Облысымызда ЖШС директоры «О.» бұрынғы полиция инспекторы «К.»-мен бірлесіп, 2020 жылдың желтоқсаны мен 2022 жылдың қаңтары аралығында заңсыз түрде шетелден әкелінген көлік құралдарын тіркеуді ұйымдастырған. Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 55 жүк көлігі заңсыз тіркелген.
Қылмыстық әрекет барысында «О.» құжаттарды жинап, жалған төлем тапсырмаларын дайындап, арнайы «Халыққа қызмет көрсету орталығына» тапсырып отырған және «К.»-ның көмегімен көлік құралдарына техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір алып беріп отырған. «К». өз қызмет бабын теріс пайдалана отырып, жалған төлем тапсырмалары мен төлем фактісін жасыруға мүмкіндік беретін мәліметтер бойынша өтінімдерді кедергісіз бекітуді қамтамасыз еткен. Әрбір заңсыз тіркеуден «К.» 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін ақы алып отырған.
Осының салдарынан «О.» алдау жолымен Қылмыстық Кодекстің 195-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 232-бабының 2-бөлігі бойынша бірнеше рет жалған төлем және есеп айырысу құжаттарын дайындап, өткізген. Сөйтіп, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген. Ал, «К.»-ның көптеген адамдармен сөз байласып, қызмет бабын пайдаланып, алдау жолымен ірі мөлшерде залал келтіргені ҚК-нің 195-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сарапталды.
Сондай-ақ, жазаны тағайындауда сот «К.»-ның асырауында жас баланың болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерсе, жазаны ауырлататын жағдайға құқық қорғау органының қызметкері бола отырып, қызметтік бабын пайдаланып, құқық бұзушылық жасағаны жатқызылған. Оған қоса, сот шешімі «О.»-ның қылмысты жасаудағы белсенді рөлін, ауыр қылмыс жасағанын және материалдық залалды өтемегенін ескерді. Бұл ретте, жергілікті бюджетке түспеген материалдық залал сомасы шамамен 380 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда, сот үкімімен «О.»-ға 5 жыл, «К.»-ға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, әрқайсысы кейін 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Материалдық залал сотталғандардан мемлекет кiрiсiне екеулеп өндiрiлдi. Алайда, үкім әлі заңды күшіне енбегенін айта кетейік.
Сонымен қатар, сот осы жағдайға байланысты Көкшетау қаласының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының лауазымды тұлғалары тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуына тексеру жүргізу, істі сотқа дейінгі тергеу сатысында қадағалауды тиісінше жүзеге асырмау жағдайын көрсете отырып, облыстық прокуратураның атына жекеше қаулылар шығарды.
Ақмола облысының Көкшетау қалалық соты.