Ауданға оннан астам дәрігер жұмысқа келген

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралина өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап, Жақсы ауданы инвестициялық жобалар іске асырылып, әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келе жатқан аудандардың бірі екендігін атап көрсетті.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 766 миллион теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 127,6 пайызды құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 184 миллион теңгені құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Есепті кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 655 шаршы метрді құрады. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 2,5 миллиард теңгеден асады. Негізгі капиталға салынған инвестиция – бір миллиард теңге.

– Қазіргі таңда көктемгі егіс науқанын дер кезінде өткізу – басты міндетіміз. Аграршылар жауапты науқанға техниканың 100 пайыз дайын болуын қамтамасыз етіп, қажетті тұқым көлемімен қамтамасыз етілдік. Дегенмен, егін егу ауа райы жағдайына байланысты қиын соғып жатқанын айта кеткен жөн. Биылғы жылы жалпы құны 320 миллион теңгеден асатын 14 ірі жобаны іске асыру, яғни,  Жаңа Қима ауылында газ толтыру стансасының, Калинин ауылында дәрігерлік амбулаторияның, аудан орталығы Жақсы ауылында дүкендердің, Баяғыз ауылында мал бордақылау алаңының құрылысын салу міндеті тұр. Жол жабынының 82 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 18 пайызы жөндеуді қажет етеді. Көп жылдар бойы Жақсы-Чистополь тас жолы мен Чапаевское ауылына қатынайтын жол сын көтермей, биыл жөндеу жұмыстарына үш миллиард теңге бөлінді, – деді өз сөзінде аудан басшысы.

Көшелерді жарықтандыру мәселесіне келсек, бүгінге дейін Калинин, Чапаев, Тарасовка, Моховое ауылдарында осындай жұмыстар жүргізілді. Жыл соңына дейін Алғабас және Қазақстан ауылдарында да жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ауыз судың сапасын арттыру жұмыстары да жалғасын табады.

Денсаулық сақтау саласында өткен жылы ауданға 11 дәрігер келіп, дәрігерлер тапшылығы азайды.

Жақсы аудандық ауруханасының базасында жекеменшік медициналық орталық ашылды. Нейро-ортопедиялық ақауы бар 1,5 және 18 жас аралығындағы балаларға кешенді көмек көрсететін «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы күтілуде. Ауылдық фельдшерлік пункттер мен фельдшерлік пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайту жалғасуда, Калинин ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде. Брифингте су тасқынынан зардап шеккендердің жағдайын да сұрастырып білдік.

– Ауданда төтенше жағдай жарияланбағанымен, 15 үйді су басты. Олардың тоғызы апатты деп танылды, техникалық есеп бойынша, алтауы жөндеуді қажет етеді. Қазірдің өзінде зардап шеккендерге екі үй сатып алдық, қалған жетеуін жақын арада жеке инвестиция арқылы сатып алуды жоспарлап отырмыз.

«Тірегін су шайып кеткен Қима-Терісаққан тас жолы көпірінде қандай жұмыстар атқарылады?» деген сауалға аудан әкімі.

–Есіл өзенінің тасуына байланысты көпір қисайған. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтынан мамандар келіп, сараптама жүргізді. Олардың қорытындысы бойынша көпір күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл нысанның жобалық құжаттамасын әзірлеуге 77 миллион теңге қаржы қажет. Осының бәрі дайын болған кезде жөндеуді қаржыландыруға өтінім береміз, – деп жауап берді.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар