Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өңірдегі ынтымақ пен бірлікті, түрлі этностар арасындағы татулықты, қоғамдағы келісімді нығайту ісіне өз үлесін қосып келеді. Оған дәлел, облысымызда мекен ететін әр түрлі ұлт өкілдерінің бірлесіп, тату-тәтті өмір сүріп жатуы.
Сөзімізді ресми статистикалық мәліметтермен жалғастырсақ, 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша Ақмола облысында 787976 адам, 100-ден астам этнос және этникалық топтар өкілдері тұрады. Оның 445647-сі қазақ, көп шоғырланған этностар 208 мың орыс, 39 мың украин, 29 мың неміс, 13 мың татар, 11 мың белорус және тағы басқа ұлттар өкілдері болып жалғасып кете береді. Мемлекет негізін құрайтын қазақ ұлты 56,5 пайызға жетіп отыр. Пайыздық көрсеткіші төмен этностардың саны он жеті мыңнан асса, ұлтын көрсетпеген үш жүз жеті адам бар. Аудандардағы этносаралық жағдай тұрақты. Облысымызда жоғарыда аталған ұлттардан құралған 48 этномәдени бірлестік тіркелген. Биылғы маусым айында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктеріне қосымша қоғамдық аккредиттеу өткізіліп, оның қорытындысы бойынша тағы үш этномәдени бірлестік осы сынақтан өткен. Олар: «Видергебурт» Бурабай аудандық неміс мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Дұнған республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы және Ұйғырлардың республикалық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша өкілдігі. Ал, «Дала өлкесінің казактар одағы» өңірлік қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы аккредиттеуден өткен жоқ. Оған себеп, биылғы жылғы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25.1-тармағы бойынша бірлестіктің мақсаттары, міндеттері мен қызметінің негізгі бағыттары талапқа сай келмеуі. Бүгінгі таңда барлық тіркелген қырық сегіз этномәдени бірлестіктің жиырма екісі ҚХА этномәдени бірлестіктерінің қоғамдық аккредитациясынан өтті.
Көкшетау қаласының Достық үйінде 17 облыстық этномәдени бірлестіктің жұмыс бөлмелері орналасқан. Бірлестіктер құрамына қазақ ұлтынан бастап, орыс, украин, татар, башқұрт, өзбек, құрд, әзірбайжан, чуваш, армян, кәріс, еврей, ингуш, түрік, поляк, тәжік сияқты ұлттар да кірген. Мекемеде этномәдени бірлестіктердің «Русская песня» халық ансамблі, «Ғалиябану», «Синегорье» вокалдық тобы, «АЛЛОН» лезгинка би мектебі және тағы басқа да шығармашылық ұжымдары табысты дамуда. Биылғы жылы облыстың этномәдени бірлестіктері 2800-ден астам адамды қамти отырып, 75-ке жуық іс-шара өткізді. Олардың ішінде «Этностар мәдениеті күндерін» өткізу, «Соллаль» кәріс жаңа жылы, «Ақ жаулық – талдаудың рәміздері» атты қырғыз мерекесі, шешендер мен ингуштардың Қазақстанда тұруының 80 жылдығына арналған естелік іс-шаралар, Мұса Жәлил күні, Масленица мерекесі және Чуваш Республикасынан қонақтар шақыра отырып, Чуваш орталығының құрылғанына 10 жыл толуын, «Русская песня» халық ансамблі мен «Синегорье» вокалдық тобы солистерінің шығармашылық кештерін атап өтуге болады. Оған қоса, түрлі этностардың белсенді атсалысуымен Алғыс айту күні, Наурызнама, Қазақстан халқының бірлігі күні, Астана күні, Домбыра күні өлкеміздің көптеген ұлттар өкілдері тоғысқан бірлігі жарасымды өңір екенін көрсете білді.
Сондай-ақ, Қоғамдық келісім мекемесі 8 қоғамдық құрылыммен өзара іс-қимыл жасайды. Атап өтсек, олар Ақсақалдар, Аналар және Медиация кеңестері, Журналистер клубы, Ғылыми-сараптамалық топ, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі, Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағы, Кәсіпкерлер қауымдастығының филиалы. Бұл қоғамдық құрылымдар Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы мен біздің мекеменің жобаларын іске асыруға белсенді қатысады. Мысалы, облысымызда зейнет демалысындағы қарттардың басын біріктірген Ақсақалдар кеңесі, әйелдерден құралған 104 Аналар кеңесі тәрбиелік мәні бар іс-шараларды үзбей өткізіп келеді. Сол сияқты, Достық үйінің базасында бір медиация кабинеті, аудандардағы он сегіз медиация алаңында 31 медиатор қызмет атқарады. Этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуде Журналистер клубының да орны ерекше. Оның құрамына облыстық, қалалық газеттер мен облыстық телеарнадан 17 журналист кіреді.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы қайырымдылық қызметін дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысқа этномәдени бірлестіктер, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары, еріктілер, бизнес өкілдері және меценаттар белсенді қатысады. Жылдың басынан бері жалпы сомасы 114,4 миллион теңгені құрайтын 63-тен астам қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, 19 мың адам қамтылды. Олардың қатарында мейірімділік күніне арналған қайырымдылық акциялары, ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы жәрмеңкелер, «Наурызнама» онкүндігін мерекелеу аясындағы «Жүрек жылуы» және Көкшетау қаласының Аналар үйіндегі «Балаларға жылу сыйла» акциялары, Құрбан айт мерекесі, Астана күні мерекесіне орай өткізілген қайырымдылық акциялары және су тасқыны кезеңінде тұрғындарға көрсетілген көмек түрлері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы желісі бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар кезеңінде мекемеміздің бұрынғы басшысы Ермек Нұғымановтың басшылығымен штаб құрылып, табиғат апатынан зардап шегушілерге ұйымдар мен тұрғындар тарапынан жалпы сомасы 22 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.
Мекемеде мемлекеттік тілдің рөлін арттырып, оны ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Мекеме базасында мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы жұмыс істейді, оның құрамына әр түрлі этностардың мемлекеттік тілді жетік меңгерген 25-тен астам жас өкілдері кірген. Өткен жылы Достық үйінде кәсіби, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және тіл деңгейін одан әрі арттыру мақсатында «Мәміле» мемлекеттік тілді дамыту клубы ашылды. Клуб қатысушыларымен сабақ әр аптаның сенбі күндері үш жас тобында да тегін өткізіледі. Қатысушылардың жалпы саны елу адам. Өзге этностардың ана тілдерін үйренуге де назар аударылуда. Қазіргі уақытта мекеме құрылымында поляк, неміс, корей тілдерінде үш тілдік топ жұмыс істейді.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз» деп атап өткен еді.
Осы ретте, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мүшелерінің саны 123 адамды құрайды, оның 17 пайызы жастар. Ассамблея құрамында этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қандастар, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Ақмола облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 24 адам кіреді. Өңірде Ассамблеяның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін облыс орталығы Көкшетау қаласында біздің Қоғамдық келісім мекемесі, Степногорск қаласында Достық және шығармашылық үйі, Зеренді және Целиноград аудандарында Достық орталықтары жұмыс істейді.
Соның ішінде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру міндеті жүктелсе, өткен кезеңде осы мақсатта 12 мыңнан астам адам қамтыла отырып, 200-ге жуық іс-шара өткізілді. Мекеменің жобалық кеңсесінің қызметі ретінде этномәдени бірлестіктер және Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қоғамдық құрылымдары бірлесіп іске асыратын «Ел бірлігі», «Тұлғатану», «Бірлігіміз әралуандықта», «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ», «Әже тәрбиесі – ұлылықтың дәні», тағы басқа да жобалар аясында атаулы күндер мен ұлы тұлғаларымыздың өнегелі өмірін, ерлік және еңбек жолын өскелең ұрпаққа насихаттауда біраз мақсатты жұмыстар атқарылды. Тарқатып айтсақ, «Тұлғатану» жобасы аясында «Чинсон» корей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп, қазақтың ұлы ғалымы, Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған тартымды кеш өткізді. Іс-шараға көп жылдар бойы Сәтбаевтың өмірі мен қызметін зерделеп жүрген еңбек ардагері Мейрамбек Қиықов, Көкшетау университетінің аға оқытушысы Еркін Киккаринов, жастар және басқа да қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысты. Сол сияқты, «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» бірлестігінің мүшелері Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин және Бауыржан Момышұлы туралы келелі отырыс өткізіп, осынау ұлт мақтаныштары туралы тың деректерді ортаға салды. Бұндай іс-шаралар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да ұйымдастырылып жүр. Халыққа мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында этносаралық қатынастар жөнінен құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері бекітілген жоспар шеңберінде түрлі ұлт өкілдері жинақы тұратын аудандарға шығып, 26 көшпелі кездесу өткізді.
Міне, ұлтаралық келісім мен татулықты басты назарда ұстап, осы бағытта жүргізіп келе жатқан жұмыстарымыз алда одан әрі жалғаса түсуіне, сөйтіп, елімізде жарқын көрініс тапқан ауызбіршілігіміз арта беруіне берік дәнекер болып отырған «Қоғамдық келісім» мекемесінің қашан болсын, алған беттен таймай, тек осы мерейлі міндеттің басы-қасынан табылатынына сеніміміз мол.
Айгүл НҰРМАҒАНОВА,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Қоғамдық келісім» коммуналдық
мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы.