Еліміз бойынша 1 наурыздан бастап өңірлерде жас басқарушылардың пулдарын қалыптастыру мақсатында өңірлік кадрлық резервке жастардың құжаттарын қабылдау басталды. Бастаманың маңызды тұсы – әр салада жастардың үлесін арттыру. Бүгінде Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында 2939 мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, олардың 30 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Аталмыш бастама біздің өңірде қалай жүріп жатқаны туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Думан Әбілевпен сұхбаттасқан едік.
– Думан Қайратұлы, елімізде облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталып жатыр. Соның ішінде Ақмола облысы да бар. Жалпы, осы жоба туралы толық түсіндіріп беріңізші…
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің басқарушылық қызметтерінде талантты жастардың болғанын құптайды және жастардың әлеуетін пайдаланып, олардың пайдалы бастамаларының іске асуына ерекше назар аударып, көптеген тиімді әрі жарқын болашақты көздейтін жобалардың қолға алынуына себепші болды. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік аппаратқа адал, білімді, бастамашыл, халық игілігіне қызмет етуге дайын мамандар әрдайым қажет. Сондықтан, аталмыш жоба арқылы аймақты дамытуға атсалысатын талантты және белсенді жастар арасынан жаңаша ойлау көшбасшыларының, жас басқарушылардың пулын қалыптастыру көзделуде. Осы себепті, ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік кадр резервіне іріктеу басталды. Мақсаты – білікті жас мамандардың өңірлік пулын құру және талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту.
Өңірлік резервке іріктеп алынған кадрлар жергілікті атқарушы органдарға сайланатын лауазымдарды қоспағанда «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына тағайындалуына мүмкіндіктері болады. Іріктеуден өткендер 2 жыл өңірлік резервте тұрады. Сол уақыттың ішінде ғана лауазымдық орындарға тағайындала алады. Жастардың арасынан өңірлік кадр резервіне үміткерлерді іріктеу біздің облыста индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру секілді 6 салалық бағыт бойынша іске асырылады.
–Өңірлік кадр резервіне жастар ғана қатысатыны белгілі. Дегенмен, оларға қандай талаптар қойылады және резервке тіркелу үшін қандай құжаттарды тапсыру керек?
–Үміткерлерге қойылатын талаптарға келетін болсақ, ең алдымен олар Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс. Содан кейін жасы 35-тен аспаған, үш жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді маман болуы қажет. Олардың осы талаптарға сәйкестігі ұсынған құжаттарына байланысты тексеріледі. Құжаттар onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында қабылданады, не болмаса қолма-қол біздің департаментке әкеліп тапсырса да рұқсат етіледі немесе пошта арқылы жолдауға да мүмкіндік бар. Егер үміткер құжаттарын қолма-қол форматта қағаз жеткізгішпен ұсынса, немесе электронды поштамен жолдаған болса, бәрібір құжат тапсыру мерзімі аяқталғанша онлайн-платформаға тіркелулері қажет. Талап етілетін құжаттар ішінде жеке басын куәландыратын құжат, өңірлік кадр резервіне іріктеуге қатысуға өтініш, білімі туралы дипломның көшірмесі, еңбек кітапшасының көшірмесі, соңғы жұмыс орны куәландырған қызметтік тізімі, түрлі-түсті 3х4 форматындағы фотосурет болуы керек.
Онлайн-платформада тіркелген азаматтар жеке кабинетіне барлық құжаттарды жүктеген соң, үміткер ретінде өңірі мен салалық бағытын таңдайды. Бір үміткер тек бір өңір мен бір салалық бағытты таңдайды. Сонымен бірге, бұл мәліметтерді қайта өзгертуге мүмкіндік болмайды.
–Жалпы, өңірлік кадр резервіне іріктеу белгілі бір кезеңдерден тұра ма, әлде сол қабылданған құжаттар бойынша бірден резервке алына ма?
–Иә, көп жастарымыз құжат тапсырсақ болды, әрі қарай әңгімелесу өтеді деп ойлайды. Бірақ, мемлекеттік қызметке, әсіресе, болашақта әкімшілік лауазымдық орындарға тағайындалатын болғандықтан, оларды зор жауапкершілік күтіп тұрғанын ұмытпау қажет. Сол себепті, кадрлық резервке іріктеу бір кезеңмен шектелмейді, 5 кезеңнен тұрады. Алдымен құжаттар қабылданады, ол ағымдағы жылдың 1-31 наурызы аралығында жүргізіледі. Екінші кезеңі екі блоктан тұрады. Алғашқысында Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу бойынша тест тапсырса, екіншісінде үміткерлер жеке қасиеттерін бағалау бойынша сыналады. Келесі кезеңнің шарты бойынша жастар ассессмент-орталығында арнайы бағалаудан өтеді. Одан әрі үміткерлерден құрылымдық сұхбат алынады. Соңында өңірлік кадр резервіне бекітілген комиссияның отырысы өтіп, резервке өтетін үміткерлер анықталады. Барлық кезеңдер ағымдағы жылдың 17 маусымына дейін аяқталуы тиіс. Әр кезеңнен кейін үміткерлердің жинаған ұпайлары ескеріліп, келесісіне талап бойынша белгіленген шекті саны ғана өткізіледі. Мысалы, құжат тапсырғандардың барлығы Қазақстан Республикасы заңнамасын білуіне байланысты тестілеуден өтуге жіберілсе, келесі жеке қасиеттерін бағалау кезеңіне олардың 50 пайызы ғана өтеді.
–Ассессмент-орталығында арнайы бағалау деген кезең бар екен. Жалпы, осы кезең туралы түсіндіріп өтіңізші.
–Бұл кезеңді үміткерлердің мінез-құлқын, әдептілік қасиеттерін бағалайтын жауапты бөлім десе де болады. Осы кезеңде олардың белсенділігі, өздеріне және ісіне сенімділігі, көшбасшылық қасиеттері, қызметті басқару, жағдайды талдау және мәселелерді шеше білу құзыреттері бағаланады. Бұл процесс топтық және жеке жаттығулар арқылы ұйымдастырылып, оны бағалауға сертификатталған сарапшы-бақылаушы мамандар шақырылады. Кезең қорытындысына сәйкес әр үміткерге қысқаша есеп нәтижесі әзірленіп, олардың жеке кабинетіне орналастырылады. Құзыреттерді бағалау ұзақтығы 6-8 сағатты құрайды.
–Құрылымдық сұхбат дегенді қалай түсінуге болады? Ол мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өтетін әңгімелесудің бір түрі ме?
–Бұған дейін айтып өткенімдей, ағымдағы жылдың 13-15 маусымы аралығында үміткерлер құрылымдық сұхбатқа қатысады. Әңгімелесуден айырмашылығы, өздері таңдаған бағытына сәйкес жоба қорғайды. Жобаны презентация форматында әзірлеп, қорғау барысында ұсынылып отырған идеяның мәні мен мақсатын, іске асыру кезеңдерін, орын алуы мүмкін проблемалық мәселелерін және күтілетін нәтижелерін ашып көрсетулері қажет. Жалпы, жобаны қорғауға 5 минут уақыт беріледі. Комиссия үміткерлерді талдау қабілеті, білімінің тереңдігі және коммуникативті дағдылары бойынша бағалайды, жоба бойынша да сұрақтарын қояды.
Өңірлік резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық сұхбатқа қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері және салалық сарапшылар шақырылады.
Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі, яғни, біздің департамент құрылымдық сұхбат жүргізуге дайындық кезінде үміткерлер туралы, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мәліметтерді, сондай-ақ, олардың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкестігін тексеріп шығады.
–Өңірлік кадр резервін іріктейтін комиссияның құрамына кімдер кіреді?
–Өңірлік кадр резервін іріктейтін комиссиялардың құрамы Президент Жарлығымен бекітілген. Оның құрамына төраға ретінде облыс әкімі, төрағаның орынбасары ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, яғни, мен, мүшелері ретінде облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық мәслихаттың және облыстық тексеру комиссиясының төрағалары кіреді. Олар үміткерлерді өңірлік кадр резервіне қабылдау туралы ұсынымдар шығарады, комиссия шешімдері негізінде біздің департамент өңірлік резервті құрады. Резервке қабылданған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің интернет-ресурстарында, сондай-ақ, онлайн-платформада жарияланады. Нәтижесінде комиссия ұсынған азаматтар іріктеуге қатысу туралы өтініште көрсетілген бағыттары бойынша Өңірлік резервке алынады. Жалпы, білімді, бастамашыл, халықтың игілігі үшін қызмет етуге дайын мамандар әрдайым сұранысқа ие, сондықтан, жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырамыз.
–Елімізде әрбір екі жыл сайын Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің жүргізілетінін ескерсек, өңірлік кадр резервінің мұнша қажеттілігі бар ма?
– Әрине, тұрақты негізде 2019, 2021 және 2023 жылдардағы Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерін өңіріміздің облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық деңгейлеріндегі басшылық лауазымдарына тарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Мысалы, жуырда облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуде резервшілерге облыс деңгейіндегі бос лауазымдар таныстырылды. Қазіргі уақытта резервшілер кейбір ұсынылған лауазымдарға қызығушылық танытуда. Өңірлік кадр резервіне алынған тұлғалар біздің департаментпен келісе отырып, Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік әкімшілік бос лауазымдарға конкурстан тыс тәртіпте тағайындала алады. Осылайша, өңірлік резерв бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру үшін арналған. Алайда, резервке іріктелу лауазымға орналасуға 100 пайыз кепілдік береді деуге болмайды. Бұл ең алдымен өзін көрсету, өз идеялары мен жобаларын алға тарту үшін жақсы мүмкіндік. Өңірлік кадр резервіне іріктеуге қатысу үшін онлайн-порталда бүгінге дейін 389-дан астам адам тіркелді. Олардың ішінде 283 адамның өтініші қабылданып, 263-і іріктеуге келесі кезеңге жіберілді. Қазіргі уақытта сарапшылар үміткерлердің құжаттарын тексеруді жалғастырып жатыр.
–Маңызды мәселе хақында жан-жақты баяндап берген байыпты әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.