Қоршаған ортаның тазалығы назардан қағыс қалмайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа Жолдаулары мен Үндеулерінде қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялаудың маңызды екенін айтып келеді.

Осы орайда, Ақмола облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады. Мысалы, 2024 жылдың 5 айында экологиялық реттеу бөлімі тарапынан электронды түрде 166 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Сондай-ақ, заң бұзушылыққа жол бермеу де біздің назарымызда. Осы бағытта талаптардың сақталуына жедел тексерулер жүргізіліп тұрады. Тексерулер аяқталғаннан кейін барлық кәсіпорындарға түзетудің нақты мерзімі көрсетілген заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылады. Бұл ретте, тексеру бойынша ағымдағы жылы өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 4,8 миллион теңгені құрады.

Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу шеңберінде келіп түскен жобаларға қатысты департамент тарапынан эмиссиялардың нормативтерін төмендету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Жобаларға сараптама жүргізудің сапасы мен мерзімдеріне ерекше назар аударылады. Және де, қоршаған ортаны қорғау мақсатында тиімді іс-шараларды енгізу жолымен нақты эмиссиялардың өсуін болдырмау және жою бойынша жұмыстар атқарылуда.

Жалпы облыс бойынша өткен жылдың қорытындысында кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 1,7 миллиард теңгеден астам қаржыға табиғатты қорғау іс-шаралары орындалды. Осылайша көзделген қаражатты толық игерілді. Бұл іс-шараларды іске асыру шеңберінде ведомстволар мен кәсіпорындардың аумақтарын және олардың санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру бойынша жүргізілген жұмыс көлемі 155,012 мың гектардан асты. Осы бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткізілген. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалғасын тапты. Акция аясында облыстың барлық өңірлеріндегі мекеме, кәсіпорын-ұйым, тағы басқа да органдар бірлесіп, ағаш отырғызу, аумақтарды қоқыстан арылту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қоршаған ортамыз таза болумен бірге, алдағы жылдары ауасы таза орманды алқаптардың аясы кеңейетін болады.

Сонымен бірге, өңірімізде 2023 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының деректеріне сүйенсек, 789 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. Департамент қызметкерлері аудандарға барып, анықталған қоқысқа мониторинг жүргізіп, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 631, яғни, рұқсат етілмеген полигондардың 80 пайызын жойды. Облысымыз ғана емес, елімізде өзекті мәселеге айналған бұл жағдай әрдайым назарда болып, нәтижелі жұмысын жалғастыра береміз. Кейде қоқыстарды жою шараларын қолданбағаны үшін лауазымды, заңды және жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл – олқылықтардың қайталанбауының алдын алудың тиімді бір жолы болып келеді. Бүгінгі таңда, облыс аумағында 23 полигон заңдастырылғанымен, 9 аудан және облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жаңа қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру полигондарын салу арқылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңсыз үйінділерді жойып отыру керек.

Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып өткеніндей вандализммен де табанды түрде күресуіміз керек. Бәріміз білетіндей, Ақмола облысының аумағында еліміздің туризм әлеуетін арттыруға арналған көрікті, шұрайлы жерлер көп. Біз оларды орынды түрде мақтан тұта аламыз. Оған қоса, көшелеріміз бен аула, кіре беріс жерлерді де ұқыпты ұстауымыз қажет. Біз солай ғана экологиялық мәдениеті қалыптасқан, таза әрі, әділетті Қазақстанды құра аламыз.

Қадырхан БЕЙСЕНБАЕВ,
Ақмола облысының экология департаментінің басшысы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар