Есірткіге қарсы күрес айлығы өткізілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай есірткіге қарсы айлықтың ашылуына арналды. Оған Ақмола облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Виталий Гудыменко, Ақмола облысы білім басқармасы басшының орынбасары Ботакөз Дүйсенова, психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Александр Высоцкий, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің психологы Сәуле Исаева қатысып, баяндама жасады.

­–Жыл сайын әлемде 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күнді БҰҰ Ассамблеясы 1987 жылы желтоқсанда бекіткен болатын. Бүгінгі таңда қылмыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес есірткіге қарсы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қоғамда есірткіні заңсыз пайдалануға және есірткі бизнесіне қатысуға саналы теріс көзқарасты қалыптастыра отырып, мемлекет құқық қорғау және алдын алу шараларын жүзеге асырып келеді. Ағымдағы жылдың басынан бері ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Есірткіге қатысты 68 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 21 сату фактісі, 7 аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтау, 2 трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, 36 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Полицейлер заңсыз айналымнан 53 келіден астам затты тәркіледі, оның ішінде 4 келі 98 грамм синтетикалық өнімдер, 34 келі 756 грамм гашиш, 4 келі 204 грамм марихуана бар. Ең алдымен, жастарға бағытталған нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарға үлкен мән беріледі. Жыл сайын құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, маусым айында Халықаралық нашақорлыққа және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған нашақорлыққа қарсы іс-шаралар және салауатты өмір салтын насихаттау айлығын өткізеді. Биылғы жылы да облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов есірткіге қарсы іс-шаралардың кешенді жоспарын бекітті. Айлық аясында облысымызда 100-ден астам түрлі профилактикалық іс-шаралар өтетін болады, – деді өз сөзінде есірткі қылмысына қарсы қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Виталий Гудыменко.

Ақмола облысы білім басқармасы басшының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың айтуы бойынша нашақорлық әрқайсымызға қатысты мәселе екенін түсінуіміз маңызды. Себебі, ол жас ерекшелігі, әлеуметтік және мәдени шекараларды білмейді. Біз бәріміз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана есірткісіз қоғам құра аламыз. Нашақолыққа қарсы іс-шаралар балалардың жазғы демалыс орындарында, мектеп жанындағы алаңдарда, аула клубтарында, қосымша білім беру ұйымдарында жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. 2024 жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қала сыртындағы 15 балалар сауықтыру орталығының базасында 14500 баланың қатысуымен өткізілетін болады.

Жыл басынан бастап облыстың 566 білім беру ұйымында, яғни, 537 мектеп және 29 колледжде  жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тартудың, алкогольге, есірткіге тәуелділіктің пайда болуының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 2830 іс-шара өткізілді.

Аталған іс-шаралармен жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің 100 мыңнан астам білім алушылары, 35 мыңға жуық ата-аналар қамтылды. Жұмыс барысында балалар мен ата-аналар көптеген пайдалы ақпарат алды, қылмыс жасау себептерімен, жасөспірімдерді қылмыстық ортаға тарту факторларымен, «Интернет» желісіндегі қауіпсіздікті бақылау шараларымен, психоактивті заттармен, олардың зияны туралы ақпараттармен, оларды пайдалану белгілерімен танысты, есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін жауапкершілік туралы заңның нормалары түсіндірілді. Жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар мен денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының өкілдері тартылды.

–Ақмола облысында барлығы 403 нашақор есепте тұр, оның 36-сы әйелдер, жасөспірімдер мен балалар жоқ, ­– деп бастады өз сөзін психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Александр Высоцкий. 2024 жылдың 4 айында 45 нашақор тіркелсе, оның 15-і бірінші рет ұсталғандар. Балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықпен ауыратындар болған жоқ. Біржан сал Астрахан, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Қорғалжын, Сандықтау аудандарында нашақорлық диагнозымен есепте тұрған адамдар жоқ. 2024 жылдың 4 айында наркологиялық стационарларға барлығы 193 науқас түсіп, 167-сі емделіп шықты. Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде барлығы 39 адам тіркелген, оның 4-еуі әйелдер, жасөспірімдер мен балалар жоқ. Қабылданған 39 нашақордың 35-і өз еркімен, 4-еуі мәжбүрлеп емдеуге жіберілді, әйелдер жоқ.

–Есірткіге қарсы айлық кезінде еліміздің әрбір азаматы осы ортақ іске үлес қоса алатынын еске салғым келіп отыр. Полиция қызметкерлері тек профилактикалық іс-шаралар кезінде ғана емес, азаматтардың көмегіне де дайын. Нашақорлық пен есірткі қылмысы мәселелеріне қоғамның назарын аудару, есірткі бизнесіне қарсы күресетін құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру, халықты, әсіресе, жастарды есірткіге қарсы дүниетанымға тәрбиелеуге бағытталған жұмыс әрқашан өз жалғасын таба береді. Осы орайда, полиция департаментімен бірлесе отырып, ата-аналармен кездесулер өткіземіз, оқушылар және студенттермен кездесеміз, әртүрлі тренингтер ұйымдастырамыз, – деді «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің психологы Сәуле Исаева. Іс-шара соңы сұрақ-жауапқа ұласты.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар