Бар әсемдік пен жайлылық Қопа көлінің жағалауында болады

ӘКІМ – іс үстінде 

Облыс орталығында қала аумағын абаттандыру және әлеуметтік нысандарды салу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жақын арада көкшетаулықтар мен қала қонақтары жаңа веложолмен серуендеп, Қопа көлінің жаңартылған жағалауымен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өткен күндері аталған нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Ұзындығы 12 шақырым болатын велосипед және жүгіру жолақтары қаланың солтүстік бөлігіндегі негізгі көшелер бойымен өтеді. Қазіргі уақытта аумақты тазалау, асфальт төсеу және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, бұл – қаладағы велосипед инфрақұрылымын дамытуға бағытталған алғашқы ауқымды жоба. «Qazaq Sity Stroy» ЖШС өкілі Ринат Минкиннің айтуынша, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Веложолдың ені әртүрлі: кейбір учаскелерде 1,5 метр, ал кейбірінде 2 метрге дейін жетеді. Қазіргі таңда асфальтбетон жабыны төселуде.

Осында болғанында әкім Копа көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударды. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қазцинк» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

«АБК Автодор НС» ЖШС жобасының жетекшісі Асхат Ғалымжановтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмыстардың шамамен 80 пайызы орындалған. Жұмыс басына барлық қажетті құрылыс материалдары жеткізілген. Бір мезгілде шағын сәулет нысандары орнатылып, ағаш отырғызу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жобаланған аумақ шартты түрде үш аймаққа бөлінген және әрбір аймақта құрылыс жұмыстары белсенді атқарылуда.

Нысан бірнеше ерекше элементтерден тұрады. Олардың бірі – ел аумағында баламасы жоқ скейт-алаң. Бұл нысанды жобалау мен іске асыру үшін Ресей Федерациясынан арнайы мамандар шақырылған.

Сонымен қатар, жобаның екінші аймағында биіктігі 5 метрге дейін жететін арқанды саябақ, футбол алаңы мен амфитеатр орналастырылады. Қазіргі таңда амфитеатрды орнату жұмыстары басталды. Оны және арқанды саябақтың жұмыстарын таяу күндері толық аяқтау жоспарланып отыр.

Жобада жарықтандыру мәселесіне де баса мән берілген. Аумақта биіктігі 5-тен 8 метрге дейінгі үш түрлі заманауи жарық тіректері орнатылады. Әр аймақ сапалы жарықпен қамтамасыз етіліп, толық абаттандырылады. Мұнда сондай-ақ, фудкорт аймақтары мен келушілерге арналған өзге де қолайлы жағдайлар қарастырылған.

– Жаңа нысандар ең алдымен тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс. Құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасы белгіленген талаптарға сай болуы керек, – деді осы ретте, құрылысшылар алдында тұрған міндеттерді пысықтай келе облыс әкімі.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар