Даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген жалынды сөзі бүгінде нақ біздің интернационалист-жауынгерлеріміздің өмірімен тура қабысып жатқандай.
«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана «Достар» мәдениет сарайында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған соғысының отты жылдары» атты кездесу өткізді.
Шараның мақсаты Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық рух беріп, аға буын ұрпаққа құрметпен қарауға, туған жерін, Отанын сүюге, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу болып табылады.
Кездесуге қан майданда шыңдалған қайсар жүректі Ауған соғысының ардагерлері, Ақмола облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай, Көкшетау қалалық ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің төрағасы Болат Шәріпов, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер Қанат Бралин, Талғатбек Балақаев, Ришад Макеев, Болат Уайсов, Нұрбек Әбілқасымов, Марат Қожахметов, Өмірсерік Дәулетжанов және Ақмола облысы бойынша Қарулы Күштер ардагерлері Кеңесінің төрағасы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетаууниверситеті әскери кафедрасы басшысының орынбасары Жанат Ережепов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің «Педагогикалық мамандықтар бөлімі» меңгерушісі Айнагүл Бейсембина, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кешке жиналғандарға Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері насихатталып, солақай саясаттың құрбаны болған жастар жайлы мағлұмат берілді. Жат жердегі соғыстың тарихи маңызы пысықталып, Отан алдындағы парыз, туған жер үшін өз-өзін құрбан ету сияқты қасиетті борыштың не екені кейінгі толқынға үлгі етілді.
Тәлімді ғибратқа толы бұл кездесуде жастық шағын оқ пен от арасында өткізген интернационалист-жауынгерлер сұрапыл күндерді еске алып, естеліктерімен бөлісті. Қойылған сұрақтарға жауап берді. Өр тұлғалы, ерен мінезді ардагерлермен сұхбаттасқан студент жастардың бойында патриоттық сезім ұялады.
Ардагерлер құрметіне Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттері мәнерлеп өлең оқып, «Достар» мәдениет сарайының әншілері патриоттық әндерді шырқады. Кітапханашылар бірнеше тақырыптық бөлімнен тұратын кең ауқымды көрмеге шолу жасады.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме «Ауған соғысы – тарих қойнауының бір парағы» атты кітап көрмесінен басталды. КөрмедеОтан алдындағы борышын адал атқару жолында шейіт болған боздақтар және бейбіт өмірге өз үлесін қосып жүрген Ауған соғысы ардагерлерінің есімдері паш етілген «Даңқ» энциклопедиялық анықтамалығы, Бақытбек Смағұлдың әскери прозаның биігіне шыққан шығармалардың бірі«Тағдыр тозағы» кітабы қойылды.
Көрмеден Бақытбек Смағұлдың шығармаларының 3 томдығы да орын тапты. Қаламгерекінші томындаатақты Қара майор, Борис Керімбаевтың ерен ерлігіне тоқталады. Батыр бейнесінің асқақ мүсінін сомдайды. Автор отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл биік сана, соғыс пен бейбітшілік туралы өз пайымдарын ортаға салады.Марат Жүнісбектің «Тағдыр» кітабындаАуған соғысының бел ортасында жүрген тірі куәгеріХалық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлы Ертаев туралы жазылған. Жерлесіміз, Зеренді ауданына қарасты Ақан ауылының тумасы, әскери қайраткер, запастағы полковникАмангелді Жантасовтың «Второй мусульманский» кітабында177-ші батальонның арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрылу тарихыкөркем тілмен суреттелген. Көкшелік публицистӘлия Ахетованың «На той войне не знаменитой» және «Сестра моя жизнь» кітаптарынан оқырмандар ақмолалық Ауған соғысы ардагерлері туралы ақпарат алуына болады.
«Естен кетпес естеліктер» атты бөлімдестуденттерақмолалық Ауған ардагерлерінің бейбіт өмірде түрлі патриоттық шараларда түскен фото суреттерімен, «Полковниктің дара жолы» атты бөлімдежас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге белсенді атсалысып жүрген «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ДуанбайЫбырайдыңөмірбаяны, алғыс хаттары, орден, медальдарының кітапшалары, жеке текті құжаттарымен танысты.Кітапхана көрмесін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Уақыт бізді таңдады» атты көрмесі толықтырды.
Бақытжан АЙДОСОВА,
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы,
«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана меңгерушісі.