Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
Сондай өз ісіне адал жанның бірі – Күлзайраш Жұматайқызы Мұсабаева. 1963 жылы 1 ақпанда Целиноград облысы Целиноград ауданы Құдықағаш ауылында дүниеге есігін ашқан Күлзайраш Жұматайқызы 1982 жылы Целиноград педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1985 жылы оны сәтті аяқтап, педагогикалық қызметін Қорғалжын ауылында тәрбиеші ретінде №4 «Аленка» балабақшасынан бастады. Білім саласында 40 жыл қызмет еткен ұстаз бүгінде «Балауса» бөбекжайында әдіскер лауазымын атқарады.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, осынау қастерлі мамандықтың иесі атанған Күлзайраш Жұматайқызы үнемі жаңалыққа ұмтылып, ұжымның алдыңғы қатардан көрінуіне ат салысып, әр тәрбиленушінің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындауды басты мақсат еткен педагог.
Педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ, бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан, оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуға тәрбиелеу қажет.
Ұстаз болу жүректің батырлығы,
Ұстаз болу-сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, – десек, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түсіне алған әріптесіміз биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіне сүйіспеншілік пейілмен қарай білгендігі – өмірде үлкен жетістік.
Бір салада 40 жыл қызмет еткен Күлзайраш Жұматайқызы өзіне жарасымды байсалды мінезімен әріптестеріне сыйлы, тәрбиеленушілерге мейірімді, ата-аналарға сүйікті педагог бола білді. Бүгінде зейнеткерлікке шығып, еңбек еткен адал кәсібінің жемісін көрер шаққа жетті. Әріптесіміз Күлзайраш Жұматайқызының деніне саулық, отбасына амандық, берекелі де мерекелі өмір тілейміз!
«Балауса» бөбекжайының ұжымы.