бере отырып, керісінше, бірнеше мектептің жанынан кішігірім бала бақшаларда ашылады. Оған қоса,аудандық білім басқармасының жанынан білім саласының қызметін көрсететін мұражайдың ашылуына мұрындық болады.
Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы дейді ғой. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміздің екеуі де ұлағатты ұстаздар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, Еркін ағамыз бен Хамила жеңгеміздің алдынан мыңдаған шәкірт білім алып,тәрбие көрген. Олар өсіріп тәрбиелеген өз балалары да бүгінде қазақ елінің мақтанышына айналған мамандар.
Еркін аға мен Хамила жеңгей алты бала тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. Балаларының барлығы да жоғары білім алған. Біреуі ғылым кандидаты, екіншісі ғылым доктары. Бесеуі республикалық дәрежедегі қызметтер атқарады. Зайыбы Хамила Құлбекқызы күміс алқа иегері, 52 жылқызмет атқарып, зейнетке шыққан ұлағатты ұстаз, аяулы ана.«Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ал Еркін ағаның еңбек өтілі 57 жыл. «Құрмет» орденінің иегері, оған қоса, бірнеше мемлекеттік медальдар мен Құрмет грамоталарымен де марапатталған. Ақкөл ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Зейнетке шыққаннан кейін Еркін Дәуешұлы мен Хамила Құлбекқызы Астана қаласына көшіп келеді. Екеуі де осы қалада қарап отырмай, қызметтерін одан әрі жалғастырады. Еркін аға қаладағы қарттар үйіне, қазіргі «Шарапат» мекемесіне педагог-психолог болып орналасып,осында тура 14 жыл қызмет атқарады. Қазақстанның әлеуметтік саладағы тұңғыш психологы атағын алып шығады. Ал, Хамила Құлбекқызы Астана қаласындағы №3 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып, ұзақ жыл қызмет атқарады. Мектеп ұжымының ол кісіні сыйлайтындығы сонша, мектептен кеткеніне әжептәуір уақыт өтсе де, әлі хабарласып, мейрамдармен құттықтап, өздеріне шақырып тұрады екен.Қызметтен біржола босағаннан кейін де Еркін аға бос қарап отыра алмайды. Астанадағы ардагерлер кеңесінің қоғамдық жұмыстарымен айналысады. Ардагерлер кеңесінің және журналистерден құралған медиа топтың белді мүшесі. «Астана ақшамы» газетінің штаттан тыс тілшісі.
Еркін Дәуешұлы ағамыз кітап жазумен де айналысады.«Ауылымды сағындым», «Бір ғасыр», «Жаны жайсаң Жайық аға», «Азаматтарымен ажарлы Ақкөлім», «Қаламмен өрілген жылдар» естелік кітаптарының авторы. «Арқа ажары», «Астана ақшамы», «Ақкөл өмірі» газеттеріне тұрақты түрде мақалалар жазып тұрады.Онымен қоса, Еркін ағамыз еліне қалтқысыз қызмет етсе де, кезінде еңбегі еленбей, халық жауы деп сотталып кеткендердің өмірін зерттеумен де айналысқан адам. Соғыс кезінде ұжымшарды жақсы басқарып тұрған Құлмағамбетов Бауке деген кісіні көреалмайтындар халық жауы деп 58 баппен он жылға соттатып жібереді. Осы кісінің өмірбаянын зерттеп, адал екенін дәлелдеп Бас прокуратураға дейін барып, мақалалар жазып,Бауке Құлмағамбетовты ақтап шығады.
Одан кейін жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың ісімен айналасады. Ол кісі Ақкөл ауданының тумасы, Алаш қайраткерлері туралы алғашқы шындықты халыққа жеткізген, өзіде бірнеше жыл тар қапаста отырып келген қайраткер. Осы кісі туралы да Еркін аға көп зерттейді. Дәлелді айғақтармен елін таныстырып, есімін ел есінде мәңгілікке қалдырады. Жайық Бектұровтың ісімен 17 жыл айналысқан екен. Газеттерге ол жайлы мақалалар жазып, оның ақ екенін дәлелдейді. Ақкөл қаласында қазақ орта мектебіне, бір көшеге оның есімін бергізеді. «Жаны жайсаң Жайық аға» деген кітапта шығарады.
