Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Министр еліміздің таңдаулы ұстаздарымен кездесті - АРҚА АЖАРЫ

Министр еліміздің таңдаулы ұстаздарымен кездесті

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Қазақстанның Еңбек Ері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарын иеленген еліміздің құрметті педагогтарымен кездесті. Олардың қатарында Аягүл Миразова, Алина Соловьева, Алма Шукыжанова сынды отандық білім беру жүйесінің қалыптасу тарихында еңбегі сіңген, есімдері көпшілікке белгілі ұлағатты ұстаздар бар.  

Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Дегенмен білім жүйесін одан әрі жетілдіру үшін оны үздіксіз дамыту қажет деген ұстаз, әр мұғалім баланың рухани жан дүниесі бай, адамгершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуі керек екенін айтады.

– Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан, жас ұстаздар балалардың бойына тек академиялық білімді сіңіріп қана қоймай, адами қасиеттері мен моральдық принциптеріне де мән беріп, тәрбиелеуі қажет. Президент ұлттық құрылтайда басымдық берген құндылықтар барлық педагогикалық қауымдастық пен ата-аналар үшін темірқазыққа айналуы тиіс, – деп атап өтті Аягүл Миразова.

Өз кезегінде министр ұстаздарға бала оқытудағы ерен еңбектері үшін алғыс білдіріп, олардың үздік тәжірибелері  мен парасат-пайымдары өңірлерде таратылуы керектігін айтты.

– Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім болу – мансап емес, жоғарыдан берілген сый» деген еді. Мұғалімнің еңбегі ерен, өлшеусіз. Ал қазіргі педагог – ол көшбасшы, барлық әріптестері үшін үлгі болуы тиіс. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған мұғалімдер кәсіби сарапшы ретінде мектепті басқару ісіне,  тәрбие жұмыстарына қатысуы қажет, – деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі білім беру саласындағы кейінгі жылдардағы оң өзгерістерге тоқталды. Атап айтсақ, жалақы көлемін ұлғайту, жүктемені азайту, кәсіби біліктілікті арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тағы басқалары. Бүгінгі таңда еліміздегі 2 906 мектепте балалар бір ауысымда білім алуда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы елімізде алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатын бекітті.  2021 жылдан бері  46 педагог осы марапатты алса, үш педагог «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленді. Осы салтанатты кездесуге Ақмола облысының атынан «Ақмола облысы білім басқармасының Степногорск қаласы, №4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған «мектеп-лицей-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Үмітжан Еңсебаева қатысты.

– Білім министрінің Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздарын жинап, алғаш рет кездесу өткізгені мен үшін өте қуанышты жағдай.  Министр оқу-ағарту саласындағы атқарған және келешекте алға қойған  жоспарларымен  бөлісті. Кездесу барысында мұғалімдер де өз ұсыныстарын айтып,  өз ойларын ортаға салды. Министрдің өте қарапайым, әр ұстаздың айтқан пікірін жіті тыңдай білетіні және көрегендігі байқалды. Әр ұстазға сөз беріп, түйткілді мәселелерді барынша шешуге тырысатынын айтты. Осы кездесу барысында еліміздегі ғылым-техникалық және әлеуметтік мәдени жетістіктердің қарыштап дамуы үшін жастардың біліктілігі мен дағдыларын қалыптастыру қажеттігі айтылды. Білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтардың, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты екенін атап өтті. Аттестациялау туралы  мәселе қозғалды. Әр мұғалімнің өз пәнін жетік білуі керектігі және сол өз пәнінен тест тапсыратыны және ұстаз платформасы, мұғалімнің еңбегі оқушы еңбегі арқылы бағаланатыны туралы  айтты. Кездесу  екі жарым сағатқа созылып, өте керемет әсер алдық. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту  бірінші вице-министрі Н.Жұмаділдаева Қосшы қаласының базасында білім саласындағы алдағы жоспарымен таныстырды. Кездесу жоспары керемет ұйымдастырылған. «Сана» білім беру орталығына барып, экскурсия жүргізу барысында 16 үйірме жұмыс істейтіндігі  және оқушылардың өз қолдарымен жасаған жұмыстарымен таныстық. Қосшы қаласындағы гимназия мектебінен өте жоғары әсер алдық.  Аралау барысында жаңа технологиямен жабдықталған  кабинеттерді көрдік. Келесі аралауда №96 мектеп-гимназиясы базасында болдық. Қыркүйек айында ашылған мектеп алты айдың ішінде қыруар шаруа атқарғаны көрініп тұр. Және бұл мектептің ұстаздарының қонақжайлығы тәнті етті, – дейді ол бізбен болған сұхбатында.

Иә, ұстаз мерейі – ел мерейі. Ұлттық сананы жаңғырту,қазақстандық дербес өрлеу үлгісін қалыптастыруда ұстаздарға үлкен міндет жүктеледі. Бұл бағытта министрлік тарапынан  ұстаз мәртебесін биіктету, қазіргі білім беру құзыреттілігінің ауқымын арттырып, базасын жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды істер көңіл қуантады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар