Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағыдай қыркүйектің басында ел халқына Жолдауын арнады. Онда елімізді одан әрі дамыту үшін айқын да нақтылы қадамдар жасау қажеттігі ескертілді. Соның ішінде өндірістік әлеуетті арттыру ісіне біздің өңірдің де атсалысып, күш жұмсауы қажет деп білеміз.
Президентіміз «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің өнеркәсіптік әлеуетін толыққанды ашу үшін жүйелі күш-жігер жұмсауды тапсырды. Ал, ел экономикасын дамытуда Ақмола облысы Қазақстанның индустриалды-аграрлық аймағы ретінде үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Қазіргі уақытта облыс экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған сала ол – өнеркәсіп саласы. Ол облыстың жалпы өндірілген өнім жалпы көлемінің үштен бірін құрауда. Биылғы 8 айдың қорытындысына сүйенсек, өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 1,2 триллион теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 960,8 миллиард теңгеге жетті. Облыстың өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлес салмағы 77,2 пайызды құрайды. Өңірдің өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары металлургия, машина жасау және тамақ өнімдері болып табылады. Тамақ өнімдерін өндіру биыл біраз артты, өсімдік майы 32,3 пайызға, өңделген сүт 22,9 пайызға, ұн 17,5 пайызға ұлғайды. Машина жасау саласында тракторлар өндірісі 34,9 пайызға, мойынтіректер өндірісі 45,1 пайызға көбейсе, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау бөлігі 1,8 есеге дейін өсті.
Ел Президенті өз Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығын да атап өтті. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының аралығында облыс экономикасына 289,6 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Жалпы, жеке инвестициялар есебінен әртүрлі саланы қамтитын, әрі 190 миллиард теңгені құрайтын 198 жобаны іске асыру жоспарланып, соның есесінен 1,7 мыңнан астам жұмыс орны ашылатыны көзделген болатын. Өңіріміздің ерекшелігін ескере отырып, инвестициялар негізінен, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және туризм салаларына бағытталып отыр. Бүгінгі таңда осы жоспарлы жобалардың 64-і іске асырылып, 46,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде ең ірілері – Көкшетау қаласындағы жылына 48 мың тоннаға дейін бұршақ және дәнді дақылдарды қайта өңдейтін кешеннің құрылысы болса, екіншісі Целиноград ауданындағы 1500 бас ірі қара ұсталатын тауарлы-сүт фермасы. Бұл екі ірі жобаның алдыңғысына 1,2, соңғысына 6,2 миллиард теңгеден инвестиция тартылуда. Сондай-ақ, ірі жобалар қатарына жаңартылатын энергия көздері саласы бойынша Аршалы ауданында жалпы сомасы 25,3 миллиард теңгені құрайтын Софиев және Арқалық жел электр станциялары енгізілді. Жыл соңына дейін 134 жобаны аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Олардың ішінде аса ірілеріне тоқталсам, олар «САРЭКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электролиттік марганец өндірісі, «QAZAQ FOOD market» серіктестігінің жарма өндіру зауыты, «Целингормаштың» металл бұйымдарын өндіруді жаңғырту жұмыстары, «KazRost engineering» жеке компаниясының дилерлік орталығының құрылысы. Ағымдағы жылдың осы инвестициялық жобаларын іске асыру құрама жем мен жарма, темірбетон бұйымдары, кірпіш өндірісін игеруге, металл бұйымдарын шығару өндірісін жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы техникасы, ет өндіру бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Аршалы ауданының аумағында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағының инфрақұрылымын салу мәселелері пысықталуда. Мұнда индустриялық аймақтың тиімді инвестициялық жобалармен толтырылуына ерекше назар аударылатын болады. Жобаларға қойылатын негізгі өлшемдер бәсекеге қабілеттілік, экспортқа бағдарлану, инновациялық технологияларды қолдану. «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыруды басынан-аяғына дейін пайдалануға беруге шейін сүйемелдеу мақсатында Астана қаласында «Aqmola Invest» инвестицияларды дамыту орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері орталық базасында 35 кездесу өткізіліп, оның ішінде 20 шетелдік компаниямен 390 миллиард теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыру және ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Оның ішінде Атбасар ауданында локомотив-құрылысы, Бурабай және Зеренді аудандарында салынатын екі биогаз, азаматтық дрондар өндіру зауыттарының құрылыстары бойынша мәселелер пысықталды.
«Ең бастысы салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет» деген болатын Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында. Осылайша кәсіпкерлік саласындағы сапалы өзгерістердің, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына басымдықпен қол жеткізудің қажеттілігі атап өтілді. Бүгінде бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілері кредиттер сыйақысының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кредиттерге ішінара кепілдік беру, гранттық қаржыландыру және жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады. 2024 жылы бірыңғай кешенді бағдарлама аясында бизнесті дамыту мен қолдауға өңірімізде 10,8 миллиард теңге қарастырылды. Оның 7,1 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалғаны облыстық бюджет қаражатынан бағытталды. Қыркүйек айына дейін осы қыруар қаржының 7,2миллиард теңгесі игеріліп, 618 жобаға қолдау берілді.
Бүгінде елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік деген ұғым кеңінен танылды. Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы Заң алғаш рет азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ететін осындай кәсіпкерлердің жеке мәртебесін анықтады. Бүгінде өңіріміздің 28 кәсіпкері әлеуметтік кәсіпкерлік субьектілерінің тізіліміне енгізілді. Кәсіпкерлердің осы санаты үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету, гранттық қаржыландыру, кредиттер бойынша ставкаларды субсидиялау, мүліктік қолдау, салықтық жеңілдіктер, оқыту, ақпараттық сүйемелдеу, іскер әріптестерді іздестіруге жәрдемдесу, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту секілді қолдау шаралары көрсетіледі. Жалпы, облыс әкімдігі өңірдегі бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту үшін барлық шараларды қабылдауда. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс жалғаса түсетін болады.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілуде. Облыста осы табиғи апаттың салдарынан 28 шағын және орта бизнес субьектісіне залал келтірілді. Аймақтық комиссия 26 бизнес субьектісіне 127,5 миллион теңгенің қолдау-көмегі қажет деген шешім шығарып, олардың 22-сі бүгінде тиісті қаржылық қолдауды иеленді.
Жалпы, басқарма өзіне жүктелген функцияларды атқарып, Мемлекет пен облыс басшылығының тапсырмаларын орындау бойынша алда да ұмтылыспен жұмыс істей беретін болады. Бұған Президентіміздің биылғы Жолдауы жаңа серпін берері айдан анық.
Ербол ОСПАНОВ,
Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.