Ал қазіргі уақытта Еркін аға бас болып, «Ердің атына елі сай болсын» деген қағидамен Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы қарсаңында батырдың туған елі – Еңбек ауылын көркейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге ат салысып жатыр. Бұдан 3-4 жыл бұрын бағдарлама жасап, оны аудан әкімі қолдап, іске кіріскенбіз дейді Еркін аға. Қазіргі уақытта батыр еліндегі мектеп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіпті. Тас жолға билбордтар қойылып, музей үйі де ашылған көрінеді. Ал, ескерткіш орнату жөнінде Еркін аға Қорғаныс Министрінің қабылдауында болыпты. Министр келісімін берген көрінеді. Жалпы, Еркін ағамыз үйде тыныш отырмайтын, осындай елдің адамы. Халықтың қамымен жүрген қамқор азамат.
Кезінде«Астана ақшамы» газетіне де Жұмабек Тәшенов туралы бірнеше мақала жазған. Ол кісіге Халық Қаһарманы атағын және туған ауданына есімін беру туралы мәселелер көтеріп жүрген көрінеді. Аршалы ауданы қолдайды,ал облыс үндемейді, – дейді Еркін аға. Міне, осындай қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрген жолдасын, немерелерінің атасын Хамила әжейде үйде отырып қолдап, демеп отырады екен.
Еркін аға мен Хамила жеңгей ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған, шаттығы тасыған шаңырақтардың бірі деп айта аламыз. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Дәуешевтердің отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке, үлкенді сыйлап, құрметтеуге тәрбиелейтін өзара сыйластық о баста қалыптасқан. Ұлтымыздың салт-дәстүрі мен дархан кең көңілін насихаттап отырған отбасы. Туған-туыстары мен жолдастарына үлгі-өнеге көрсетіп әрі қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген отбасы.
Атасының қасында жүріп оның әңгімесін тыңдап, өткен өмір, еңбек жолдары мен мағыналы, өнегелі істерін көріп, Еркін аға мен Хамила жеңгейдің ұрпақтары бойларына қаншама рухани азық болатын тамаша қасиеттерді сіңірген бақытты балалар. Немерелері Хамила әжесі мен Еркін атасының айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренген бақытты балалар. Баламен отырып, әңгімелелескеннің өзі тәрбиедегі ең маңызды іс емес пе? Ата-әжесінің айтқан әрбір сөзі немерелерінің айналасындағы достарына деген сенімін оятады. Бастысы, бала айналасындағы ортаға үйренісіп, жақсы қарым-қатынаста болады. Дос пен дұшпанның ара жігін ажыратады. Міне, осындай жақсы істер яғни, ата-әженің тәрбиесі бүгінгі таңда әрбір шаңырақта қалыптасып отыр деп айта алмаймыз. Себебі, Еркін ағамыз сияқты қазыналы қарттарымыз азайып барады.
Дәуешевтердің отбасынан шыққан, яғни, ата мен әженің «мектебінен» өткен олардың балалары мен немерелері рухани жағынан да мықты. Олар үлгілі отбасының ұрпағы. Сөзіміздің дәлелі, олардың отбасы 2019 жылы Астана қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында екінші орын иеленіпті. Бұл оңай жеңіс емес. Жүздеген отбасы қатысқан жарыста алға шығу үлкен еңбек пен тәрбиенің негізі арқылы жеткен Жеңіс.
Барлық отбасылар осы Дәуешевтердей болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болар еді. Сыйластық пен сүйіспеншілік, оның ар жағында махаббатқа толы сезім әрбір шаңырақта болса, онда тату-тәтті өмір мен берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы да Қазақ елінде көп болар еді. Ал бақытты отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Отбасын сүйген адам туған Отанын да жанындай жақсы көреді. Ал, Отан әрбір шаңырақтан басталады.
Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, балаларын да жанындай сүйетін болады. Осындай үлкен шаңырақтың уығын ұстап тұрған Еркін аға мен Хамила жеңгеміз мерейлі отбасының бірі. Қараша айының 7-сінде олардың шаңырақ құрғанына 60 жыл толды. Қазақтың бір шаңырағын шайқалтпай, жайнатып отырған Дәуешевтердей отбасылары елімізде көп болса дейміз!
Ғалия БАЛТАБАЙ,
ардагер журналист, «Құрмет» орденінің иегері.