Әрбір балаға жүрек жылуымен қарауымыз керек

Жуырда облыс мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде облыстық және республикалық БАҚ өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды. Мәселен, Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласындағы «Балдырған» балабақшасында мекеме басшылығы өз  жұмыстары туралы  жан-жақты айтып  берді.

–Біздің балабақшада балаларды ұлттық мәдениетке, туған өлкенің салт-дәстүріне, тарихына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Осының барысында мектепке дейінгі тәрбие беруде этнопедагогика үрдістері қолданылады. Онда балалар ұлттық ыдыстармен, аспаптармен, ата-бабаларымыздың тұрмыстық бұйымдарымен танысады,– деп атап өтті балабақша директоры Райхан Ақпентаева.

Директордың айтуынша, мұндай әдістеме балалардың бойында жастайынан ұлттық құндылықтарды сіңіріп, патриоттық рухты тәрбиелейді.  Сонымен қатар, балалар қазақ хақының  әдет-ғұрыптарымен танысады.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда балабақшада 43 этнос өкілдері мемлекеттік тілде білім алуда.  Райхан Зейнолқызы ата-аналардың балаларын қазақ балабақшасына беруі  олардың бойында отансүйгіштік сезімді  оятып,  өзі тұратын елдің тарихын біліп, тілін  жетік меңгеруге  көмектесетінін атап өтті.

Баспасөз турында журналистерге балабақшада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи бассейн  мен өсімдіктердің 58 түрі өсетін қысқы бақ көрсетілді. Балалар қысқы баққа  мольбертпен келіп, сурет салады.  Бұл балабақшаның басты ерекшілігі болып табылады.

Осыдан кейін журналистер жобалық қуаты 360 орынды құрайтын, алайда, 500-ден астам оқушы екі ауысымда білім алатын Балуан Шолақ атындағы орта мектепке барды. Мектеп басшылығы  «Қазақстан халқына» қоры мектепті 250 миллион теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткендігін атап өтті.

–Былтыр  25 оқу кабинеті жабдықталды.  Яғни, STEM зертханасы, телевизиялық және көркемсурет студиялары мен кітапхана қосылды. Биылғы жылы бізде жаңартулар  мен өзгерістер  енгізілді. Қазіргі заманғы құрал-жабдықтардың арқасында тоғыз ай ішінде оқушыларымыз  халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетті. Мектебіміздің ұстазы мен оның екі оқушысы Түркияда өткен робототехника бойынша әлем чемпионатына қатысып, онда күзде болатын Италиядағы чемпионатқа  жолдама алды.  Сондай-ақ, ағымдағы жылы мектебіміздің мұғалімі Ләззат Ұстажанова кілем тоқу бойынша авторлық әдістемесі үшін еліміздің үздік педагогы атанды.  Бұл өте қуантарлық жағдай деп ойлаймын. Келер жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу  жоспарлануда, – деп атап өтті осы мектеп директоры Азамат Қуанышев.

Сондай-ақ, Ақкөл қаласының №3 негізгі мектебі озық технологияларымен ерекшеленеді. Онда инклюзивті кабинеттер барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және білікті логопедтер мен педагогикалық психологтар жұмыс істейді. Ал, сыныптағы барлық құралдар инклюзивті сабақтарға қатысатын оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға және арттыруға бағытталған.

–Ағымдағы жылы инклюзивті кабинет ашылды. Мектебіміздің бастауыш сыныптарында логопедке мұқтаж тоғыз және үйде оқитын бір оқушы бар. Құрал-жабдықтар мен әдебиеттер баршылық. Сонымен қатар, ерекшелігі бар балаларға арналған әмбебап  кабинет  те ашылды.  Бұл санаттағы балалармен жұмыс істеуге арналған барлық құралдар бар. Мен үшін мұндай кабинеттердің ашылуы және балаларға көмектесе алатынымды сезіну өте қуанышты. Біз қазірдің өзінде осы жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Сонымен қатар, мектепте жас тігіншілерге арналған тігін кабинасы, аспаздың негізгі дағдыларын үйренуге арналған ас үй  мен қыздар білім алатын аналар клубы жұмыс істейді,–дейді логопед Әлия Айбарбекова.

Білім мекемесінің хабарлауынша, ұстаздар Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, бар білімдерін облыстағы ауыл мұғалімдеріне беруде.  Үшінші жыл қатарынан  Ақкөл қаласындағы №3 негізгі мектеп тірек мектебі болып, жақын маңдағы ауылдардағы мектептердің білім деңгейін көтеруге ат салысып жатыр. Қазіргі таңда білім ордасында  35 оқу кабинеті жаңартылды. Сондай-ақ, көркем-телевизиялық студиялар, STEM зертханасы, акт залы және спорт залы бар. Оқушыларға мектептен тыс қосымша білім беру қамтамасыз етілген.

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Ақкөл ауданының Еңбек ауылындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен де танысты. Мұнда 180 миллион теңгеден астам сомаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Нақтырақ айтқанда, еденнен шатырға дейін барлығын ауыстыру көзделіп отыр.

–Біз осы мектепте сапалы, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Оны жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп үміттенеміз. Айта кетерлігі, биылғы жылы Starlink интернет желісі және жергілікті желі орнатылып, барлық кабинеттер үстелдік компьютерлермен, информатика кабинеті роботтардың 10 үлгісімен жабдықталды. Мұнда балалар робототехникамен де айналысады. Мектеп жан-жақты дамып келеді. Жастардың әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында біз Қорғаныс министрлігімен меморандум жасадық. 10-11 сынып оқушылары «Сағадат сарбаздары»  клубын құрды. Олар әскери бөлімге барып, саптық және тактикалық даярлыққа қатысады. Мектепте қыздарға да ерекше көңіл бөлінеді. Мектептегі «Әжелер» клубында аналар мен әжелер жастарға ұлттық дәстүрлерді көрсетіп, тоқу мен домбырада ойнауды үйретіп, ақыл-кеңестерін айтады, –деді мектеп қызметкерлері.

Облыстық білім басқармасындағылардың айтуынша, Ақмола облысында 46 инклюзивті қолдау кабинеті ашылған. Онда 159 мұғалім жұмыс істейді және 897 бала білім алады. Бұл балалар мен ата-аналарға  қолдау көрсету деген сөз. Ағымдағы  жылы облыстың барлық аудандары мен қалаларында инклюзивті білім беруді қолдауға 375 миллион теңге бөліп, 30 кабинет ашу жоспарлануда.

2020-2025 жылдарға арналған «Инклюзивті білім беруді қолдау бойынша ресурстық кабинеттер желісін кеңейту» жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай инклюзивті білім беруді қолдау үшін тағы 60 ресурстық кабинет ашу көзделіп отыр.

Жыл  сайын осы саладағы барлық өзекті мәселелер біртіндеп  шешіліліп жатқандығын атап өткен жөн. Оқушылардың тек республика бойынша ғана емес, әлем елдерінде жүлделі орындарға ие болып,  үлкен жетістіктерге жетуі еліміздің білім беру жүйесінің дамып келе жатқандығын көрсетеді. Алайда, мұндай үрдісті  сақтап қалу  үшін  білім саласындағы барлық ақаулар мен кедергілерді жою, сондай-ақ, проблемалық мәселелердің алдын алу, білім беруде жаңа озық жүйені енгізу  қажет. Әрбір қазақстандық бала сапалы білім алуға құқылы. Біз осы баспасөз турынан сондай ой түйіп қайттық.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар