Бірі оралып, ал, бірі оралмаған қос бауыр

Ауған соғысына қатысқан 22 мың қазақстандық жастар арасында біздің жерлесіміз, замандасымыз Совет Мұхамеджанұлы Таженовта болған еді. Совет Мұхамеджанұлы 1965 жылғы маусым айының 2-сі күні бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Степняк қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келді.

Әкесі Мұхамеджан ақсақал теміржол саласында жол шебері болып еңбек етті. Ал, анасы үй шаруашылығымен, бала тәрбиелеумен айналысқан.

Ауылды жерде, көпбалалы отбасында өсіп-тәрбиеленген көптеген балалар сияқты, Совет те ата-анасына, бауырларына қолғабыс беріп, бақытты балалық шағын өткізеді.1972 жылы Сандықтау ауданындағы Победа сегізжылдық мектебінің 1 сыныбына барып, 1980 жылы осы мектептің 8 сыныбын аяқтайды.Мектепті аяқтағаннан кейін Атбасар қаласындағы №84қалалық кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түседі.

Оқуын бітірген 1983 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Әскери қызметті Өзбекстанның Самарқанд қаласында бастады. Осы қалада бір ай карантинде болып, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бес айлық әскери дайындықтан өтіпті. Бірақ, сол кездегі 18 жасар бозбала майдан даласына түсемін деп ойлаған жоқ еді. Алайда, бес ай бойы оқыған әскери оқуы аяқталған соң, 1984 жылдың сәуір айында Ауғанстанның Пәкістан шекарасында орналасқан Нангархар провинциясына келіп, әскери қызметін осы провинцияның әкімшілік орталығы Желалабад қаласында автомобиль ротасында жалғастырады. Талай рет оқ пен от арасында Ауғанстан астанасы Кабул қаласынан Баграм, Желалабад қалаларына жүк тасымалдады. Ауған жерінде әскери қызметін атқарған уақытта көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін бірнеше марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Жауынгер-интернационалист», «КСРО Қарулы Күштерінің 70 жылдығы», «Ауған халқының алғысы» медальдарымен марапатталды.

1985 жылы желтоқсан айында интернационалдық әскери борышын өтеп, аман-есен елге қайтады. Елге қайтып келген соң, ауыл өміріне араласып, балташы болып еңбек жолын бастайды. Ауылда бірер жыл еңбек етіп, Қарағанды қаласындағы дене шынықтыру және спорт техникумына сырттай оқуға түсіп, дене шынықтыру пәнінің оқытушысы мамандығын иеленеді. Сырттай оқу оқып жүріп, өзі оқыған Победа сегізжылдық мектебінде дене шынықтыру пәні бойынша мұғалім болып еңбек етеді. Мектепте мұғалім болып еңбек еткен жылдары жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық тәрбие берумен айналысты. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларымен фотосурет үйірмесін жүргізді. Қарағанды техникумын аяқтаған соң Хлебное ауылындағы Победа орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 1995 жылы отбасын құрып, 1998 жылы Атбасар қаласына қоныс аударды. Атбасар қаласының мектептерінде дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ берді. Шәкірттеріне сабақ бере жүріп, педагогикалық біліктілігін арттыру мақсатында 2003 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Дене шынықтырумен қатар, мектеп оқушыларына алғашқы әскери дайындық пәнінен де сабақ берді. Лейтенант әскери шені бар. Оқушыларға сабақ бере жүріп, Совет Мұхамеджанұлы өзі оқытқан балалардың бойында ерлік, жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастырды. Өз балалары Ирада мен Русланның тәрбиесіне баса назар аударып, оларда бұл күнде еліміздің өнегелі азаматтары атанып жүр.

Ауған соғысы Таженовтар отбасын тек Советпен ғана шектеген жоқ. 1985 жылғы көктемде Кеңес әскерінің қатарына шақырылған туған інісі Қайрат та ауған соғысының от-жалынына тап болды. 1985 жылдың тамыз айынан  бастап, Ауған жеріне келген Қайрат әскери борышын абыроймен өтей жүріп, туған жеріне оралуына бірер ай ғана қалғанда, 1987 жылғы наурызайының 11-і күні әскери тапсырманы орындау барысында алған жарақатынан қаза тапты. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған есіл ер өзі туып-өскен Сандықтау ауданының Ащылы ауылында жерленді. Қайраттың есімі 1999 жылы жарық көрген Ауғанстанда қаза тапқандар туралы естелік кітабының 2-інші томына енгізілген.

Кеңес әскерлері Ауған жерінде 10 жыл бойы, атап айтқанда 1979 жылдың желтоқсанынан 1989 жылғы 15 апанға дейін болып, сол кездегі Кеңес Одағына еш қатысы жоқ соғысқа қатысып, көптеген жауынгерлеріміз бөтен елде қаза тапты. Биыл Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Көздері тірі ардагерлерге денсаулықтарыңыз мықты, алда көрер қызықтарыңыз көп болсын деп шын тілектестігімді білдіремін. Аспанымызды соғыс жалыны шарпымай, жас ұрпақ бейбіт заманда өмір сүрсін.

Бауыржан ДОСМҰҚАНОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар