Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Апаттан келген шығын есептеліп, өтеледі - АРҚА АЖАРЫ

Апаттан келген шығын есептеліп, өтеледі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су тасқынынан қалыптасқан жағдайға байланысты, Бұланды ауданына барып, зардап шеккен ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, табиғи апатпен күрес жөніндегі штаб отырысын өткізді.

Бұланды ауданында Жолболды, Бақсұқ және Қайрақты өзендерінің арналарының толуы салдарынан Капитоновка, Иванковка, Журавлевка және Вознесенка ауылдарының үйлерін су басты. Ауданда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай  жарияланды. Бүгінде елді мекендердегі жағдай тұрақтанды. Тұрғындар үйлеріне қайта  оралды.Қазіргі уақытта  жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға қоңырау шалу арқылы  қажетті көмекті анықтау және залал көлемін есептеумен айналысуда. Ауданның зардап шеккен ауылдарына Елорданың, Көкшетау қаласының, көршілес Біржан сал мен Бурабай аудандарының азаматтары 15 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді. Азық-түліктен басқа, жаңа киім-кешек, төсек-орын, резеңке етіктер және тұрмыстық тауарлар да бағытталған.

Журавлевка ауылдық округінің әкімі Татьяна Гильгербергтің айтуынша, әкімдік апат жөнінде әр тұрғынға алдын ала хабарлаған. Даладан су тез, 10 минутта келіп жетті.

― Апат кезінде бірінші күні 97 адам, екінші күні 214 адам эвакуацияланды. Ауыл әкімдігі тұрғындардың  негізгі бөлігін мектепте орналастырса, біреулері  туыстарына барып қонды.Мұндай су тасқыны ауданда соңғы рет 2017 жылы орын алған еді.  Алайда, биылғы  апат одан әлдеқайда күшті болды, – деп баяндады ауыл әкімі.

Өз кезегінде Марат Ахметжанов қазір аудандардың әкімдеріне су басқан барлық үйлерді тексеру, шығындарды есептеу және залалды өтеу үшін жұмыс тобын құру тапсырылғанын айтты. Бұланды ауданының әкіміне техникалық тексеру жүргізу  жөнінде тапсырма берілді. Аймақ басшысы міндетті түрде көмек көрсетіліп, залалдың өтелетініне уәде берді.

Сонымен бірге, Журавлевка ауылының тұрғындары жергілікті әкімдікке көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді. Күндіз-түні олар төтенше жағдай  қызметкерлерімен бірге, адамдарды қауіпсіз жерге орналастырды.Ауыл тұрғыны Татьяна Гоогенің айтуынша, қызметкерлер оның үш  науқас туыстарын өзінің  үйіне алып келуге көмектесіпті.

― Қиын сәтте бізге көмек көрсеткендердің барлығына алғыс айтқым келеді. Әсіресе, ауыл басшылығына.  Өйткені, олар тәулік бойы жұмыс істеді. Бізге гуманитарлық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да көмектесті,―деді ол.

Жалпы, ауыл тұрғындарының барлығы дерлік Татьяна Ивановнаның жұмысын өте жақсы бағалап, көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіруде.  Осыған байланысты облыс әкімі де оған  өз алғысын білдірді.

Бұдан кейін Бұланды ауданының әкімдігінде Марат Ахметжановтың төрағалығымен су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі штабтың  отырысы өтті.Күн тәртібінде аудандағы су тасқынының салдарын жою және халыққа келтірілген залалды өтеу мәселелері қаралды. Су тасқыны жағдайы туралы аудан әкімі Ардақ Смаилов кеңінен баяндап берді.

―Ауданағы су тасқыны бойынша жағдай тұрақтанды. Бақсұқ өзенінде су деңгейі төмендеп, қауіп азайды. Ауданда су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 22 арнайы техника, сондай-ақ, бір тікұшақ жұмылдырылды. Бақсұқ, Жолболды өзендерінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өзендердегі мұз қалыңдығына байланысты жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қиындықтар болды. 13 эвакуация пункті ұйымдастырылды. Қабылданған шараларға қарамастан, 11 сәуірде өзендердегі су деңгейінің күрт өсуіне байланысты 4 елді мекен су басу аймағында қалды. Бүгінгі күні барлық эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды,―деп баяндады Ардақ Смаилов.

Өз кезегінде Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы жедел штаб отырыстарында бірнеше рет су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету туралы тапсырма бергендігін ескертіп,  қазір халыққа көмек көрсету басты міндет  екендігін атап өтті.  Сондай-ақ, тұрғын үйлерді тексеру және материалдық залалды бағалау жөніндегі комиссияны дереу құруды тапсырып, апатсалдарын жою жөніндегі жұмыстардың ашық болуына назар аударды.

―Аталған комиссияға жергілікті қоғамдастық өкілдерін қосып, бағалау үшін лицензияланған ұйымдарды тарту қажет. Бұл жұмыс ашық және басы артық әуре-сарсаңсыз жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, барлық зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек көрсетіледі. Ең алдымен, барлық салдарларды жою және болашақта мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу керек. Мен бүгін Журавлевка, Капитоновка, Ивановка тұрғындарымен кездестім. Адамдар әкімдікке және төтенше жағдай  мен полиция қызметкерлерінің жұмысына алғыс білдіреді. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың жұмысында белгілі бір кемшіліктер бар екенін атап өткім келеді. Ендігі міндет – апаттың салдарын тез және дәйекті түрде  жоюымыз керек. Осыған  барлық күш-жігерді шоғырландыру керек,–деп қорытындылады өз сөзін Марат Ахметжанов.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар